Бүгін Алматыдағы Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қойып, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын еске алып тағзым етуге келген үлескерлер сол жерде үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен жиын өткізіп, полициямен қақтығысып қалды.
Желтоқсанның 16-ы күні таңертеңнен алдымен Алматыдағы ұлттық кітапхана маңына жиналған шамамен 400-ге жуық үлескер сағат 11-лер шамасында Күләш Байсейітова көшесімен жоғарлы өрлеп, қаланың орталық алаңындағы Тәуелсіздік ескерткішіне қарай жылжыды. Ескерткішке жете берер жолда олар сап түзеген полицияның қалың шебіне жолықты. Алайда, шеру тартып келе жатқандардың жолын бөгемеу туралы басшыларынан нұсқау алған полицейлер оларды бұл жерде көп ұстамады.
Діттеген жеріне жеткен жұртшылық ескерткішке өздері әкелген гүл шоғын қойып, дәл осы алаңда бұдан тура 22 жыл бұрын Мәскеудің саясатына қарсылық білдірген Желтоқсан көтерілісі құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың аруағына тағзым етті.
Бұдан кейін ресми тіркелмеген «Талмас» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айнұр Құрманов жиналғандар алдына шығып, резолюция оқыды. Дыбыс күшейткіш құралдың көмегімен оқылған резолюцияда үлескерлер мен баспана мәселесіне қатысты қордаланған өзге де проблемаларды шеше алмай отырған Кәрім Мәсімовтің үкіметі мен Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов отставкаға кетсін деген талап айтылды.
Алайда, А.Құрманов резолюцияны толық оқып үлгермеді – оншақты полиция қыметкерлері оны тарпа бас салып, алаңның шетіне алдын ала әкелініп қойылған автобустардың біріне қарай сүйрей жөнелді. Мұның арты, Құрмановқа араша түсіп, оны полицияға бермей алып қалуға ұмтылған жұртшылық пен полиция арасында қақтығысқа ұласты.
Топтың арасынан кейбір белсенділерді алып кетпекке жұлқылаған полицейлер үлескерлердің қарсылығына тап болып, арсыл-гүрсіл текетіресте біраз адамдар жығылып, ескерткіш алдында ығы-жығы болған жұрт лезде айғай-шу көтерді. Оқиғаның дәл ортасында қалып қойған кейбір журналистердің диктофон, фотокамералары да жерге ұшып түсіп жатты.
Бұдан кейін жұрт біртіндеп тарай бастады. Ал наразылық жиынында биліктің отставкаға кетуі туралы талап оқыған Айнұр Құрмановты полициялар алаңнан шеткері жерде ұстап, Бостандық аудандық полиция бөліміне алып кетті. Тәуелсіздік күнгі Республика алаңындағы оқиғадан түсірілген бейнетаспаны осы арадан көре аласыздар.