Жаңашыл Ислам партиясын құру жөніндегі түрік тәжірибесін Қазақстанда қолдану мүмкін бе?

Қазақстан президенті Н.Назарбаев түрік әріптесі А.Гүлді қабылдап отыр. Астана, 25 мамыр 2010 ж.

Түркия президенті Абдулла Гүл Қазақстанда ресми сапармен жүр. Оның партиясы зайырлы мемлекет саналатын Түркияның саяси негізін біртіндеп ауыстыра бастады. Қазақстандағы саясаткерлер әзірге мұндай саяси күш пайда бола қоймайтын шығар деп отыр.

БІРЕГЕЙ ПАРТИЯ

Түрік елінен келген әріптесін қарсы алу үшін Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке барды. Осының өзі Түрік Республикасының президенті Абдулла Гүлдің бұл жолғы ресми сапарының ерекше маңыздылығын аңғартқандай. Абдулла Гүл - Әділет және даму партиясының өкілі. Бұл партия, елде Ататүрік сияқты ұлт көсемінің болуына және зайырлы қоғамның елеулі бөлігінің қарсылығына қарамастан, қазіргі Түркияның саяси сипатын түбірімен өзгертіп жатыр.
2000 жылдардың басында ғана пайда болған Adalet ve Kalkınma Partisi қысқа мерзімнің ішінде қантөгіссіз жолмен билікке келіп, Түркия қоғамындағы исламшыл дәстүрді қайта жаңғыртты. Және де, бұдан бөлек, сырт көз үшін болса да, түрік ұлтының көсемі Ататүрікке деген құрметін сақтай білді.

2001 жылғы тамыздың 14-і күні құрылған Әділет және даму партиясының бірегейлігі мынада. Діни партияларды тіркеуге тиым салатын таза зайырлы Конституция мен заңдардың болуына қарамастан ол өзінің исламдық партия екендігін ашық білдіріп отырады. Партия бірнеше жылдың бедерінде зайырлы саяси бәсекелестерінің гегемониясын бұзып қана қоймай, Ататүрік мұраларының негізгі тірегі - түрік армиясының бас штабына да ауыз салды.

Қалай болғанда да, 2010 жылдың 7 мамырында Түркия парламентінің Конституцияға 29 түзету енгізуіне қарап осылай деп ой түюге болады. Қазақстандық парламентшілердің де түрік мемлекетінің 20 ғасырдағы тәжірибесіне сілтеме жасай отырып, конституциялық өзгерістер жасағанын да айта кету керек. Естеріңізге сала кетсек, 20 ғасырда Түркияда әскерилер азаматтық үкіметті үш мәрте өзгертті.

Алайда, Қазақстаннан айырмашылығы, зайырлы демократиялық принциптерді ұстанатын парламентте қабылданған конституциялық өзгерістерге алты күннен соң қол қойғанымен, түрік басшылығы ақырғы сөзді қоғамға қалдырды. 2010 жылғы қыркүйектің 12-і осы мәселе бойынша жалпыұлттық референдум өтпек.

Алты айлық пікірталастардан соң Түркия азаматтары Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша дауыс бермек. Бұл өзгерістер тек Түркияның сот жүйесін рефорамалап қана қоймай, сонымен бірге, соттарға бір кездері Мұстафа Кемал Ататүріктің ең қасиетті қоғамдық тобы болған әскери генералдардың үстінен қарауға мүмкіндік бермек. Сайлаушылар, сонымен бірге, мемлекеттік шенеуніктерге ереуіл жасау құқын беру мәселесін де айқындамақ.

ХАРИЗМАЛЫ ЖЕТЕКШІ

Бір ерекшелігі, Түркияда екі саясаткердің бірегей жұбы құрылды. Мұнда президент Абдулла Гүлді барлығы құрметтейді, ол беделді саясаткер. Бірақ президенттің серігі және партияны құрушы Режеп Тайып Ердоғанның сұлбасы да тасада қалмайды. Ол басымдыққа ие партияның басшысы және Түркиядағы қазіргі саяси өзгерістердің рухани дем берушісі деп саналады.
Айтпақшы, аталған схеманы қазақстандық қоғамның бір бөлігі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күнделікті белсенді саяси қызметтен біртіндеп кетуінің мүмкін болар нұсқаларының бірі деп қарастырады.
Түркия премьері Р.Ердоған партиялас әріптесі А.Гүлдің келесі президент атануының алдында. Анкара, 24 сәуір 2007 ж.

Түрік баспасөзінде жазылып жатқан мақалалардан Әділет және даму партиясының табысқа жетуінің басты құпиясы кедей отбасынан шыққан, зайырлы емес, діни оқу орнын бітірген харизмалы басшы Реджеп Ердоғанның болуынан екендігі аңғарылады.

Оның халыққа кеңінен танылуына мына бір жағдай себепкер болған. 1994 жылы Стамбул қаласының басшысы болып тұрғанда оған өзінің рухани принциптерін байқатуға алғашқы шынайы мүмкіндік туған. Түрік газеттерінің хабарлауынша, бұл кезде Стамбул қаласының бюджеті шамамен екі миллиард долларға қарызға батқан болатын.

Мұсылмандық шарттарды ұстанатындығын ашық байқатқан Режеп Ердоған мэрияның қалалық мекемелерінде спиртті ішімдіктердің сатылуы мен пайдаланылуына тыйым салған жоқ. Оның саяси табыстарының басты құпиясы - ол өзінің саяси қарсыластарына сыбайлас жемқорлыққа байланысты өзіне кінә тағуға қылаудай да мүмкіндік бермеді. Жергілікті баспасөздің жазуынша Ердоған діни мазмұндағы өлеңдерді көпшілік алдында жария түрде оқығаны үшін тұтқындалмағанда көпшілік үшін қыруар жұмыс жасар еді. "Қолы таза саясаткер" ретінде өзі басшылық қылған кезең жеті пайыздық профицит деңгейіне жеткен Стамбулдың әл-ауқатын бұдан да жақсарта түсер еді.

Жалпыұлттық саяси деңгейде де партия дәл осындай табысқа жетті. Режеп Ердоғанның үкіметі нәтижелі ақша реформасын жасауға, инфляцияны ауыздықтауға, бюрократтық машинаның шығындарын кесіп, мемлекеттік органдардың жеке меншіктегі бизнеске сыбайлас жемқорлық тұрғысында қысым жасауын азайтуға қол жеткізді.

Олигархиялық Түркия идеалдарының орнына ислам реформаторларының партиясы кез-келген еңбек, оның ішінде инвестициялар салып, жаңа жұмыс орындарын ашу құдайға жағатын іс екенін, ал қаржыны экономиканың шынайы секторына салудың орнына елден алып кету немесе оны депозитте сақтаудың, ең болмағанда ақылға сыймайтындығын жариялады.

ИСЛАМ ЖӘНЕ БАТЫС ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Статистика деректері көрсетіп отырғанындай, 2002 – 2006 жылдар аралығында Әділет және даму партиясы жүргізген жаңа экономикалық бағдарлама Түркияның ішкі жалпы өнімін 400 миллиард долларға жеткізіп, екі есеге дейін өсірді. Бұл бағдарламаны «Мэрилл Линч» банкінің Таяу Шығыс және Африка бойынша бұрынғы директоры Мехмет Симсек жасаған болатын.
Кейбір ақпарат көздерінің пікірлерінше, Әділет және даму партиясының идеологиялық платформасының табысы Ислам құндылықтарының заманауи әлемнің талаптарына бейімделуіне және түрік қоғамының Еуропалық одаққа енуге ұмтылысын шебер пайдалануына негізделген. Және де елдің қазіргі саяси басшылығы таза сайлау, баспасөз және ұждан бостандығы сияқты батыстың демократиялық құндылықтары мен Исламның біріне-бірі қарама-қайшы келмейтіндігіне сенімді.
Түрік президенті А.Гүл, премьер-министр Р.Ердоған және әскербасы генерал И.Басбұқ кеңесіп отыр. Анкара, 25 ақпан 2010 ж.

Ислам Конференциясы Ұйымына мүше-елдердің 2004 жылғы маусымның 14-і күні Стамбулда өткен кезекті сессиясында сол кездері Түркия сыртқы істер министрі болған Абдулла Гүл сөз сөйлеп, әділдікке, төзімділікке, махаббат пен ынтымаққа ұмтылу сияқты іргелі діни принциптер мұсылман елдерінің алдына демократиялық және ашық қоғамдарды құруға жол ашады деп мәлімдеген болатын.

Алайда, тіпті, сөз бостандығы саласындағы реформалар мен әскери-полициялық мемлекеттің негіздерін бұзудың өзі көптеген қоғамдық проблемаларды шешкен жоқ және түрік қоғамының дәстүрлі көзқарастары мен басымдықтарын жылдам өзгерте алмайды. Мысалы түрік-армян жанжалына байланысты әдеттегі түріктерге тән емес, қалыптан тыс баға бергендіктен түрік жазушысы, әдебиет саласындағы 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памук елден кетуге мәжбүр болды.

Түрік қоғамының ішкі саяси мәселелеріне байланысты Еуропалық одақтың қояр сұрақтары әзірге дейін бар. Бірақ, шындығында Ислам реформаторлары болып табылатындардың рөлін бағалай келіп, Newsweek журналы 2004 жылдың желтоқсан айында былай деп жазды: «Ердоған жүргізген ұлы төңкерістің мәні мынада. 2002 жылы билікке келген олар Түркияның шүбәлануға бейім тұрар саясаткерлері мен оның аса құдіретті әскери жақтастарын елдің саяси өмірі үшін Исламның маңызды құбылыс екендігін қабыл алуға мәжбүрледі».

«ҮНСІЗ РЕВОЛЮЦИЯ»

Режеп Ердоғанның серігі – президент Абдулла Гүлге жасалып жатқан құрметтер де өзіне жетерлік. Испандық El Pais газеті өзінің бір мақаласында Абдулла Гүлді «түрік исламшылдығының тартымды тұлғасы» деп атаған.

Расын айту керек, түріктің қазіргі саяси өзгерістерінің өзіне тән шығыстық экзотикасы да бар. Мысалы Newsweek журналының жазуынша, «2004 жылғы қыркүйектің соңында Режеп Ердоған парламенттен әлдебір заң жобасын өткізбекке әрекеттенген. Оған сәйкес, жарының көзіне шөп салды деп айыпталған адамдар үш жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін еді. Қоғамдық пікірге сұрау салынғанда, Түркия халқының 70 пайызы бұл заңның қабылдануын жақтаған. Алайда либералды БАҚ-тардың көпшілігі мен Брюссельдің бұл ұсыныстан төбе шаштары тік тұрды».
Түркияның халықтық-республикалық партиясының жетекшісі Дениз Байкал

Тағдырдың тәлкегі болар, 2010 жылғы мамырдың 10-ы барынша зайырлы деп саналатын Халықтық республикалық партияның көп жылдардан бергі басшысы Дениз Байкал масқаралықпен үлкен саясаттан кеткен соң түрік қоғамы дәл осы заңнамалық бастаманы қайтадан еске алды.

Ерлердің көп әйел алуына түсіністікпен қарайтын түрік қоғамында бұл оқиға ерекше айғай-шуға негіз болды. Тәжірибелі саясаткер оның парламенттік фракциясының мүшесі, депутат Несрин Байтокпен ашына болған екен. Түрік форумдарында жазылған пікірлерге қарағанда, азаматтардың ашу-ызасының ерекше тууына депутат әйелдің күйеуінің барлығы себепкер болған. Бұл жағдай, сөз жоқ, зайырлы оппозицияның моральдық бет-бейнесін жақсарта алмайды және оның қатарына жаңа жақтастарды алып келмейді.

Алайда, батыс газеттерінің біреуінің жазуынша, «үн-түнсіз революция» жасап жатқан партия Түркиядағы қазіргі саяси реформаларды барынша сыпайылықпен жүргізуге тырысады. Өйткені түрік қоғамының елеулі бөлігі үшін Ататүрік қазіргі түрік мемлекеттілігі мен елдің экономикалық жетістіктерінің негізін қалаушы болып қала береді.

Сондықтан, мамырдың 19-ы күнгі Жастар мен спорт күні мерекесі Ататүрікті еске алу күні болып та аталып өтеді. Биыл да ел басшылығы Ататүріктің мавзолейіне дәстүрлі түрде гүл шоқтарын қойды. Алайда, президент Абдулла Гүлдің мерекелік шарада сөйлеген сөзіндегі «біз өзіміздің даңқты тарихымыз бен ата-бабаларымыздың қол жеткізген табыстарын мақтан тұтамыз» деген сөздерінде түрік мемлекеттілігінің негізін қалаған адам жайындағы патриоттық сезімге толы, оның мұраларына деген бұрынғыдай оң құрмет аса көп байқалмайды.

ЗАЙЫРЛЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БАСЫМДЫҒЫ

Телефон арқылы сөйлескенде қазақстандық саясаткерлердің көпшілігі жақын арада Қазақстанда сырт көзге зайырлы болып көрінетін,
бірақ діни принциптерге негізделген партия пайда бола қояды деп ойламайтындығын айтты.

Саясатта біраздан бері келе жатқан сенатор Ғани Қасымов Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы болған әңгімеде қысқаша ғана былай деді: «Қазақстан зайырлы бағытта ақырындап ілгері жылжып келеді. Бұдан өзге ешқандай белгіні көріп тұрған жоқпын. Бұл жерде түсініктеме беретін де ешнәрсе жоқ».

ЖСДП «Азат» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев саяси бәсекелестік жоқ болып, монополиялы жүйе орнаған кезеңде адамдар тығырықтан шығар жол іздей бастайды және «кейбіреулері ізденісте жүріп Исламның ішіндегі түрлі ағымдарға қосылып кетеді. Бұл болашақта Қазақстанға төнетін басты қауіп» деп есептейді.

Қайрат Сатыбалдының президенттік «Нұр-Отан» партиясының хатшылығына тағайындалуын ол осы бағыттағы алғашқы қадам деп есептейді. «Және біз Конституция бойынша зайырлы мемлекет болғанымызбен, мінеки исламдық бағытты ұстанатын адам «Нұр-Отан» басшыларының бірі болды», -дейді Болат Әбілев.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылғы мамырдың 24-і партия төрағасының орынбасары Нұрлан Нығматуллин «Нұр Отан» партиясының жаңа хатшысы Қайрат Сатыбалдыны таныстырды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі бұған дейін «Ақорда» атты партияны құрмаққа әрекеттенген болатын. Сол кездергі қазақстандық баспасөздің хабарлауынша, 2005 жылы сөйлеген сөздерінің бірінде діни идеологиялық платформаның қажеттілігін дәйектей келіп Қайрат Сатыбалды: «Құдайдан қорықпағаннан қорық», - десе керек-міс.

Солай бола тұра Болат Әбілев: «Біз көбінесе зайырлы құндылықтарды бағдарға алуымыз қажет. Және бұл көпұлтты, көпдінді Қазақстанның жалпыадамзаттық ұстанымы болады. Бұл жерде асығуға болмайды», - деп есептейді.

БАЛАМА – ТҮРІК НҰСҚАСЫ

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков өзгеше көзқарасты ұстанады. Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұқбатында ол исламды жақтаушылардың өсіп келе жатқандығын есепке ала отырып жаңа партияның дүниеге келу мүмкіндігін «барынша шынайы, мүмкін дүние» деп пікір білдірді.

- Саясатта жүргендердің көпшілігі Исламға бүйрегі бұратындығын аса жарнамаламайды, бірақ жасырмайды да. Қазақстанның көптеген мемлекет қайраткерлері, оның ішінде президент те бар, қажылыққа барады. Осының барлығы бұл үдерістің пісіп келе жатқандығын көрсетеді. Осыған байланысты, түрік нұсқасы ислам фундаментализмі мен діни экстремизмге балама болады деп ойлаймын. Бұл - мәдени, зайырлы және исламдық дәстүрлердің дұрыс, үйлесімді қосындысы, -деп негіздеді өз ұстанымын Мұрат Телібеков.

Алайда ол «реформалармен қоғамды өзгертеді деп қазақ қоғамы үміттенетін дара тұлға әзірге саяси аренада көрініп тұрған жоқ» дегенді де айта кетті. Президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшылығына Қайрат Сатыбалдының тағайындалуын ол «беделі түсіп бара жатқан партияның қатарына жаңа күштерді қосуға әрекеттену» ғана деп бағалады. Осы тұрғыда «исламның атын пайдаланып, бұл факторды партияны нығайту үшін пайдалану» жоспарын да жоққа шығарған жоқ.

Ал «Ізгі амал» қоғамдық бірлестігінің идеялық платформасына бүйрегі бұратындығын жасырмайтын дінтанушы және қоғам қайраткері Мұртаза Бұлұтай 2010 жылдың 15 ақпанында Азаттық радиосына берген сұқбатында «діни секталар мен ағымдардың жақтаушылары білім жүйесінде, бизнесте, тіпті мемлекеттік қызметшілер арасында да бар. Олардың кейбіреулері діни ағымдардың қызметіне белсенді түрде араласады және өздерінің тура жолда екендігіне, барлығы да Алланың разылығы үшін жасалып жатқандығына сенеді» деген қауіп білдірді. Ол осы секталар мен ағымдарға сырттан қолдау көрсетіліп жатыр ма деген қаупін де жасырған жоқ. «Бұл - тікелей саясатпен байланысты», - деді Мұртаза Бұлұтай.

АНКАРА «АУЫР САЛМАҚТЫЛАР» ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ

Түркияда билікке келген жаңа саяси күштер сыртқы саясатқа қатысты көптеген мәселелер бойынша өз ұстанымдарын білдіруге қысылмайды. Израильдің Газа секторындағы «Құйылған қорғасын» операциясынан кейінгі Режеп Ердоғанның ашулы сөзі немесе Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық районындағы ұйғыр халқының гненоциді жайындағы мәлімдемесінің өзі-ақ Түркияның беделін тіпті араб елдерінің алдында да бірден көтеріп жіберді.
Түрік президенті А.Гүл АҚШ президенті Б.Обамамен пікірлесіп келеді. Анкара, 6 сәуір 2009 ж.

Бүгінде Түркияның басшылығы ірі мемлекеттердің сөздерін де жүре тыңдайтын жағдайға жетті. Мысалы, 2010 жылғы мамырдың 17-і күтпеген жерден Иран, Түркия және Бразилия арасында уран алмасу жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылды. Бұл жерде Түркия Иранға жоғары байытылған уранның қайтарылуына кепілдік беріп және уран алмасу орыны болып отыр. Осы мәселеге байланысты мамырдың 19-ында Барак Обаманың телефон шалғанына қарамастан, Түркия БҰҰ-да талқыланып жатқан санкцияға қосылудан бас тартты. Осы арқылы Анкара сыртқы саясат мәселесінде көптеген аймақтық мәселерді шешуде өз көзқарасы бар, «ауыр салмақты» елдер қатарына қосылғанын дәлелдеді.

Алайда түрік президентінің Қазақстанға жасап отырған сапары Анкараның сыртқы саясаттағы бағытын шығысқа тән үрдіспен ақылға салатындығын және прагматиктігін байқатады. Сондықтан да, 2010 жылғы мамырдың 24-і Түркістанда Яссауи атындағы халықаралық университеттің құрметті профессоры атағын алып тұрғанда реформашы-саясаткер Абдулла Гүлдің Нұрсұлтан Назарбаевқа биліктің символикалық аса таяғын сыйлауы, және өз сыйлығын: «Сіз түркі елдерінің ұлы ақсақалысыз. Бұл аса таяқ ежелгі түркілердегі сияқты мемлекеттің бірінші басшысының символы», -деген сөздермен ұсынуы бекерден-бекер емес.

Жаңа бағыттағы түрік саясаткерлерінің жасап жатқан әрекеттеріне қарағанда ежелгі түркілердің дәстүрлерін 21 ғасырдың стандарттарына табысты түрде бейімдеуге әбден болады екен. Бірақ бұны әр саясаткер өзінше жасайды.