Ақтөбелік журналист өлімінің сыры әлі ашылған жоқ

Адам құқығын қорғаушы әрі журналист Дулат Төлегенов 2000 жылы күзде Ақтөбеде жұмбақ жағдайда қаза болды.

Осыдан сегіз жыл бұрын, қазанның 31-нен қарашаның 1-не қараған түні Ақтөбеде белгілі журналист, әрі құқық қорғаушы Дулат Төлегенов жұмбақ жағдайда қаза болды. Тергеу нәтижесін бермеді.

1980 – 1990 жылдардағы қазақстандық журналистикада Дулат Төлегенов беделді есімдердің қатарында болды. Ол сол уақытта танымал болған «Біз - Мы» газетінің негізін қалаушылардың бірі еді, оны Қазақстан Журналистер одағының хатшысы етіп сайлады, ол тіпті Алматы қаласын әкімінің баспасөз хатшысы қызметін де атқарды.


1990 жылдары туған жеріне қайта оралған Дулат Төлегенов тәуелсіз «Диапазон» газетінің редакторы болды. Ал басылым соттың шешімімен уақытша жабылып қалған кезде ол ұжымның қалған мүшелерімен бірге "Ақтөбе облысындағы НП" басылымында жұмыс істеді.


Қайтыс болардан бір жыл бұрын ол Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау бюросының Ақтөбе филиалын басқарды. Сондай-ақ журналистикадан қол үзбей, қайтадан ашылған «Диапазонның» айдарын жүргізіп, республикалық тәуелсіз басылымдарға жазып тұрды.


Оның Ақтөбедегі өндіріс нысандарын «жымқырып қалудың» тарихын зерттеген мақалалар сериясы дәл осы кездерде жарық көрді. Мақалалардың кейіпкерлерінің көбі «Ақтөбенің ең таңдаулы адамдары» еді, олардың басында сол кездегі облыстық әкімшіліктің «сұр кардиналы», Ақтөбе облыстық әкімінің орынбасары Ерген Дошаев болды. Бұл мырзаның Ақтөбе облыстық баспаханасын өзінің меншігіне қалай айналдырғанын оқырмандар Дулат Төлегеновтің арқасында білді.


Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың да білгені белгілі. Кезекті жемқорлықпен күрес кампаниясы кезінде мемлекет басшысы мінберде тұрып, Ерген Дошаевты жемқор деп атады. Президенттің бұл сөзін телеарналар таратты. Осыдан кейін әкімнің орынбасары бизнеске кетті, бірақ мемлекеттік қызметкер көп ұзамай қайтып келді.


…Қаза боларынан бір айдай бұрын Дулат Төлегенов әріптестеріне біреулердің өзін телефонмен қорқытып жүргенін айтыпты. Бірақ уақыт өте келе басылар деген оймен оның сөзіне ешкім мән бере қоймаған.


...Шала жансар Дулатты көпқабатты үйдің балконының астынан кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар тауып алған. Ол ауруханаға барар жолда жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.


Сот-медициналық сараптаманың актісі бойынша, көп мөлшерде қан кету, бауырдың жарылуы, бас сүйектің зақымданып, миға қан құйылуы өлімге себеп болыпты. Ақтөбе сот-медицина сараптамасы бюросының басшысы Орынбасар Төребаевтың айтуынша, бұл жарақаттардың бәрі төртінші қабаттан құлаудың нәтижесі.


Қалалық ішкі істер бөлімінің сол кездегі басшысы Ибрагим Құдайбергенов сол мезетте-ақ журналистерге «бұл өзіне-өзі қол жұмсау, қылмыстық іс қозғайтын қажеттілік жоқ», — деп сенімді түрде мәлім етті. Өлер алдында «Вне закона» журналындағы суицид туралы материалды оқыпты-мыс деген бұл ақпараттың негізі полицейлерді сендіргенімен, ақылды да, өмірге құштар Дулатты білетіндер үшін түсініксіз қалпында қалды.


Осы кезге дейін талай қаржылық қиыншылықты басынан өткізіп, жақында ғана табысты келісімнің нәтижесінде әжептәуір ақша тапқан Дулат Төлегеновті өзіне-өзі қол жұмсады деу шындыққа жанаспайды. Ол тіпті қанша ақшасын қай жерге жұмсайтынын да жоспарлап үлгерген. Бұл қаржының қайда жоғалып кеткені де белгісіз. Полиция мұны сол күйі түсіндіре алмады. Полиция басшылығының тұжырымынша, ақшасынан айырылып, ішіп алған журналистің төртінші қабаттан секіріп кетуі мүмкін.


Бұл жерде Дулат Төлегеновтің мастық дәрежесін дәрігерлердің басынан-ақ анықтай алмағанын айта кету керек. «Будни» ақпаратты бағдарламасының журналисі Дулаттың өлімі туралы репортаж дайындаған Ольга Петрова былай деп еске алады:


— «Жедел жәрдемнің» дәрігерлері басында қан құрамында алкогольдің жоқтығын айтқан, кейіннен қатты мас деген дерек айтылды, осы жері маған түсініксіз».


Журналист Елтай Дәуленов те көзімен көргенін баяндайды:


— Мен Дулаттың соңғы уақытқа дейін тұрған пәтеріндегі көзіммен көрген жайды баяндайын: есіктің жақтауы құлаған; (бұл төбелестен болмағанда, не болуы мүмкін?) едендегі қою қызыл дақ;(қожайындар бұл қан болуы мүмкін дейді) ол құлады деген балконның терезелерінің жақтаулары өте тар. Бұл терезеге сыюдың өзі қиын.


Дулат Төлегеновтің әйелі Гүлсім Омарова да күйеуінің өзін-өзі өлтіруі мүмкін еместігін айтады.


Дулат Төлегеновтің өлімі туралы қылмыстық іс үш айдан кейін ғана қозғалды. Қылмыстық іс Сазды ауданының ішкі істер бөлімінен прокоратураға, одан Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасына, ол жерден қайтадан прокоратураға көшіп жүрді. Ішкі істер басқармасының тергеушілері ұзақ уақыт бойы зерттеу нәтижелерін айтудан бас тартып келді.


«Қылмыстық құрамның болмауына байланысты» деген себеппен № 23679 қылмыстық іс 2001 жылдың 19-мамырында тоқтатылды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің есептеуінше, «... алдын-ала жасалған тергеу мәліметтері бойынша Төлегеновтің өлімін көргендер де, оны өлімге жетелеушілер де анықталған жоқ».


Өткен жылы ақтөбелік саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жергілікті журналистерді мадақтау мақсатында Дулат Төлегенов атындағы жыл сайынғы сыйлықтың тағайындалғанын хабарлады. Сыйлық азаматтық ұстаным білдіріп, билік құрылымдарындағы жемқорлық қылмыс фактілерін әшкерелеген журналистерге беріледі делінген.


Әрине, мұндай әшкере фактілер көп болды. Бірақ оларды Дулат Төлегенов сияқты ашық жазған журналистер болған жоқ.