Долинкадағы тұтқындар ауруханадан бір-ақ шықты

Долинкадағы AK 159/6 түрмесі. Қарағанды, 21 мамыр 2010 ж.

Маусымның 3-і күні таңертең, Қарағанды облысы Долинка поселкесіндегі АК-159/6 түзету мекемесіндегі бес сотталушы қарындарын тіліп, ауруханаға түсті. Колония басшысы бұл төтенше жайтты растағанымен, мекеме ішіндегі жағдайдың жақсы екендігін айтады.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Бейсенбі күні Азатыққа хабарласқан құқыққорғаушы Вадим Курамшин, Қарағанды облысы Долинка поселкесіндегі АК-159/6 түзету мекемесінде отырғандардың наразылығы әлі де жалғасып жатқандығын айтты. Олар енді өз денелерін жарақаттауға бекінген.

– Қатал режімдегі отрядтың бес сотталушысы: Максим Бажанов, Андрей Корольков, Мұрат Апашев, Валерий Михайлов және Евгений Карауштар қарындарын тіліп, ауруханаға жеткізілді деген ақпарат түсті. Одан өзге 1-ші, 7-ші және 4-ші отрядтардан да бірнеше жазасын өтушілер бар көрінеді. Бірақ олардың аты-жөні белгісіз. Олардың бұл қадамға баруының бір ғана себебі – еркін ауруханаға шығып, ақпарат құралдары өкілдеріне колония ішіндегі жағдайы жеткізу, – дейді құқыққорғаушы Курамшин.

Бұл ақпаратты растаған колония бастығы Қайдар Сарин, олардың жағдайы қазір қалыпты екендігін жеткізді.

– Бүгін таңертең бес адам, қарындарын тіліп, осылайша күнделікті колонияның тәртібі мен режиміне қарсылық көрсетіп, келіспеушілігін білдірді. Біз дереу жедел жәрдем шақыртып ауруханаға жеткіздік, қазір жағдайлары қалыпты, – деді колония бастығы.

КАРАУШТЫҢ БАСЫНДАҒЫ ХАЛ

Құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің сөзінше, Долинка колониясында сотталушыларға қысым көрсетіліп, оларға жан түршігерлік азаптауларға жиі ұшырайды. Соның бір дәлелі ретінде апта ортасында Долинкадағы АК-159/6 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілерді ұрып-соғу оқиғасы деп бейнеленген бейнесюжет жарияланды. Ондағы соққыға жығылып жатқан «басты кейіпкер» - Евгений Карауш.
Карауш, бейсенбі таңертең қарнын тілгендердің бірі болып отыр.
Құқық қорғаушылар Махамбет Әбжан, Вадим Курамшин мен Андрей Цуканов баспасөз мәслихатында. Астана, 3 маусым 2010 ж.

– Мен Шахтинск ауруханасының бас дәрігерімен сөйлестім. Ол ұлымның қарны тілінгендігін айтты, жағдайы қалыпты деді. Бірақ өзін көрсетпеді. Кіруге рұқсат жоқ. Оларды колония күзетшілері күзетіп тұр екен. Бас дәрігердің сөзінше ауруханада ұлымнан өзге тағы төрт адам жатыр, – дейді Азатыққа сұхбат берген Евгений Карауштың анасы Галина.

ӘЙГІЛІ БЕЙНЕЖАЗБА

Ғаламторда пайда болған бейнежазбада құқыққорғау қызметкерінің формасын киген қызметкер сотталушының бірін соққыға жығып жатыр. Бірнеше секундтық бейнежазба жасырын, ұялы телефонмен түсірілген-міс. Ондағы таяқ жеп жатқан сотталушы – Евгений Карауш дейді құқық қорғаушы Курамшин. Дегенмен АК-159/6 түзету мекемесінің басшысы Қайдар Сарин, бұл бейнежазбаның монтаж екендігіне сенімді.

– Біріншіден, ұрып жатқан адамның аяғында нәскиі жоқ, екіншіден оның шалбары – қара, ал үстіндегі көк түсті форма іспеттес киім. Бізде құқық қорғаушының киіміне қатысты қатаң тәртіп орнатылған. Біздің қызметкерлер қалай болса солай киінбейді. Одан өзге, Карауштың жанында 20-дан аса адам отырады. Жалғыз өзін біреу ұрып жатқанда олардың барлығы неге тоқтатпай қарап тұрған деген сұрақ туындайды, – дейді Қайдар Сарин.

Оның сөзінше, болған оқиғаға байланысты сұралған Карауш, өзін ешкімнің ұрмағандығын, түрме әкімшілігіне ешқандай шағымының жоқ екендігін мәлімдеген. Карауштың денесінде көгерген, не болмаса өзге де жарақаттардың болмағандығын Халықаралық адам құқығын қорғау бюросының Қарағандыдағы бөлімшесінің өкілі Юрий Гусаков те растап отыр.
Дегенмен, Вадим Курамшин түрменің ішінде барлығы заңды болса бес бірдей азамат өздеріне қол жұмсамас еді деген ой айтады.

АСТАНАДАҒЫ БАСПАСӨЗ МАСЛИХАТЫ

Бейсенбі күні Вадим Курамшин Астанада баспасөз маслихатын өткізді. Онда ол Долинка түзету мекемесіндегі оқиғалары туралы баяндап берді.

Айта кету керек, Астанада журналистермен кездесу үшін құқық қорғаушы өзі тұратын Петропавл қаласындағы учаскелік инспекторынан бір күндік рұқсат алған. Соған сәйкес кешке Петропавлға қайту мақсатында автобекетке келген Курамшинді полиция қызметкерлері ұстап алып кеткендігі белгілі болды.

Одан өзге электрондық таралым арқылы жеткен ақпаратқа қарағанда Астанада баспасөз маслихаты өтіп жатқанда Петропавлдағы Курамшиннің үйіне полиция қызметкерлері келіп, құқыққорғаушының анасын тергеуге алған. Полиция қызметкерлері Курамшиннің анасына, ұлына қатысты құжаттар жиналып жатқандығын жеткізіпті.