Үндістан Ресейге тасымалдауға тыйым салынған аса маңызды технологияларды экспорын арттырып, Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты. Бұл туралы америкалық және еуропалық шенеуніктерге сілтеп, Bloomberg агенттігі хабарлады.
Басылымға сұхбат берген дереккөздердің айтуынша, сәуір мен мамыр айларында Үндістан Ресейге жіберген микрочип, схема, станок сияқты тасымалдауға санкция салынған тауарлар көлемі 60 миллион долларға жеткен. Бұл былтыр тап осы айлардағы экспорт көлемінен екі есе көп. Ал шілдеде соғысқа қолданылуы мүмкін тауарлар тасымалы 95 миллион долларға жеткен.
Кейінгі дерек бойынша, Ресейдің әскери өндірісіне жеткізіліп жатқан екі мақсаттағы тауардың әрбір бесіншісі Үндістаннан жіберілген.
Батыс елдері өз компанияларына соғыста қолданылуы мүмкін тауарларды Ресейге сатуға тыйым салғандықтан Мәскеу қажет өнімдерді үшінші елдер арқылы ала бастаған. Кейінгі айларда Еуропа одағы мен АҚШ Үндістанның Ресейге реэкспорт жасайтын ел ретіндегі рөлі артқанына назар аударып, ел билігін бірнеше рет бұған тыйым салуға үндеген. Бірнеше үндістандық компания Батыс санкцияларына іліккен.
Bloomberg агенттігі дереккөздерінің айтуынша, Батыс дипломаттары бұл мәселені Үндістан билігінің өкілдерімен келіссөздерде көтергенімен, тиісті жауап ала алмай отыр. Үндістанның сыртқы істер министрлігі бұл туралы комментарий беруден бас тартқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан Ресейге реэкспортты жіті бақылауға алмақ. Санкцияларды айналып өту тыйыла ма?Қазақстанда тіркелген тағы бір компания АҚШ санкциясына ілікті"Жалған транзит". Тыйым салынған тауарды Еуропадан Ресейге тасуға қазақстандық компанияны пайдаланғаны әшкере болдыҚазақстандық екі компанияға санкция салынды. Енді не өзгереді?