Израиль Ливанда құрлықтағы операциясын бастады

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Ливандағы "Хезболла" тобына қарсы құрлықтағы операциясын бастады. 1 қазан, 2024 жыл.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) барлау деректері негізінде Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" нысандары мен инфрақұрылымына қарсы құрлықта шектеулі рейд бастағанын хабарлады.

Израиль армиясы басшылығы әскери бөлімшелері Ливан аумағында "шектеулі, мақсатты рейдтер" бастағанын айтты. Израиль мәліметінше, нысандар "шекараға жақын ауылдарда орналасқан, олар Израильдің елді мекендеріне тікелей қауіп төндіріп тұр".

Құрлықтағы операция алдында Израиль армиясы Ливан аумағындағы "Хезболла" тобымен байланысты нысандарға әуеден жаппай шабуыл жасады. Сарапшылардың пікірінше, Израиль 2023 жылғы 7 қазанда ел аумағына басып кірген "ХАМАС" тобына қолдау білдірген және былтыр қазаннан бері Израильді атқылауды әдетке айналдырған "Хезболламен" әскери қақтығысты тоқтатуға тырысып жатыр. Израильдің солтүстігін атқылағаннан кейін ондағы елді мекендерден ондаған мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Израиль Ливандағы әскери операцияның ресми мақсаты – тұрғындарды үйіне қайтаруға жағдай жасау деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ірі державалар Израиль мен "Хезболланы" бітімге шақырды

The New York Times газетінің ақпаратынша, басқыншы күштер шағын топтардан тұрады. Қажет болса, Ливан аумағына үлкен контингенттер де тартылуы мүмкін.

Операция жоспары 30 қыркүйек кешке Израиль үкіметі отырысында мақұлданды. ЦАХАЛ мәлімдемесі Израиль қарулы күштерінің телеграм-арнасында жарияланған.

Дереккөздеріне сүйенген AFP және Reuters агенттіктерінің жазуынша, Ливан армиясы оңтүстіктегі шекарадан әскерін бірнеше шақырымға шегіндірген.

  • "Хезболла" – Ливанның оңтүстігінде шииттер көп шоғырланған аудандардың басым бөлігін бақылайтын қарулы топ және саяси партия. АҚШ "Хезболланы" террористік ұйым деп атайды. Ал Еуропа одағы "Хезболланың" қарулы қанатын ғана террористік деп таныған. "Хезболла" партиясы Ливан парламентінде де отыр.
  • АҚШ пен Еуроодақта "террористік" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы 2023 жылы қазанда Израильге тұтқиылдан шабуыл жасағаннан кейін "Хезболла" тобы Израильдің солтүстігін атқылаған. Кейбір елді мекен тұрғындары эвакуацияланған. Израиль бұған жауап ретінде "Хезболла" нысандарына соққы бере бастаған.
  • Бұл қақтығыс қыркүйекте "Хезболла" мүшелерінің пейджерлері мен рациялары жарылғаннан кейін күшейе түсті. Сол жарылыстардан бірнеше ондаған адам қаза тауып, үш мыңға жуық адам жараланған. "Хезболла" мұны Израиль істеді деп айыптады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Бейрут орталығына әуеден шабуыл жасады