Постсоветтік кеңістіктегі автократиялық басшылар түптің-түбінде өздерінің қызметтен кететіндігі жөніндегі ойды жуытқысы келмейді. Бірақ Минтимер Шаймиевтің мысалы постсоветтік басшы ең жоғары қызметтен кетсе де, дүниенің өз орнында қала беретінін көрсетті.
ТАҚТАН ТҮСКЕН СОҢ
Республиканы жиырма жыл билеген Минтимер Шаймиевтің Татарстан президенті қызметінен кеткенінен бері ай толған жоқ. Алайда, осыған қарамастан, Шаймиев өзінің жыл сайынғы Чехияға жасайтын бейресми президенттік сапарынан бас тартпады. Минтимер Шаймиев Татарстанның президенті атанған 1991 жылдан бастап жыл сайын сәуір айында чехтың Карловы Варыдағы атақты шипажайында апталап жатып тынығады.
Бұл жер ресейлік дәулетті адамдар мен жоғары лауазымды шенеуніктер үшін аса танымал орын саналады. Биыл да үйреншікті жолынан жаңылмаған Минтимер Шаймиев бір кездері пруссия корольдері шипалы суларымен емделіп, Богемияның жанға жайлы көктемгі күнінен ләззат алған өңірге тағы да қайтып оралды.
Өзгерген бір ғана жай – Минтимер Шаймиев енді президент емес. Өткен айда ол Ресейдің ең бір үлкен және дамыған аймағын жиырма жылдай басқарған соң өз еркімен қызметінен кетті.
Және де бұл оқиғадан кейін ел-жұртты дүрліктірген соншалықты қорқынышты ешнәрсе бола қойған жоқ. Постсоветтік кеңістіктегі көптеген басшылар олар биліктен өз еріктерімен кете қалса, одан да жаманы билігінен айрылып қалса, аспан айналып жерге түсердей көреді.
СОҢҒЫ ДЕМІ ҮЗІЛГЕНШЕ
Минтимер Шаймиевтің қызметтен өз еркімен кетуі, белгілі авторитарлық басшылардың кетуін талап етіп жатқандар келтіре алатын сирек
мысалдың бірі ғана.
Президенттің орынтағына жабысып қалғандардың қатарында Орталық Азияда екі адам ерекшеленіп көрінеді. Олар – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов.
Екеуі де зейнет жасында. Екеуі де басқарудың қатаң формасын ұстанады. Екеуінің де шылқыған байлығы туралы неше түрлі аңыздар бар. Өз бастарына және туыстарына телінетін миллиардтаған қаржы, түрлі елдер мен құрлықтарда салынған виллалар туралы жиі айтылады.
Бұл екі елдегі оппозициялық топтардың өз президенттерінің қызметтен кетуін армандауға ғана қауқары бар. Ал ол екеуі мұндай қиялдарға пысқырып та қарамайды. Оның үстіне олардың президенттік тақта соңғы демдері қалғанынша отыратындарына ешкімнің күмәні де қалмаған.
Тіпті олардың демдері үзіле қалған жағдайда да билік туыстарының қолында қалуы мүмкін деген ой айтылады. Басқаша айтқанда, бұлардың қызметтен кету мүмкіндігі туралы ой қандай да болсын саяси және экономикалық дағдарыстан туатын оқиға ретінде қабылданбайды. Автократтардың биліктен айрылғанына қалың ел бұлардың жүрек соғысы тоқтап, ми қызметі біржола семгенде барып сене бастауы мүмкін.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы жақын туысы Рахат Әлиев бастығының : «Мені бұл кабинеттен тек аяғымды есікке қаратып табытпен ғана алып шығады», – деген сөзін бірнеше мәрте еске алған болатын.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ АУЫРУҒА ХАҚЫ ЖОҚ
Минтимер Шаймиев кабинетінен өз аяғымен шықты. Және бұл шамасы президенттің тағдыры осылайша шешілуі мүмкін екендігін елестете алмайтындар үшін естен тандырар жай болса керек. Әсіресе, бұл автократиялық тағдырларға қатысты болса.
Постсоветтік кеңістікте қызметтен кеткен және қайтадан сайланбаған бұрынғы президенттердің біршамасы жиналып қалды. Оларды түрлі себептерге, бәсекелесінің жеңіске жетуіне немесе екі мерзімнен артық сайлануға болмайтын конституциялық шектеулерге байланысты қайтадан сайлаған жоқ.
Балтық бойы елдерінде қазірдің өзінде бұрынғы мемлекет басшыларының тобы бар. Бір Украинаның өзінде олардың саны үшеу – Леонид Кравчук, Леонид Кучма және Виктор Ющенко.
Айтпақшы, Леонид Кучма Конституцияның шектеуіне қарамастан үшінші мерзімге сайлауға түспекші болғанында Украинадағы саясаттанушылар постсоветтік кеңістікте бұрынғы президенттердің клубын құру туралы ойлар айтты.
Және де олар «бұрынғы президенттердің мұндай институты» ТМД-ның міндетті құрылымы болып қалыптасар еді» деп есептеді. «Бұл – қызметтен кеткен президенттердің жаңа жағдайға бейімделуге үйрететін өзінше бір орталық болар еді» деп санағандар да болды.
Украин оппозициясы Леонид Кучманың денсаулығы президенттік қызмет атқаруға сай келеді ме деп сауал қойып, оны медициналық тексеруден өткізуді талап етті. Пікірталастарда тіпті президенттік сайлауға түсуге тыйым салынатын сырқаттардың нақты тізімі де жарияланды. Тізімде аталған сырқаттардың арасында жүрек талмасы мен диабет те бар.
Осы мәселеге қатысты кейбір шолушылармен болған әңгімелер де есімде. Олар осы идеяны дамыта келіп, президенттік қызметтің президент өмірінің ұзақтығына, нақтылай айтқанда, оның ғұмырының қысқаруына ықпал етуі туралы ғылыми зерттеулер жасау қажет деп мәселе көтерді.
Бұл тақырыпты геронтология жөніндегі мамандар барынша жақсы түсіндіріп берер еді. Ал, саясаттанушылар мен оппозиция өкілдері барлық президенттерді билікте ұзақ уақыт бойы қалса ғұмырларын қаншалықты қысқартатыны туралы дәлелді түрде хабардар ету қажет деген пікірді дәлелдемек болды.
Бұл идеяны жақтаушылардың пікірлерінше, көптеген президенттер егер бұл қызмет ажалға жақындата түссе, онда оған соншалықты жабысудың қажеті бар ма деген ойға қалдырар ма еді.
ШАЙМИЕВТІҢ ШАРТТАРЫ
Минтимер Шаймиев қызметтен кетуінің өзіндік себебін айтады. Ол енді буырқанған саяси өмір үшін шау тарттым деп есептейді. Алайда қызметтен кетпес бұрын оның бірнеше маңызды саяси шарттар қойғанын қаперден шығармау керек. Ең бастысы, ол өзінің жақын серіктесі премьер-министр Рустам Миннихановты өз орнына тағайындатып кетті. Бұл оқиға биылғы наурыздың 25-і күні болды.
Минтимер Шаймиевтің өзі президент кеңесшісінің қызметін иеленді. Ол, сонымен бірге, Татарстанның ежелгі тарихи ескерткіштерін жаңғырту жұмыстарымен де ресми түрде айналыспақшы.
Бұған қоса Шаймиев өз аймағының мүддесін қорғауды жалғастырып жатқан татар басшыларын қолдайтындығы туралы ишара қылудан шаршамайды. Шамасы мұндай белгілер Кремльдің құлағына жете берсін дейтін болса керек.
Минтимер Шаймиевтің рөлі туралы пікірталастар жалғаса бермек. Біреулер оны Татарстанның позициясын Мәскеуге жығып берді деп есептейді. Екінші біреулер оның тіпті Владимир Путин сияқты салмағы зіл батпан саяси фактормен жекпе-жекте де елдің позициясын қорғай алғандығына сенімді.
Алайда Минтимер Шаймиевтің президенттіктен кетуінің өзі бүкіл постсоветтік кеңістіктегі ұзаққа созылатын биліктің проблемасын ашып берді. Әсіресе, бұл өмір-бақи билік құру үрдісі орныққан Орталық Азия жағдайына байланысты.