"БИШІМБАЕВ ҚАЙДА?"
Қазақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамаудан қашып кетіпті деген ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.
"Әлеуметтік желілерде сот жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев қашты деген жалған ақпарат тарады. Ол қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеп жатыр", – деп мәлімдеді комитеттің баспасөз қызметі. ҚАЖК Бишімбаев нақты қай мекемеде екенін айтпаған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, ҚАЖК азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырған.
"Осы жағдай туралы жалған ақпарат таратуға байланысты қылмыстық іс қозғалды, кінәлілер жауапқа тартылады", – деді комитет.
Бұған дейін бірқатар ресейлік телеграм-арна Бишімбаев қашып кетіпті деген хабар таратқан деді ҚазТАГ агенттiгi.
7 қарашада AIRAN редакциясы YouTube-те жариялаған видеода Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатыр деген Ақмола облысы Аршалы ауылындағы колонияға барып, бұрынғы министрді таба алмағанын хабарлаған.
Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова экс-министрдің Аршалыда емес екенін растаған.
"СТЕПНОГОРСКІДЕГІ ТҮРМЕДЕ ОТЫР"
Бишімбаевтың тағы бір адвокаты Ерлан Ғазымжанов бұрынғы экономика министрі Ақмола облысы Степногорск қаласындағы қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеп жатыр деген. Адвокаттың сөзін 11 қарашада Tengrinews.kz сайты жариялады.
"Басқалармен бірдей жағдайда отыр. Ешқандай артықшылық жоқ", – деген Ғазымжанов.
Адвокат экс-министр Бишімбаевтың қайда қамауда отырғанын іздеген журналистерді жазғыра сөйлеген.
"Мұндай қауесеттер БАҚ-та фильм жарияланғаннан кейін тарады. Адамдар Бишімбаев түрмеде еместей, жазасын өтеп жатпағандай түсінсін деп, сөздерді құбылтқан. Менің ойымша, олар мұны әдейі жасады. Оның үстіне мекемеге, оған баратын жалғыз мен болсам да, мені сұхбатқа шақырған жоқ", - деген Ерлан Ғазымжанов.
Журналистер Ақмола облысындағы Степногорск қаласындағы колонияға да барған, бірақ мекемеден жауап беруге ешкім шықпаған.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ШЕТЕЛДЕ РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ІС
Былтыр 9 қарашада Астанадағы BAU мейрамханасында 31 жастағы Салтанат Нүкенова қаза тапқан. Оның өліміне күдікті ретінде күйеуі 44 жастағы Қуандық Бишімбаев ұсталған еді.
Оқиға Бишімбаевтар отбасына тиесілі мекемеде болған.
Кейін тергеу орындары күдіктіге Салтанат Нүкенованы "аса қатыгездікпен қасақана өлтірді" деген айып тақты, ал Бишібмаевтың туысы Бақытжан Байжанов "қылмысты жасырды" деген күдікпен ұсталған еді.
Биыл 13 мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Қуандық Бишімбаевқа "әйелі Салтанат Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен 24 жыл түрме жазасын кесті. Ал Бақытжан Байжанов "қылмысты жасырғаны" үшін 4 жылға абақтыға қамалды. Сот үкім шығарған кезде Бишімбаев пен Байжановтың кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Ал Бишімбаевтың бұрын сотты болғанын және қылмысты мас күйде жасағанын жағдайды ауырлататын жайт деп тапқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бишімбаев ісінен кейін әйелдер үйдегі әлімжеттікті жиі айта бастадыҚОҒАМДАҒЫ КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕ
Қазақтан қоғамында ғана емес, шетелде де резонанс тудырған Бишімбаев ісі бойынша сот процесін сот онлайн режимде көрсетіліп, процесті ондаған мың адам бақылады.
26 маусымда апелляция соты Бишімбаев пен Байжановтың үкімін күшінде қалдырды.
Салтанат Нүкенованың қазасы Қазақстанда жиі болатын құбылыс – әйелге әлімжеттік жасау мәселесін күн тәртібіне қайта шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі пікірталасты күшейті. Құқық қорғаушылар әйелді кемсіту "барлық деңгейде" әлі жалғасып отыр деп айтты.
Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуірде оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заң "Салтанат заңы" деген атауға ие болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қоғам пікірі" мен "саяси астар" Бишімбаев үкіміне әсер етті ме?