Ресей президенті Владимир Путин Украина әскері басып алған Курск облысындағы аумақтарын 2025 жылғы 20 қаңтарға жоспарланған Дональд Трамптың инаугурациясына дейін қайтарып алғысы келеді. Бұл туралы The Telegraph газеті жазды.
Газет танысып шыққан британ әскери барлау қызметінің бағалауынша, Ресей жақын күндері Украина бекіністеріне дрон шабуылын күшейтуі мүмкін.
Бұдан бөлек, Солтүстік Кореяның 12 мың сарбазы Курск облысындағы шабуылға қатысады деген болжам бар. The New York Times газетінің хабарлауынша, Ресей күштері Курск облысында Украина әскері басып алған аймақтарды қайтару мақсатында шабуыл жасауға дайындық кезінде Солтүстік Корея армиясы сарбаздарын қосқанда 50 мың адамдық қол жинаған.
Украина сарапшыларының пікірінше, Кремль Курск облысындағы шабуылды Украинаның Сумы облысының солтүстік-шығыс бөлігіне өту үшін пайдалануға жоспарлап отырған болуы мүмкін.
The Telegraph газеті Ресей Украина әскері тамызда операция бастағалы бері басып алған аумақтың жартысына жуығын қайтарып алған деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Стармер мен Макрон Ресей аумағына соққы беру бойынша АҚШ ұстанымын өзгерткісі келедіБұған дейін The Washington Post газеті араға төрт жыл салып АҚШ президенті болып қайта сайланған Дональд Трамп 7 қарашада Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесіп, Украинадағы соғысты талқылады деп хабарлады. Газет "Трамп Украинадағы жағдай одан әрі өршіп кетпес үшін Путинді шара қабылдауға шақырды" деген. Кремль бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Сайлау науқаны кезінде Трамп президент болып қайта сайланса, соғысты дереу аяқтауға бірнеше рет уәде берген. Алайда республикалық партиядан сайлауға түскен саясаткер қандай қадам жасайтынын нақты айтпаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинадағы соғысты дереу тоқтатам деді. Бұл мүмкін бе?