Accessibility links

Ғаламдық жылыну салдарынан Альпі бөктерінде кактус қаптап кеткен


Ғаламдық жылынудың салдарынан Швейцарияның Вале кантонында Альпі тауының бөктерінде кактус қаптап кеткен. Жергілікті өсімдік жабынының үштен бірін құраған кактустар биоалуандыққа қауіп төндірген.

Кактустар туралы есеп жазу тапсырылған геология профессоры Питер Баумгартнердің айтуынша, опунция өсімдігі 15 градус аязға оңай төзеді, бірақ оған құрғақ жер керек. Ол "қар жамылғысын жатырқайды".

Италия ғалымдарының жуырдағы зерттеуіне сәйкес, Альпі тауында қар, орташа тарихи мәнмен салыстырғанда, шамамен бір айға аз түсе бастаған. Мұндай жағдай кейінгі алты ғасырда болмаған. Швейцария метеорология және климатология федерациялық басқармасының мәліметінше, 800 метр биіктікте қарлы күндер, 1970 жылмен салыстырғанда, екі есе кеміген. Швейцарияда жылыну 2,4 градусқа дейін жеткен.

Солтүстік Америкадан Швейцарияға 18-ғасырға дейін әкелінген опунция қазір табиғи қорықтарға жайылып, биоалуандыққа қауіп төндіріп жатыр.

"[Әр опунция "жапырағы"] топырақты жауып, өзге өсімдіктердің өсуіне жол бермейді" деді Вале кантонының табиғатты қорғау қызметінің өкілі. Кактус "экспансиясына" Швейцарияның екі кантоны мен Италия алқаптарындағы халық алаңдап отыр.

Жуырда Валеде опунцияны отау кампаниясы басталады. Алайда кактус – өте төзімді өсімдік. Баумгартнердің айтуынша, оларды тұтас жою мүмкін емес, таралуын ғана шектеуге болады.

XS
SM
MD
LG