Фидель Кастро Олимпиадаға қатысқан қазақстандық спортшыларды жемқор деп айыптады

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Фидель Кастро Кубаны шамамен жарты ғасырдай басқарып келді, ал 2008 жылы ол билік тізгінін інісінің қолына ұстатты.

Әлемде дүрлігіс туғызған үлкен жанжалдардың бірі Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында таэквондодан қола медаль үшін күрес барысында туды. Жүлделі орын үшін кубалық Анхель Матос пен қазақстандық Арман Шілманов айқасқан болатын.
Аталған оқиға желісін британдық Independent былай деп баяндайды: «Таэквондодан 80 келіден жоғары атлеттердің қола медаль үшін күресі барысында Анхель Матос төрешіні беттен тепкені үшін бапкерімен бірге болашақта жарысқа қатысу құқынан өмір бойына айырылды. Кубалық жаттықтырушы Леудис Гонсалес Матостың бұл әрекеті үшін кешірім сұрауға барған жоқ. Ойынның екінші кезеңінде Матос 3:2 есебімен жеңіп келе жатқан-ды, бірақ қазақстандық қарсыласы Арман Шілмановтың соққысынан соң ол етпетінен құлап түсті.
Медициналық көмек күткен кубалық спортшыға берілген уақытта күрес алаңына қайтып оралмағаны үшін жеңіліс белгіленді. Палуандарға 60 секунд беріледі, ал бұл уақыт өтіп кеткен соң Матос жарыстан шығарылды. Ойынның аяқталғанын білдіретін белгіні естіген Матос ашу шақырып, судьяны итеріп жіберді де, швециялық төреші Чакир Челботты беттен тепті. Артынша еденге бір түкірген Матосқа алаңнан кетуге тура келді».
Бұл оқиға Кубада да кең тарап, жанжалға қатысты өз пікірін ұлттық лидер Фидель Кастро да білдіре кетті. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Кубаның бұрынғы президенті жазаланған таэквондошыны қолдайтынын жеткізген. Ақпарат агенттігі келтірген Фидель Кастро мақаласының бір үзіндісінде ол, Анхель Матос «қатты ашуланып отырды» деп мәлімдейді, өйткені әлдебіреулер оның жаттықтырушысына пара бермек болған, сондықтан да, Арман Шілмановты жеңіп бастаған қола медаль үшін күрес барысында оны төреші жарыстан шығармақ болғанда ол «өз-өзін ұстай алмай қалған». «Төрешінің бұл шешімін әділетсіз деп тапқан ол, наразылық танытып, төрешіні беттен теуіп қалған», - деп жазады Фидель Кастро.
«Біз өз спортышымыз бен жаттықтырушымыздың пікірін толық қолдаймыз», - деп мәлімдейді аты аңызға айналған Фидель Кастро. Ол кубалық боксшылардың жеңілісіне «антикубалық мафия» кінәлі дегенді жеткізді. «Олардың біздің боксшылар командасындағы жастарға істегендері – қылмыс, - деп қынжыла мәлімдейді Фидель Кастро. – Олардың өршеленіп алғаны соншалық, ойынның бұл түрінен Кубаға бірде-бір алтын медаль берген жоқ».

Куба спортындағы ахуалды Reuters тілшісі былай деп суреттейді: «2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарында бес алтын медаль ұтып алған Кубаның әуесқой атлеттері Бейжіңде алтынға қол жеткізе алған жоқ. Афинада алтын алған бесеудің үшеуі Кубадан қашып кетсе, төртіншісі қашуға талпыныс білдіргені үшін құрама командадан қуылған болатын».
Аталған тақырыпты Associated Press ақпарат агенттігі жалғастырады: "Таэквондо сайысының ресми өкілдері, Матостың әрекеті олимпиадалық мұрат-мақсаттарды қорлаумен пара-пар деп мәлімдеді. Ал, Матостың бапкері, ойын нәтижесі алдын-ала белгіленіп қойған болатын деп, қазақтарды өзіне ақша бермек болды деп айыптап отыр".
Бұл пікірді толық қолдаған Фидель Кастро спортшының бедерсіз қылығын: «Олар оның жеке бапкерін сатып алмақ болды. Ол өзін-өзі ұстай алмай қалды» деп түсіндіреді.
Бейжіңдегі Олимпиада барысында Қазақстан мен Куба спортшылары өзге спорт алаңдарында да кездесті. Мәселен, бокстан алтын медаль үшін өткен ақтық жекпе-жекте қазақстандық Бақыт Сәрсекбаев кубалық Карлос Бантосты оңайлықпен жеңе алды. Бір қызығы, Фидель Кастро бұл ойынның нәтижесіне күмән келтіріп отырған жоқ, бірақ төрешілерге «жартылай финалда кубалық спортшылардың жеңісін қолдан алып берді» деген кінә тағады (жартылай финалда қазақстандықтар кубалық боксшылармен кездескен жоқ).
Фидель Кастро 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиадаға да мейлінше күмәнмен қарап, алдағы ойындардан «еуропалық шовинизм мен төрешілердің жемқорлық, сатқындығын және... аздаған нәсілшілдік сипатын» күтетінін жасырмайды.