Олар жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны өсіруді және вахталық ауысымды тездетіп енгізуді талап етті.
Дәл осы күні түстен кейін сағат 16.00-де «Бонатти» компаниясының басшылары мен облыстық әкімшілік және құқық қорғау орындары қызметкерлері зауыт территориясына келіп, митингке шыққан жұмысшылармен кездесу өткізді.
Наразылық білдіргендердің айтуынша Қарабатандағы «Болашақ» зауытының құрылысын жүргізіп жатқан Agіp KCO-ның субмердігерлерінің бірі «Бонатти» компаниясындағы жұмысшылардың жағдайлары өте қиын. Ең басты проблема вахталық ауысымның жоқтығы. Ал оларды жұмысқа қабылдарда бірнеше айдан соң болады деген уәдемен, вахтасыз жұмыс істеуге келіскен бір жылдық шартқа қол қойдыртқан. Мұндағы жұмысшылардың көбі 8-9 ай бойы үйлеріне бармай жұмыс істеп жүр. Соның салдарынан жас жұмысшылардың отбастарында ажырасушылық етек алып барады. Не ортаға қатынайтын көлік те бөлінбеген. Алатын жалақыларының көлемі 30 мың, оған Agіp KCO қосып отырған үстеме ақыны қосқанда қолдарына 40-45 мың теңге ақша алады екен. Көп жұмысшылардың жанұяларында 8-12 адамға дейін осы жалақыға қарап отыр.
- Қазақ жігіттерінің арасында жоғары білімі бар жастар жеткілікті, - дейді Аманжол есімді жігіт ағасы. - Бірақ олардың ешуақытта жұмыс баспалдағымен көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Қайта ілік іздеп, төмендетеді. Мәселен, мамандығы электрик, техникум бітірген жас маманды қоқыс жинауға мәжбүр етіп отыр. Әбуов Мақсат есімді кран операторын жұмыс киімін кимеді деп ескертусіз бірден жұмыстан шығарды. Жұмыстағы проблемаларды айтуға қорқамыз. Ауызымызды ашсақ болды, жұмыстан шығасыңдар деп қорқытады. Күніне екі рет қол қойып, төрт рет аппартқа рұқсат қағазымызды тіркетіп тексеруден өтеміз, соның өзінде 4-5 жұмыс сағатын себепсіз қияды. Тек соңғы бір айда 150 адамның сағаты қиылды. Артық істелген уақытымызға ақша төленбейді. Оны дәлелдеп, тарифтік ставкамызды жөндетіп, кадр бөліміне апарған құжаттарымыз жауапсыз қалады.Біз жұмысшы емес, құл есебіндеміз! Арнайы жұмыс киімдерін де жалынып сұрап ала алмай жүрміз. Қыс болса түсті. Әлі күнге аяқ киіміміз жоқ, сендерге шақ аяқ киім болмай жатыр дегенді сылтау қылады, - деп, аяғындағы бәтіңкесінің жыртығын «Бонатти» компаниясы мен облыстық әкімшілік қызметкерлерінің көзінің алдына тосты.
Сөйтіп, «Бонатти» компаниясының жиналған жұмысшылары кадр бөлімінің бастығы Айбол Қаражановтың жұмыстан кетуін сұрады. Жұмысшылардың айтуынша ол өзін Agіp-тің сенімді өкілімін деп, небір дөрекілік танытатын көрінеді. Ал компаниядағы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Беймырза Әлжаппаровқа мүлде сенбейтіндіктерін білдірді. Тіпті кейбір жұмысшылар оның кәсіподақ ұйымын басқаратынын білмейтін де болып шықты.
- Сондықтан бізге кәсіподақтың керегі жоқ! - деді жұмысшылар. - Себебі біздің кәсіподақ мүшелік жарна жинағаннан басқа ештеңе бітірмейді. Одан гөрі өз арамыздан өзіміз сеніп сайлаған жұмысшылар комитеті керек.
Өзін жүк ілушінің көмекшісімін деп таныстырған Оңғарбаев Жасұлан деген жігіт мынаны айтты:
- Біз салмағы 60-90 тонна ауыр тұрбаларды 15 қабатты үйдің биіктігіндей биіктікке көтереміз. Құзар биіктен төмен қарағанда жердегі адам құмырсқадай болып көрінеді. Қолымызда рация жоқ, айқайласақ дауысымыз естілмейді, қолмен ымдағанды жердегі адам көрмейді де, ұқпайды да. Ал рацияны ұрлап кетеді деп қожайындар бермейді. Егер бұл тұрбалар құлап кетсе қаншама адам ажал құшады. Күн сайын өміріміз үшін үлкен қауіппен жұмыс істеудеміз. Өйткені компанияда еңбек қауіпсіздігі мүлде сақталмайды. Біздің үстімізде таиландтар дәнекерлеу жұмыстарын жүргізеді. Талап бойынша айналаны арнайы жапқышпен жабуы қажет. Бірақ оны орындамайды. Үстімізге шоқтар шашырап жатады. Немесе жұмыс орнында тиым салынғанына қарамастан итальяндық супервайзер темекі тартып отырады. Оны көрген біздің еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қызметкер көрмегендей қалып танытады.
Жасұланның айтуынша үстеріне арнайы маусымдық жұмыс киімдері де уақытында берілмейді екен. Соның кесірінен жас жігіт суық тиіп, ауруға шалдығып отырған көрінеді.
- Бірақ жұмысымды тастай алмаймын. Себебі кәрі әке-шешем, інім мен ІІ- топтағы мүгедек ағам және жас әйелім менің табысыма қарап отыр. Оның үстіне емделуге де аз ақша кетпейді. Апта сайын беріліп отыруға тиісті көзілдірік пен қолғапты да өзіміз сатып алып жүрміз, себебі күннің суығында бұларсыз жұмыс істеу мүмкін емес, - дейді ол.
Жас жігітті тағы бір қынжылатыны - жүргізушілік куәлігі бола тұра ол жұмысқа «еңбек өтілің жоқ» деп араластырмайтындығы. Бұндай жұмыстарға кадр бөліміндегілердің сыбайластары ғана орналаса алады, ал жүргізуші болып істемеген соң өтілім қайдан болмақ дейді Жасұлан.
- Жуырда 100-ден астам Жылой ауданына келген жұмысшылар себепсіз жұмыстан қуылды. Олардың орнына румындар мен тайландтарды қабылдады. Қарап тұрсаңыз олардың алатын жалақысы бізден үш есе көп. Олардың тұратын жері де жайлы, барлық жағдайлар жасалған. Сонда бізден несі артық? Артықшылығы - олар шетелдікі де, біз қазақ болғанымыз ба? - деп күйінді ол.
Жұмысшылар жария еткен тағы бір жайт - тайландтық дәнекерлеушілердің салғырттығы салдарынан зауыт құрылысында өрт те шығыпты. "Егер оны күзет қызметкерлері байқамағанда, онсыз да сала алмай жатқан бұл зауыттың жартысы жоқ болар еді" деседі олар. Алайда бұл мәселе тез жабылды. Кінәлілер жазаланған жоқ.. Ал қазақ жұмысшысы сондай өрт шығарса соттауға дейін барар дегенді айтты.
Шындығында Agіp KCO мердігерлерінің арасындағы ең төменгі жалақы көлемі де осы «Бонаттиде» екендігіне қарамастан, жұмысшылар мистер Сильве деп атаған компания өкілінің жалақы туралы «ол бірден көтеріле қоймайды. Себебі жұмысшы өзінің жақсы жұмыс істей алатынын дәлелдеу үшін уақыт керек» дегені жұмысшылардың одан сайын ашу-ызасын тудырды. Өйткені олардың көбі аз дегенде жылға тарта, алды 2-3 жыл еңбек етіп келе жатқандар. Ендеше олардың жұмыс істей алатындықтарын дәлелдей алатындай уақыт баяғыда өтіп кеткен.
Ереуілге шыққандар егер осы талаптары 3 желтоқсанға дейін шешімін таппаса, жұмыстарын тастап үйлеріндегі әйел, бала-шағаларын ертіп облыс әкімінің алдына баратындықтарын ескертті. Жиналысқа қатысқан облыс әкімі аппараты жетекшісінің құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Асқар Керімов Agіp-тегі жұмысшылар жағдайы облыс әкімшінің ерекше назарында екенін, шағымданғандары үшін ешкімнің де жұмыстан шығарылмайтындығын айтып сендіргенімен жұмысшылар күдігі тарқамады. Олар сол күні ертеңгі күніміз қалай болады деген уайыммен тарқады.
Қарабатандағы Agіp KCO компаниясы жұмысшыларының бұл кезекті ереуілі Атырауға eңбек министрі Бердібек Сапарбаев пен энергетика министрі Сауат Мыңбаевтар келіп кеткен күннің ертесінде болды. Жұмысшылардың берекетсіз жағдайын естісе де білгілері келмеді ме, әлде облыс әкімшілігі оны көрсеткілері келмеді ме, қос министр Қарабатанға бас сұққан жоқ.. Ал бұл Қарбатандағы жұмысшылардың биылдыққа төртінші баруы.
Алайда, қазақстандық жұмысшылар қаншалықты наразылық білдірсе де, олардың проблемасы әлі сол қалпында. Жалақы теңсіздігі, жұмыс жасауға лайық жағдайдың жоқтығы қанша айтылса да шешуі табылар емес. Жұмыс қауіпсіздігінің сақталмауы да Agіp KCO компаниясындағы үйреншікті жайтқа айналған. Бұған дейін де жұмысшылар өміріне жауапсыздықтың салдарынан Қарабатанда екі адам қаза болған.
Жалпы Батыс Ескенедегі мұнайтазалау зауытының құрылысын салуға 10109 қазақстандық араласып жатыр. Олардың 5100-і Атырау облысынан болса, 5015-і республиканың өзге өңірінен келгендер. Вахталық әдісті енгізбеуге Agіp KCO компаниясы мүдделі дейді жергілікті бейүкіметтік ұйымдар өкілдері. Себебі, вахталық ауысым енгізілсе тағы да 10 мыңға тарта қазақстандықты жұмысқа алуға тура келеді. Бұл қазіргі дағдарысты кезеңде мүлде тиімді емес.
1 желтоқсан күні Қарабатандағы «Бонатти» компаниясы жұмысшыларының ары қарайғы жағдайын білмек болып, телефон шалғанымызда байланысқа шыққан Талғат Есенәлиевтің хабарлауынша, полиция қызметкерлері келіп зауыт алаңын шолып шығыпты. "Қандай проблемаларың бар, қандай киім бермей жатыр?" деген жалпы сауалдар қойғанымен, түпкі ойлары ашынған жұмысшылар көтеріліп кетпесін дегендік екенін айтпаса да түсіндік .
Ал облыстық әкімшілік «3 желтоқсан шешім қабылдауға тым тығыз, 20 желтоқсанға дейін уақыт беріңдер» деген соң әзірге басылып отырмыз. Жұмысымызды жалғастырып жатырмыз, бірақ бұл мерзімде тағы да алдаса үйде отбасыларымыз шуап келуге дайын отыр,-" деді.
Бейнесюжетті осы арадан көріңіз: