Есірткі сатумен айналысам деп бас бостандығынан біржолата айрылды

Атырау облыстық İшкі істер басқармасының бастығы Қайрат Сұнтаев баспасөз - мәслихатында. Атырау, желтоқсан, 2008 жыл.

Осында жаза алған Атыраудағы 45 жасар өзбек құрылысшысы. Бұл Қазақстан Республикасының «Қылмыстық кодексі баптарына өзгертулер енгізу жөніндегі заң» күшіне енгеннен бергі алғаш рет қолданылып отырған қатаң жаза.

Атырау қалалық соты өзбекстандық Қазбек Матякубовты есірткі контрабандасымен айналысқаны айғақталғанына байланысты ҚР ҚК 250- бабына сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айырған үкім шығарды. Түсіндіре кетсек, Қ.Матякубов осы жылдың 29 шілдесінде Атыраудағы жалдап алған пәтерінде тұтқындалған болатын. Тексеру барысында есірткі саудагерінің қоржынынан сатуға лайықталып қойылған 15 гр. героин табылған еді. Жүргізілген зерттеулер нәтижесі Матякубовтың Атырауға құрылысшы ретінде келіп, есірткі сату жолдары мен тұтынушылар көзін реттемек болғанын анықтады.

- Есірткі заттарының арасында героин, гашиш есірткілері аса қымбат саналады. Одан адамның түсіне де кірмейтін ақша жасауға болады. Ал қылмыскер Қ.Матякубовтан алынған таза героин 1500 дозаны құрайды. Нашақор үшін 1 доза -0,01 гр. (Оның қара базардағы құны- 900000 теңге, яғни 7500$). Сондықтан сот қатал болса да әділ үкім шығарды деп есептеймін, - дейді осы мәселеге байланысты журналистермен кездескен ІІД бастығы Қайрат Сұнтаев.

Қ.Матякубов бұдан бұрын да Өзбекстанда істі болып, екі рет сотталған екен. Елінде оның әйелі және 3 баласы бар. Дегенмен сот шешімі әлі күшіне еніп үлгермегендіктен, қылмыскердің шағымдануға мүмкіндігі де, құқы да бар. Ал содан соң ол жазасын Қарағанды қаласындағы түрмеде өтейтін болады.

Сөйтсе де кейбір бейүкіметтік ұйымдар бұндай наркобизнесмендердің тиісті сыбағасын алуын құптағанмен, қайдағы бір қылмыскердің елімізде өмір бойы жатып ішерге айналып, қарапайым қазақстандық салық төлеушілер ақшасына күн кешуінің өзі де әділетсіздеу деген ой айтады.Өйткені іргелес Қытаймен басқа да, Иран, Сингапур, Таиланд, АҚШ мемлекеттері сияқты біраз елдерде есірткі саудасымен айналысқан және оны қолданатындарды өлім жазасына кесу баяғыдан бері заң жүзінде қарастырылған. Сондай-ақ Ұлыбритания, Греция, Бельгия, Канада, Франция, Ирландия секілді көптеген елдерде мұндай есірткі саудагерлерін өмір бойы темір торда ұстау жазасы қолданылып келеді.

Есірткі саудасымен күрес бөлімінің бастығы Асқар Кенжеғалиевтың айтуынша, биыл есірткіге байланысты облыста 158 факт анықталыпты. Оның 124-і тек есірткі саудасына байланысты көрінеді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Егер 2007 жылы 20 кг есірткі заттар тәркіленсе, биылғы жылы оның көлемі 30 кг болып отыр. Мұндағы героиннің мөлшері - 0,5 кг.


Жалпы есірткі саудагерлерінің Атырауды көп төңіректейтіні де жай емес көрінеді. Өйткені есірткінің қай түрінің болмасын қара базардағы бағасы мұнда республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда жоғары. Мәселен, жергілікті нашақорлар арасындағы героинның 1 гр- 60 мың теңге (500 доллар). Ал Оңтүстіктегі есірткі нүктелерінде 1 гр героин үшін бар болғаны 500 теңге ғана төлейді екен.

Героинға қарағанда анағұрлым жеңіл деп саналатын марихуана да Атырауда арзан тұрмайды. Анашаның бір стаканы 20-30 мың теңгеге (170-250 доллар), ал 1 кг 100 мың теңгеге (840 доллар) сатылады. Алматы мен Астанада 1 келі марихуана үшін есірткі саудагерлері 400-600 АҚШ долларын ғана таба алады дегенді айтады полиция қызметкерлері.