Қазақстанның түрмелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп отырғандардың арасында ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан адамдардың қатары жыл өткен сайын өсіп жатыр.
2006 жылы жұқпалы аурудың бұл түріне душар болғандардың саны 705 болса, 2008 жылы 1791 жетіп, жығылған. Мамандар айналдырған екі жылдың ішінде бұл көрсеткіштің екі жарым есеге өсуіне сыртқы фактордың әсер етіп отырғанын айтуда. Яғни, олардың сөзіне қарағанда, жазасын өтеушілердің барлығы СПИД ауруын бостандықта жүрген кезінде жұқтырған.
Таяуда Қазақстанның денсаулық сақтау саласында тағы да дау туды. Алматы облысының Сауықтыру және СПИД-пен күрес орталығының бас дәрігері Серік Жанбағылов, осы уақытқа дейін Алматы қаласындағы СИ-1 тергеу абақтысында отырған 2427 адамның 1222-сі ғана тиісті тексеруден өткенін айтып, дабыл қақты. Оның айтуынша, қалалық СПИД орталығы 2007 жылдың маусым айынан бері қамауда отырғандардың қанын тексермеген.
Серік Жанбағылов «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында, бүгінгі жағдайды былайша баяндап берді:
«Басшылықты алдаудың қажеті жоқ. Қалалық СПИД орталығы Денсаулық сақтау министрлігінің үш бұйрығын орындамай отыр. Мұнымен қоймай, өздері ойлап тапқан ереже бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар әр облыстың дәрігерлері келіп, СИ-1 абақтысында қамауда отырғандардың ішінде өздерінің тұрғындарын тексеру керек деп айтуда. Бұл мүмкін емес нәрсе. Әр облыстың дәрігерлері келіп тексеру жүргіземін дегенше бірталай уақыт өтіп кетеді. Және, олай істеуге де қыруар қаржы керек. Енді мынаған қараңыз, қамауда отырғандардан СПИД дертін анықтауға байланысты қаны тексерілмесе, ВИЧ инфекциясын тасымалдаушыларды анықтау мүмкін емес. Ал бұл өте қауіпті екенін естен шығармайық».
Ал Серік Жанбағыловтың өзі болса, Алматы қалалық СПИД орталығының заң бұзушылықтарға барып отырғанын айтып, Алматы қаласының денсаулық сақтау департаментінің басшысы Зәуреш Аманжоловаға және үстіміздегі жылдың 19 наурызы күні денсаулық сақтау вице-министрі Қадыр Омаровқа хат жазса да, олардан әлі күнге дейін ешқандай жауап болмаған.
«Тек санитарлық бас дәрігер Анатолий Белоногтың Алматыдағы СПИД орталығының басшыларына жасаған ескертулерінен соң, ондағылар өздерінің жұмыстарын атқара бастады», деді Серік Жанбағылов.
Алматы қалалық СПИД орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменова бұл туралы сұрақтарымызға жауап беруден бас тартты. Қарамағындағы мекеменің қызметіне қатысты Алматы қалалық денсаулық сақтау мекемесінің басшысы Зәуреш Аманжоловадан да ешқандай жауап ала алмадық.
СПИД орталығының тиісті міндеттерін атқармай отырғаны туралы Республикалық СПИД орталығының директоры Мариям Хасанова, қазақстандық ақпарат құралдарына берген түсіндірмесінде, бұл жағдайды былайша баяндап беріпті:
- Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық СПИД орталығы осы мәселеге араласқан соң ғана олар дұрыс жұмыс істей бастады. Біз бұл мекемедегі қызметкерлердің өз жұмысына салғырт қарауына байланысты ешқандай шара қолдана алмаймыз. Өйткені бұл біздің міндетімізге жатпайды. Мұнымен Алматы қалалық денсаулық сақтау мекемесі айналысуы керек еді, бірақ менің естуімше, қалалық СПИД орталығының басшысы осындай даудың туындағанына қарамастан, өз қызметінде әлі отыр екен.
Бүгінгі таңда сот үкімі шыққанға дейін қамауда отырғандардың денсаулығының қандай екенін ешкім білмейді. Қазақстанның түрмелерінде отырғандардың арасында СПИД ауруына душар болғандардың саны соңғы екі жылда 2,5 есеге өскенін ескерсек, жыл басында белгілі болған бұл фактінің соңғы жарты жылда қандай деңгейге жеткенін де ешкім тап басып айта алмайды.