Референдумда тәуелсіз бақылаушы болғандар қысым көргенін айтты

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыұлттық референдум. Астана, 6 қазан 2024 жыл.

АЭС салу туралы референдум кезінде дауыс беру учаскелеріндегі жағдайды көрген бірнеше тәуелсіз бақылаушыны учаскеден қуып шықты.

6 қазан кешке Алматыдағы "Жас сайлаушылар лигасының" бақылаушысы Александра Мусинаны полицияға апарған. Оның алдында бақылаушыны қаладағы №237 референдум учаскесінен шығарып жіберген. Референдум комиссиясының мүшелері Мусинаның үстінен "хатшының жұмыс компьютеріне жақындап, оны сөндіріп қойды, деректер сақталмай қалды" деп акт толтырған.

"Жас сайлаушылар лигасы" қарайтын "Қазақстан жастары ақпараттық қызметі" ұйымы Мусинаға оны учаскеден шығару туралы актіні бермеді, учаскеден шыққаннан кейін оны полиция қызметкерлері ұстап, Бостандық ауданының полиция басқармасына апарды деді.

Алматы полициясы бұл жайтқа байланысты түсініктеме берген жоқ. Азаттық қоңырауларына ешкім жауап бермеді.

"Олар мені компьютерді сөндірді деп акт толтырды. Бірақ компьютерді сөндіру үшін оның түймесін басу керек, мен комиссия төрағасы тұрған жерде тұрдым, кабельдерге аяғым абайсызда тиіп кетті. Бірақ содан кейін олардың өзі сол кабельдерді басқан және мен тұрған жерде тұрған кезін видеоға түсірдім" деді "Жас сайлаушылар лигасының" бақылаушысы Александра Мусина полициядан шыққан соң.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркістан облысында бюллетеньді топтап салу телефонға түсіп қалған

"Жас сайлаушылар лигасының" тағы бір бақылаушысын 6 қазанда референдум учаскесінен шығарған. Александра Ким Алматыдағы №55 учаскеде бақылаушы болған. Оны "дауыс беру процесіне кедергі келтірді" деген. Азаттықтың қолына түскен актіде "бақылаушы дауыс беретін залдағы тәртіпті сақтамай, комиссия мүшелері дауыс беруге бюллетень беретін жердегі жеке деректерге рұқсатсыз жақындады" деп жазылған.

"Қазақстан жастары ақпараттық қызметі" ұйымының хабарлауынша, бақылаушы комиссияның учаскеге жақын маңдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жатақханасында тұратын студенттерді дауыс берушілер тізіміне талонсыз қосып жатқанын жазып алған, содан кейін оны учаскеден шығарып жіберген. Ұйымның ақпаратына қарағанда, комиссия тізімге тағы 12 адамның аты-жөнін қолмен түсірген. Комиссия бақылаушы анықтаған заңсыздық бойынша актіге қол қоймаған деп хабарлады "Қазақстан жастары ақпараттық қызметі".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бақылаушы: полиция референдум күнгі "карусель" жайлы видеоны өшір деп қолқа салды

Алматыдағы №515 учаскеде бақылаушы болған "Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының мүшесі Аружан Әбуованы "комиссия жұмысына кедергі келтірді, учаскеде дөрекі сөйлеп, рұқсатсыз фото-видео түсірді" деп, түске қарай полицейлер көмегімен қуып жіберген. Полиция Әбуованы Наурызбай аудандық полиция бөлімшесінде үш сағат ұстап, артынан босатқан. "Билікшіл бақылаушы маған шүйлігіп, әдейі арандатып отырды" деді ол. Абуова бір адамның екі бюллетень салып жатқанын көріп, видеоға түсіріп, учаскедегі комиссия төрағасына айтқан.

"Дауыс" қоғамдық қорынан келген бақылаушы мен тұрған кезде тұрып, маған дауыс көтере бастады. "Сіз неге ары-бері жүрсіз, неге сөйлеп, төрағаға тиісіп жатырсыз?" деп маған қысым көрсете бастады. Бұл - алдын ала келісілген нәрсе. Ол бақылаушыға мен қарап тұрдым. Ол жай ғана ойын ойнап отырды, референдумды мүлде бақылаған жоқ. Қанша адам келіп-кеткенін жазатын қағазы да болған жоқ. Жай ғана мені сол учаскеден қуып шығу үшін отырды" деді Әбуова.

"Тәуелсіз бақылаушылар" ұйымының тағы бір мүшесі Мұхтар Ескендірұлы да учаскеден шығып қалған. Ол Алматыдағы әскери бөлім ішіндегі №643 учаскеде дауыс беруді бақылап, кешке санақ біткен соң хаттама сұраған. Оның айтуынша, осы әрекеті үшін референдум учаскесінің төрағасы "дауыс беру процесіне кедергі келтірді" деп, полиция шақырған. Олар бақылаушыны бөлімшеге апарып екі сағаттай тергеп, кейін қолына ешқандай құжат бермей босатқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев учаскесін өзгертті, Назарбаев бақыт пен табыс тіледі: Астанада референдум қалай өтті?

6 қазанда Қазақстан азаматтары жалпыұлттық референдумда "Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа жауап берді. Бюллетеньде "иә" немесе "жоқ" деген екі жауап болды. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысына сәйкес, дауыс беру құқына ие 12 284 487 Қазақстан азаматының 63,66 пайызы, яғни 7 820 204 адам таңдау жасаған. 5 561 937 адам АЭС құрылысын қолдап, 2 045 271 адам қарсы дауыс берген.

Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, АЭС құрылысын ең көп қолдаған аймақ – Қостанай облысы (82, 18 пайыз), ал ең көп қарсы дауыс берген – Алматы қаласы (39, 24 пайыз).

Референдумға халқы ең көп қатысқан өңір – Қызылорда облысы (82, 23 пайыз), бұл көрсеткіш бойынша ең төменгі орында – Алматы қаласы (25, 21 пайыз).

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаевтың батасы, белсендінің наразылығы. Референдум қалай өтті? – AzatNEWS | 06.10.2024