Оңтүстік Корея Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери әріптестік артып бара жатқанына байланысты Украинаға қару-жарақ пен мамандар жіберуі мүмкін. Бұл туралы "Ренхап" агенттігі хабарлады.
Ресей мен Солтүстік Кореяның әскери саладағы серіктестігі жалғаса берсе, Сеул бұған кезең-кезеңімен шара қолданбақ. Президент кеңсесіндегі шенеуніктің сөзінше, Оңтүстік Корея Украинаға қорғаныс пен шабуылға қару беруі әбден мүмкін.
Оңтүстік Корея үкіметіндегі дереккөз бұдан бөлек, Украинаға Пхеньян отрядтарын бақылауға әскери сарапшылар жіберу жағы қарастырылып жатыр деп хабарлады. Мамандар Солтүстік Корея сарбаздарының әскери тактикасын талдап, тұтқынға түскендерінен жауап алуға қатысады.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньян Украинамен соғысып жатқан Ресейге көмекке 12 мың солдат жібермек деп хабарлады. Барлау қызметі солдаттардың бір бөлігі Ресейдің Қиыр Шығысына жетті деп мәлімдеді.
Осыдан соң Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль қауіпсіздік мәселесі бойынша шұғыл жиналыс өткізген. Ол Солтүстік Кореяның әскер жібергенін өз елі мен дүниежүзіндегі қоғамдастық қауіпсіздігіне төнген зор қауіп деп атады.
Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Пхеньян Украинаға әскер жібереді деген жаңалықтарды Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан тараған "қарама-қайшы ақпарат" деген. Кейін Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігі Ресей елшісі Георгий Зиновьевті шақырып, Солтүстік Корея сарбаздары Украинамен соғысу мақсатында Ресейге жіберілген болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты "қынжылыс" білдірген. Ресей елшісі кездесуде Мәскеу мен Пхеньян әріптестігі Сеулдің қауіпсіздігіне бағытталмаған деп айтқан.
21 қазанда Солтүстік Корея Ресейге сарбаздар жібермек деген ақпаратқа ресми түрде түсініктеме берді. БҰҰ-дағы Солтүстік Корея өкілі мұны "Пхеньянды қаралауға" және екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты бұзуға бағытталған "негізсіз қауесет" деп атады.
Бұған дейін The Washington Post газеті Ресей жағында соғысуға дайындықтан өтіп жатқан Солтүстік Кореяның "бірнеше мың" сарбазы туралы хабарлаған. The Guardian басылымы Солтүстік Корея сарбаздары ресейліктерге KN-23 зымырандарын пайдалануға көмектесіп жатыр деп жазды.
Ресей президенті Владимир Путин биыл маусымда Пхеньянға барып, Солтүстік Кореямен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған. Бұл шартқа сай, оларға үшінші ел шабуыл жасаса, екі тарап та "әскери және өзге де көмек" көрсетуге тиіс.
Екі ел билігі де Солтүстік Кореядан Ресейге қару-жарақ жеткізіледі деген ақпаратты жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ: Украина шабуылдаған Ресейдің Тихорецкідегі қоймасында Солтүстік Корея снарядтары болған