Accessibility links

Қазақстанда тіркелген тағы бір компания АҚШ санкциясына ілікті


АҚШ қаржы министрлігі Астанада тіркелген CATU TECH компаниясын Мәскеуге Ресейдің Украинаға қарсы соғысы үшін салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деп санкция тізіміне қосты.

Ашық деректерге сәйкес, CATU TECH компаниясы 2022 жылы наурызда, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше апта өткен соң Астана қаласында тіркелген.

Компания сайтында оның негізгі қызметі – электроника шығару және оны жеткізу деп көрсетілген.

"Власть" сайтының жазуынша, АҚШ санкциясына Ресейдегі, Түркиядағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және Қытайдағы бірнеше компания іліккен.

АҚШ сауда министрлігі тағы жүзден аса компанияны санкция тізіміне қосқан. Онда Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген All Global Trading Elektronik Dis Ticaret Ltd Sti атты түрік компаниясының филиалдары бар. Бұл туралы ресми мәлімдеме 27 тамызда жарияланбақ.

АҚШ пен Еуроодақ Ресейге шектеулерді айналып өтуге көмектескені үшін қазақстандық бірнеше компанияға санкция салған. Маусымда Вашингтон Мәскеуге Ақ үй енгізген шектеулерді айналып өтуге көмектескен 300 жеке тұлға мен компанияға санкция салды. Олардың арасында 2022 жылғы 13 мамырда Қазақстанның Петропавл қаласында тіркелген "КБР-Технология" фирмасы бар.

2024 жылы ақпанда журналистер осы компанияның жұмысы туралы зерттеу жариялаған. Зерттеуде "КБР-Технология" фирмасы ресейлік "ОСТЕК" компаниялар тобына санкцияға іліккен тауарларды жеткізуге қатысқаны айтылған.

Ақпанда АҚШ "Ресейдің Украинаға шабуылының екі жылы мен Навальный қазасына қатысты" жариялаған санкция тізіміне DA Group компаниясы енгізілген. Халықаралық зерттеушілер бұл компания соғыста қолданылатын санкция салынған тауарлар реэкспортына атсалысты деген.

Ал Еуропа одағының 13-санкция пакетіне қазақстандық Elem Group компаниясы кірген. АҚШ қаржы министрлігінің дерегі бойынша, қазақстандық Elem Group АҚШ-та тіркеліп, Ресейде орын тепкен "Стрелой Е-Коммерц" компаниясына "озық тауарларды" жеткізумен айналысқан.

Қазақстан Еуразия экономика одағына мүше. ЕАЭО ережесінде одақтас мемлекеттер аумағында капитал, тауар мен еңбек ресурстары еркін қозғалады деп көрсетілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қазақстан Ресейге салынған Батыс санкцияларын сақтайтынын мәлімдеген. Сарапшылар "Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG