Отандық инвесторлардың кеңесінде осындай бастамамен Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Серік Ақанов пен «Қазақмыс» корпорациясының президенті Владимир Ким де шықты. Олар президентке өздерінің ұсыныстарын банк басшыларымен келісілгенін де жеткізген болатын. Тіптен, жиын барысында Серік Ақанов осыған дейін жоғары пайызбен несие алған азаматтардың келісім шарттары да қайта қаралса деген өтінішін білдірді.
Бұл қаржы дағдарысы кезіндегі дамыған мелекеттер қолданып отырған тәжірибе екені белгілі. Мәселен АҚШ банктері былтырдан бастап, 6, 7 пайыздық азаматтардан алатын сый ақыларын 4 пайызға дейін түсірді. Еуропа елдерінде ипотекалық несие пайыздары әрі кетсе 6 пайыздан аспайды.
Ал Қазақстан банктері жүйесі керісінше сонғы он жылда пайыз мөлшерін бірнеше есеге өсірді. Былтырдан бастап шетел банктері Қазақстанға қарыздарын қайтару туралы мәселе көтергенде, елдегі банк жүйесі несиенің 12-13 пайыздық ставкаларын 16-18 ге бірақ шығарды. Тіптен, бірқатар банктер өздерінің борышкерлерінің келісім шарттарын қайта қарап, пайыздарын жоғарылатты.
Оның әлеуметтік салдары үлескерлер мен борышкерлердің наразылығымен жалғасып жатты. 1990 жылдардың аяғында Қазақстан банктерінде ипотекалық несие жүйесі ашылған кезде, экономикалық сауаты аз халық «тегін келіп жатқан ақшадай» банкке лап қойған еді. Оның үстіне несие алушылардың сауатсыздығын пайдаланған банк қызметкелері сыбайласқан делдалдар қызметін пайдаланды.
Мәселен, алдарына ипотекаға несие алуға келген азаматтарға табысың аз деп, ия болмаса басқа да сылтаулар айтып кері қайтарады. Сосын делдалының телефонын береді Ал сыбайласқан делдалы өзіне берген сыйақының ретіне қарай «көмектеседі». Мысалы, банктен несиесін төлей алмай отырған азаматтардың бірі - «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының мүшесі Ақылбай Тұяқбаев.
Ол 2006 жылы Тараздағы үш бөлмелі пәтерін 25 мың долларға сатып, «балаларымның болашағы үшін» деп Астанаға қоныс аударады. Ол қолындағы ақшаға әзірге бір бөлмелі пәтер ала тұрайын деп ойлайды. Банктердің барлығына барып, табанын тоздырады. Бірі де алғашқы жарнасы 25 мың доллар болса да Ақылбайға несие бермейді. Содан ТұранӘлемБанктің қызметкері бір делдалдың телефонын береді. Арадағы делдал «екінші деңгейдегі пәтерлерде бір бөлмелі үй жоқ» деп сылтау айтып, оны үш бөлмелі пәтер алуға көндіреді. Сонымен не керек Ақылбай құны 78 мың доллар тұратын пәтерді несиеге алуға шартқа отырады. Ол делдалдың қызметі үшін қолына 5 мың долларды санап береді. Ал банк қызметкеріне құжатты қабылдағаны үшін тағы да 2 мың доллар пара береді.
Осылайша, Тараздан Астанаға келіп, жақсы өмірге тап боламын деп армандаған Ақылбай үш бөлмелі пәтер үшін ай сайын банкке мың доллардан аса несие қарызын төлеп тұрады екен. Енді мәне, дағдарыстың салдарынан ол жұмыссыздыққа тап болып, банкке ақшасын төлей алмай отыр. Ал бүгінде банк Ақылбайдың үйін уақытында төлемедің деп аукционға сатуға қойып жатқан көрінеді.
Осындай иптекалық бум халықтың психологиялық дағдарысына да әкеліп отыр. Мұны соңғы кезде Қазақстанда өзіне өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеп кеткендігімен түсіндіруге болады. Астанадағы психологтардың қауымдастығы Қазақстандағы халықтың стресс, депрессия алған кезде дер кезінде психологқа қаралу дәстүрінің әлі қалыптаспағанын айтады. Психолог мамандар борышкерлердің бірігіп наразылық акцияларын өткізуі де адамдарды депрессиядан шығуға көмектеседі дейді. Мысалы, соңғы кезде Алматыдағы «Өз үйімізді қорғаймыз», Астанадағы «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымдардың белсенді жұмыс істеуінің салдарынан Астана мен Алматыда өзіне өзі қол жұмсау саны едәуір азайыпты.
Ал «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының жетекшісі Зәуреш Батталова борышкерлердің осындай жағдайға тап болуына халықтың да кінәсі бар деп есептейді. Олар қолынан келмеген істің бәрін тез пара арқылы шешуге асығады. Ертеңгі күнін болжамайды дейді.
Зәуреш Батталова 2000 жылдың басында парламентте сенатор болып тұрған кезде «Ипотекалық несиелендіру» туралы заң жобасының қабылдануына қарсы тұрғанын айтады. «Мен сол кезде-ақ ипотекалық несие пайызының жоғары екенін, бұл бағдарламаның қарапайым халық үшін ауыр болатынын көтерген едім, бірақ үкіметтің дегені болып, заң қабылданып кетті. Енді міне зардабын жеті-сегіз жыл өткеннен кейін көріп отырмыз», - дейді Зәуреш Батталова.
Қаржыгер Ғалым Байназаров та елдегі борышкерлер мәселесінің туындауы заңдардың шикілігінен деп отыр. Ол ипотекамен несие алушылардың ай сайынғы еңбек ақылары кем дегенде мың жарым доллардың көлемінде болуы керек деп есептейді. Алайда, Қазақстанда орташа еңбек ақы 60 мың теңгенің көлемінде екені белгілі.
Ал президенттің «ипотекалық несие пайызы төмендейді» дегеніне тұрғындардың көбі селқос қарайды. Мысалы осыдан үш жыл бұрын АТФ банктен 13,5 пайызбен ипотекаға несие алған Әділхан несие пайызын түсірсе де өздерінің келісім шарттарын қайта қарауы мүмкін дегенге сенбейді. «Несие пайызын Еуропадағы мемлекеттердегідей түсірсе әрине жақсы. Бірақ менің қазір үкіметке ешқандай сенімім жоқ. Түсірсе де 10 пайыздан кем етпейді», - дейді Әділхан.
Расында, соңғы кезде Қазақстан халқының қазіргі билікке деген сенімі өте азайып кетті. Кез келген бағдарламаларына селқос қарайды. Үкіметтің бұл жолы халыққа қаншалықты қамқор екендігі «Дағдарысқа қарсы тұру» бағдарламасынан белгілі болады.