Қазақстанда мамырдың 13-і күні бірқатар веб-сайттар өз жұмыстарын тоқтатып, интернет туралы заң жобасына қарсылық білдірмек. Қазақстандықтармен бірге елден тыс жерден де жүздеген интернет пайдаланушылар да бұл шараға қолдау танытуы ықтимал.
KZ ДОМЕНІНДЕ 1 САҒАТҚА ҚАРАҢҒЫЛАНАТЫН ЭКРАН КӨП БОЛУЫ МҮМКІН
Мамырдың 13- і күні сағат 15.00-ден 16.00-ғе дейін заң жобасына қарсылық ретінде Қазақстанда тіркелген веб-сайттың иелері интернет парақшаларын 1 сағатқа өшірмек. «Еркін интернет үшін» бастамашыл тобының мүшесі Ирина Медникованың сөзіне қарағанда, мұндай ұсынысты интернет пайдаланушылар жасаған екен.
– О баста тек 1 сағатқа интернетке қосылмаймыз деген интернет пайдаланушылар, енді «Қазақтелеком» интернет провайдерінен мүлдем қол үзуді ұсынып отыр. Мамырдың 3-індегі ақпарат бойынша, біздің шарамызды 200-ден аса пайдаланушы қолдайтындығын жеткізген болатын, – дейді Ирина Медникова.
Сонымен наразылық шарасына қатысушылар сәрсенбіде, 1 сағатқа kz домені аймағына кіруден бас тартатындығын айтып отыр.
«Әділ сөз» қоғамдық қорының маманы София Лапинаның сөзіне қарағанда, бұл шара көршілес Ресей интернет басылымдары арасынан да қолдау тапқан.
– Кейбір ресейлік интернет ресурстарының жетекшілері өз парақшаларында осы шара жайында хабарлама жариялап, қызығушылықтарын танытып отыр. Соған қарағанда, олардың арасынан да акцияны қолдаушылар табылатындығын жоққа шығармаймыз, – дейді София Лапина.
Сондай-ақ мамырдың 12-сінде «Еркін интернет үшін» бастамашыл тобы Қазақстандағы интернеттің жағдайына қатысты мәселеге назар аударту мақсатында, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы өкілдігіне, Еуропалық одаққа, Америка Құрама Штаттарының елшілігіне және тағы да басқа халықаралық журналистік ұйымдарға үндеу жолдады.
«ИНТЕРНЕТТІ РЕТТЕЙМІЗ ДЕГЕН СЫЛТАУМЕН, БИЛІК ӨЗДЕРІНЕ ТИІМСІЗ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫН ЖАУЫП ТАСТАМАҚ»
Қазақстандағы сөз бостандығын қадағалайтын «Әділ сөз» қоғамдық қорының жүргізген мониторингіне сүйенер болсақ, өткен жылдың сәуір айының басында Қазақстан аймағында «Қазақтелеком» интернет провайдері арқылы Азаттық радиосының www.azattyq.org, www.rferl.org, www.ozodlik.org, www.svobodanews.ru, www.ozodi.org сайттары ашылмай қалды.
Қазақ тілінде ақпарат тарататын www.azattyq.org веб-сайтының кілттеніп қалғандығы туралы 2008 жылғы мамыр айының аяғында Азат Еуропа – Азаттық радиосының президенті Джефри Гедмин мәлімдеген болатын.
Ал 2008 жылдың ақпан айы мен 2009 жыл аралығында www.respublika.kz, www.inkar.info, www.kub.info, www.posit.kz. сынды сайттар жабылды. Сондай-ақ, аталған кезеңде www.respublika-kz.info, www.zonakz.net, www.geokz.tv, www.kaztoday.ru секілді интернет басылымдарға бірнеше рет DDoS шабуылдары да жасалғаны хабарланды.
Қазақстандағы тәуелсіз интернет басылымдардың жабылу жайындағы мәліметтерді халықаралық Human Rights Watch ұйымы да растап отыр.
Өткен жылдың қараша айынан бүгінгі күнге дейін Қазақстанда www.livejournal.com блог-ресурсы ашылмай тұр. 2008-ші жылдың қазан айында «Журналистер қауіп қатерде» халықаралық ұйымы қазақстандық «Қазақтелеком» және «Нұрсат» интернет-провайдерлерін аталмыш блог-порталға мақсатты түрде тосқауыл қойып отыр деп айыптаған болатын.
«KZ доменісіз 1 сағат» шарасына zonakz.net интернет сайты да атсалыспақ. Басылымның жетекшісі Юрий Мизиновтың пікірінше, интернетке қатысты дау туғызған заң жобасын талқылау барысында депутаттардың жасаған түзетулері көп нәрсені өзгерте алмайды.
– Мәжілістің жұмыс тобы прокуратураның құзыретін күшейтетін бапты алып тастағандығы айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. Өйткені, интернетті тежейтін басқа да баптар өзгеріссіз қалып отыр. Оның бәрі, әрине, өкінішті, – дейді Юрий Мизинов.
«Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калееваның пікірінше, заң жобасында Конституцияға қайшы келетін нормалар көп көрінеді. Мәселен, жоба ауторлары интернеттегі барлық парақшаларды БАҚ-қа теңестіру жөнінде бап енгізген.
Мемлекеттің шетелдік веб-сайттарды да сүзгіден өткізуі белгіленген. Маманның пікірінше, мұндай түзетулер қазақстандықтардың еркін ақпарат алу құқығын шектейді.
– Интернетті реттейміз деген сылтаумен, билік өздеріне тиімсіз ақпарат құралдарын жауып тастамақ, – дейді Тамар Калеева.
«ӘР МЕМЛЕКЕТ ӨЗ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІН ДЕРБЕС ҚАДАҒАЛАУЫ ҚАЖЕТ»
Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан кез келген мемлекетте бұқаралық ақпарат құралдарының ролі маңызды екендігін айтады. Өйткені сол арқылы қоғамдық сана қалыптасады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған жайттардың барлығы сүзгіден өткені дұрыс деп есептейді мамандығы журналист депутат.
– Қазір біздегі журналистік қауымдар, оппозиция интернет ресурстарды бұқаралық ақпарат құралдарына жатқызуға болмайды дейді. Алайда біздің бүгінгі өміріміз интернеттің – ақпарат таратудың ең оңтайлы құралына айналғандығын көрсетіп отыр. Сондықтан да бұл заң жобасынан үркетіндей ешнәрсе жоқ. Қазақстандағы сөз бостандығына қауіп төнді дегенге мен өз басым келіспеймін, – дейді Уәлихан Қалижан.
Мамырдың 7-сінде, интернет желісін реттеуге қатысты заң жобаcын екінші оқылымға шығарар алдында, мәжілістің жұмыс тобы прокуратураның құзыретін күшейтетін бапты алып тастаған болатын. Алайда бұл құжатқа қатысты нақты шешім мәжілістің жалпы отырысында мамырдың 13-інде белгілі болмақ.
Әйткенмен, елдегі сөз бостандығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар заң жобасының қабылдануына мүлдем қарсы. Осы мақсатта олар өздерінің кезекті наразылық акциясын өткізбекші.