Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанда өтіп жатқан БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясында сөз сөйлеп, елде атом электр станциясын салу, ауыл шаруашылығын дамыту және су тасқыны жайлы айтты.
Биыл қазанда өткен референдумда халықтың басым бөлігі елде атом электр станциясын салуды қолдады деген Тоқаев Қазақстан бұл саладағы жетекші технология алпауыттарымен серіктесіп, жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтылады деп мәлімдеді.
Тоқаев климаттың өзгеруі ғаламдық су цикліне әсер етіп отыр деді. Ол биыл Қазақстанда алапат су тасқыны болғанын, Астана осындай төтенше жағдайларға байланысты қауіп-қатерді басқару бойынша кешенді жүйе енгізетінін айтты. Тоқаев Қазақстан биыл желтоқсанда су мәселесіне қатысты Франциямен бірге One Water саммитін өткізеді деді. Оның сөзінше, форумға қатысатындар су ресурстарын ғаламдық деңгейде басқару мәселесін талқыламақ.
Қазақстан президенті Бакудегі саммитте Каспий теңізіне қауіп төніп тұр деді. Ол Астана Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Каспий маңындағы мемлекеттерден сарапшылар тобын құру ұсынысын қолдайды деді. Тоқаев Маңғыстау облысында теңіз жағасына шығып қалған жүздеген итбалық туралы айтпаған. Олардың нақты неден өлгені әзірге белгісіз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маңғыстауда өлген итбалық саны мыңнан астыТоқаев Қазақстан Арал теңізін құтқаруға байланысты шара қабылдап жатыр деп мәлімдеді. Ақорда хабарламасында қандай шара екені ашып айтылмаған.
Тоқаев Қазақстан ауыл шаруашылығына қолайлы мемлекет деп қызыққан тараптарды елдегі осы саланың әлеуетін зерттеуге шақырды.
Конференцияны ұйымдастырушылар іс-шараға әлемнің 200 елінен 67 мыңға жуық адам қатысады деп хабарлаған. Олар ғаламдық жылынумен күрес және Париж келісімі міндеттерін орындау жайын талқылайды. Бұған дейін конференция өтетін орынды көптеген экобелсенді мен азаматтық белсенді сынға алған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әзербайжан билігі экология мәселесін айтатындарды қудалайды, ал елде жүздеген саяси тұтқын бар деп мәлімдеген. Баку мұндай мәлімдемелер мен өзіне айтылған сындарды жала жабу деп атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжанда БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы басталдыҚазақстанда АЭС бойынша халық пікірі әртүрлі. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия АЭС жобалары арқылы Ресейді "дипломатиялық құрсаудан" қалай шығарады?