Интернеттегі тосқауылдан төзімдері таусылғандар «Қазақтелекомға» қарсы акция бастамақ

Қазақстандағы бірқатар қоғамдық қозғалыстар Интернеттегі кейбір сайттарға тосқауыл қойып отыр деп елдегі негізгі провайдер - "Қазақтелекомды" кінәлап, оған кең көлемді қарсылық акция бастайтындарын мәлімдеді. Ал «Қазақтелеком» болса сайттардың тосқауылға ұшырауына еш қатысы жоқ екендігін айтуда.

ПРОВАЙДЕРГЕ ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ ЕКІ ЖОЛЫ


Алматыдағы «Еркін интернет үшін!» қозғалысының белсенділері мен «Жанасу» ынталы жастар орталығы бірігіп Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың құқын қорғауға бағытталған шара бастағалы отыр.

Алғашқы қадам – елдегі ең ірі провайдер «Қазақателеком» ұлттық компаниясын интернеттің таралуы туралы жазбаша сұрақтың астына алып, оған жауаптар талап ету.

Екінші қадам – өзінің тікелей қызметін атқармай, «Қазақтелекомның» заңсыздықтарына жол беріп отырғаны үшін Байланыс және ақпарат министрлігін сотқа беру.

– Аптаның басында бірқатар сайттарға тосқауыл қойылған еді. Алдымен, біз өзіміз тілші болып қызмет ететін «Республика» ақпараттық-талдау порталының серіктес-форумына, одан кейін YouTube сайтына кіру мүмкін болмады. Соңғысы кешке қайта қосылды. Соңғы бір жарым жыл бойы Livejournal жабылып тұр, Евгений Жовтис өзінің блогын ашқалы бері http://blogspot.com сайты да жабылып қалды.

Одан өзге ақпарат министрлігі, Vkontakte.ru мен Мой мир сайттарын жауып тастауды көздеп отырғандарын мәлімдеді. Одан кейін олар бұл ақпаратты бірінші сәуір күнгі қалжыңдары екендігін жеткізді. Біз – интернет пайдаланушылар, провайдерге ай сайын ақша төлеп келеміз, алайда бізге қызықты бірқатар сайттарды аша алмаймыз. Неге Қазақтелеком провайдер ретінде өз қызметін дұрыс атқармайды? – дейді бастамашылдардың бірі, журналист Ирина Медникова.

Оның айтуынша, аталған сайттардың тосқауылға ұшырауы кездейсоқ емес. Мәселен, YouTube видеоресурсы Қырғызстанда болған толқулардың куәгерлері түсірген бейнематериалдар жариялана бастағаннан кейін іле-шала жабылған. Ал «Республика» ақпараттық-талдау порталының форумында көрші елдегі оқиға қызу талқыланып жатқанда бұл сайтта тұмшаланып қалған.

Бір атап өтерлігі, Қазақстаннан тыс жерлердегі тұтынушылар осы аталған сайттардың еркін ашылып тұрғанына көз жеткізді. Тіпті, Қазақстанның өз ішіндегі кейбір кішігірім провайдер-компаниялар арқылы интернетке қосылғандар да бұл сайттарды еш кедергісіз оқып, тыңдап, көре алды.

Алайда ұлттық компания арқылы интернетке қосылғандар үшін жоғарыда аталған сайттар жұмбақ тосқауылға кезігіп, тұтынушылар ол сайттарды аша алмай қара терге түсті.

«Еркін интернет үшін!» қозғалысы мен «Жанасу» орталығы болса аталған проблеманы провайдердің кінәсінен деп біледі. «Қазақтелеком» өзіне ұнаған интернет ресурстарды ашып, ұнамағанына тосқауыл қойып отыр деген олар енді жұртты арнайы тәжірибе өткізуге шақырып отыр.

– Біз, әрине, провайдердің тосқауыл жасап отырғандығын дәлелдей алмаймыз. Дегенмен «Қазақтелеком» арқылы ашылмай тұрған сайттарды өзге провайдерлермен ашып, тексеріп көреміз, – дейді Ирина Медникова.

ҰЛТТЫҚ ОПЕРАТОРДЫҢ ЖАУАБЫ

«Қазақтелеком» ұлттық компаниясының өкілдері болса, қандай да бір сайттарға тосқауыл қоюға өздерінің құқылары жоқ екендігін алға тартып отыр.

– YouTube қазір ашылып тұр. Ал Livejournal сайтына қатысты Қуанышбек Есекеевтің мәлімдемесімен танысып шығыңыздар, – деді Азаттық радиосына ұлттық компанияның Әлия есімді баспасөз-қызметінің өкілі.

Бұрынғы ақпарат және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев мырзаның мәлімдемесінде, «Қазақстандағы қазіргі заң бойынша, желідегі ақпаратты тарату ережесіне қайшы келген ақпараттарды таратуды шектеп, сотпен қудалауға мүмкіндік бар. Осыған сәйкес, www.geo.kz, www.geokz.tv интернет-ресурстары мен Қазақстан территориясынан тыс жерде орналасқан оның өзге де көшірме сайттарына, оның ішінде livejournal.com блог-платформасына соттың шешімімен тосқауыл қойылған болатын», – делінген.

Қазақстанда заңдарға өзгерістер енгізу арқылы интернетке бақылаудың күшейтіліп отырғанына өткен аптада Human Right Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы да назар аударған еді. Бұл ұйымның өкілі соңғы кезде Қазақстанда бірқатар вебсайттар тұмшаланып, блогтарға кіру мүмкін болмай қалғанын атап көрсеткен болатын.