1 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында тұратын белсенді Серік Ыдырышевтің үйіне полиция барып, әлеуметтік желіде АЭС-ке қарсы митинг өткізу туралы жазбаларды бөліскені үшін оның үстінен хаттама толтырды. Белсендіге "бейбіт жиын ұйымдастыру туралы заң талабын бұзды" деген айып тақты. Түсте аудан орталығында соты өтіп, оны 10 күнге қамады. Ыдырышев әркімнің пікір білдіру еркіндігі бар деп, айыпты мойындамаған.
Ыдырышев үйіне полиция келгенде Facebook желісінде тікелей эфирге шыққан. Видеодағы полиция өкілі "Төребек Сағындықовтың видеосын Facebook парақшаңызға қойғансыз, 13 қыркүйекте халықты митингіге шақырғансыз. Сол бойынша сізге хаттама толтырамыз. Қаулыны сот шығарады" деп айтады.
– Бұл хаттаманы заңсыз деп санаймын. Саяси қудалаудың нәтижесі. Өйткені елімізде болып жатқан жағдайларға көзқарасымызды ашық айтып жүргеніміз үшін саяси қудалау деп есептеймін, – дейді видеода Серік Ыдырышев.
Белсенді екі апта бұрын жариялаған видеосына полицияның референдум таяған сәтте келуі – мәселенің саяси астары барын білдіреді деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бірқатар қалада билік АЭС-ке қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді
6 қазанда Қазақстанда "АЭС құрылысын салуға келісесіз бе?" деген жалғыз сұрақ бойынша референдум өтеді. Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ке қарсылар ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады, жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп дейді. АЭС-ті жақтайтындар Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек, атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз деген уәж айтып жүр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергия өндірудің бұл түріне қолдау білдіріп, Қазақстан "энергия көзінің сенімді де экологиялық таза түріне" мұқтаж екенін, АЭС "экономиканың жылдам өсіп жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыратынын" айтқан.
Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан билігі төрт ел – Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея әзірлеген ұсыныстар бар деп хабарлаған. Кей сарапшы таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түседі деп қауіптенеді. Олар Қазақстандағы АЭС-ті "Росатом" салса елдің Мәскеуге тәуелділігі арта ма деп сескенеді.
Қыркүйектің соңында Алматы, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл, Орал және Шымкент қалаларында жергілікті билік белсенділерге "АЭС керек емес" деген тақырыпта митинг өткізуге рұқсат бермеді. Белсенділер шараны 6 қазанда, референдум болатын күні өткізгісі келген. Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының әкімдігі де жергілікті қоғам белсендісі Назар Асайыновқа 6 қазан күні митинг өткізуге келісім бермеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы: халықтың экологиялық құқығы сақталып жатыр ма?