Ал «Файнекс Корпорейшен ЛТД» компаниясының заңгері Нейля Рахимова болса, сот орындаушыларының белгіленген уақытта келмей қалуын заңсыз деп отыр. Сондай-ақ, ол заңның бұзылуына жол берген сот орындаушыларының үстінен тиісті мекемелерге шағымданатындығын да мәлім етті.
Бүгін сот орындаушыларының не себепті келмегені белгісіз. Бұған жатақхана тұрғындары да, оларды ертерек шығаруға мүдделі болып отырған компания өкілдері де аң-таң. Тіпті, автопарктің қарамағындағы жатақхананың маңына журналистерден бөлек, қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен Медеу ауданы әкімшілігінің өкілдері келіпті. Олар да, жатақхана тұрғындарымен бірге сот орындаушыларын күтті. Алайда, ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының шығарған үкімі бұл жолы да орындалған жоқ.
Қоғамдық Кеңестің шешімі бойынша бұл мәселені қалалық прокуратура бастан-аяқ тексеріп бітпейінше, соттың үкімі уақытша тоқтатыла тұру керек еді. Сондай-ақ, аталмыш кеңестің төрағасы Тоқмұхамед Садықов бас қосуға арнайы келген компанияның өкіліне жатақхананың бұзылған шатырын жөнге келтіруді тапсырды. Бірақ, бүгін өз көзімізбен көргендей, Қоғамдық Кеңестің өтініші орындалмаған. Мұны айтпағанда, жатақхана тұрғындарын электр қуатынан да айырыпты.
Осы мәселеге байланысты «Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясының заңгері Нейля Рахимоваға хабарласқанымызда, ол жатақхана тұрғындарын электр қуатынан айырғанынан хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ, ол сот шешімінің не себепті орындалмай жатқанын түсіне алмай отырғанын айтты:
Бұрынғы №1 автобус паркіне қараған № 1 жатақхана соңғы 5-6 жылда бірнеше қожайын ауыстырды. 2002 жылдың аяғында аталмыш автобус паркінің басшысы Исахан Иманбеков қала әкімшілігінен рұқсат алып, «Каспий» банкінен несие алу үшін жатақхананы кепілдікке қойған екен. Арада бірнеше жыл өтіп, қалалық №1 автобус паркі таратылған соң, «Каспий» банкі бұл жатақхананы аукционға шығарып, тиісті бағасына сатып жібереді. Айналдырған 2-3 жылдың ішінде №1 жатақхана қолдан қолға бірнеше рет сатылған. Ол уақытта автобус паркінде қызмет етіп, осы жатақханадан орын алған қарапайым тұрғындарды ешкім мазалаған жоқ. «Файнекс корпорейшен ЛТД» компаниясы аталмыш жатақхананы сатып алғаннан кейін ғана барып, тұрғындар мен оның басшыларының арасында дау басталады.
Жатақханадағы бүгінгі жағдайдан түсірілген видео: