Швейцария мен Италия ғаламдық жылыну салдарынан мұздықтар еріп жатқанына байланысты Альпі тауындағы шекарасын өзгертеді. Екі ел арасындағы келісімнің бастапқы нұсқасын Италия-Швейцария бірлескен комиссиясы 2023 жылғы мамырда әзірлеген. 27 қыркүйекте Швейцария оны ресми түрде мақұлдады, ал Италия мұны жақын арада істеуі керек.
Шекара Роза үстірті, Каррель панасы және Гоба-ди-Роллин аймақтарында өзгермек. Ол жақта Альпідегі биік Маттерхорн шыңы мен тау шаңғысы курорттары орналасқан.
Шекараны қайта бөлу мәселесі таулардағы шекараның көп бөлігі табиғи сызықтар бойынша (тау жоталары, мұздықтардың шеті немесе қар қабатына байланысты) өтетінінен туындаған. Температура көтерілуіне және мұз бен қар еруіне байланысты көптеген белгі жылжыған.
Швейцария жағы шекараны өзгерту кезінде екі елдің экономикалық мүддесі ескеріледі деді. Нақты қандай өзгерістер болғаны келісімге қол қойылғаннан кейін жария етіледі.
Швейцария мұздықтарын бақылау қызметінің мәліметіне сәйкес, температураның көтерілуіне байланысты Швейцарияда 2023 жылы Альпідегі мұз қабатының 4 пайызы, 2022 жылы – 6 пайызы кеміген. Екі жыл ішінде мұздық ауданы 10 пайыз қысқарған, бұл көрсеткіш 1960 жылдан 1990 жылға дейінгі үш онжылдық көрсеткішіне тең. Кейінгі жылдары Альпіде жаз ыстық болып, ал қыста қар аз түсетін болған. Кейбір шағын мұздық жойылып кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ғаламдық жылыну салдарынан Альпі бөктерінде кактус қаптап кеткен