Оппозиция үкіметтің саяси реформаға жол ашатынына сенбейді

Оппозициялық партиялар үкіметтің «Сайлау туралы», «БАҚ туралы» және «Саяси партиялар туралы» заң жобаларын сын астына алып, мәлімдеме таратты.

Қазақстанда демократияны күшейту мақсатында саяси маңызы басым заңдарды тез арада дайындау туралы президент Н.Назарбаевтан тапсырма алған үкімет қарашаның 11-і күні төрт бірдей заң жобасын бір күннің ішінде бекітіп тастаған еді. Олар: «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы», «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», сондай-ақ қоғамда бірнеше жылдан бері қызу талқыланып келе жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдардың жобасы.

Аталған заң жобаларының алғашқысына ешкімнің дауы жоқ секілді, бірақ қалған үшеуіне келгенде оппозициялық партиялардың айтары көп-ақ. «Азат» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярованың пікірінше, сөз болып отырған үш заң жобасы Қазақстанды демократияға емес, демократиядан кері жылжытпақ.

Маржан Аспандиярова: Үкіметтің заң жобаларында шектеулер мен тыйымдар сол күйінде қалған.
- Өкінішке қарай, үкіметтің қазіргі жасап отырған тірлігінде ешқандай жаңалық жоқ. Заң жобалары елдегі демократиялық күштерді қорлап отыр: барлық шектеулер мен тиымдарды сол күйінде қалдырған, маңызды ештеме өзгермеген, бұрынғы мазмұны қысаң заң мәтіндеріне кейбір «опа-далаптық» сылап-сипаулар жасалған.


«Азат» демократиялық партиясы сөз болып отырған заңдардың өзіндік жобасын дайындаған-ды. «Азаттықтардың» пікірінше, жеме-жемге келгенде партия ұсынған негізгі ережелер түсіп қалып отыр. Атап айтқанда, «Азат» сайлауда 3 пайыз дауыс жинаған партия өкілінің Парламентке өтуі, саяси партияны тіркеуде 5 мың дауыс жинауды ұсынған болатын. Бірақ үкімет бекіткен жоба сайлауда Парламентке өту межесін 7 пайыз күйінде қалдырып, саяси партияны ресми тіркеуге алуға қажет қолды 50 мыңнан 40 мыңға түсіруді қарастырады.


- Біздің елде ешқашан әділ сайлау өтпеген. Себеп - учаскелік сайлау комиссияларының құрамында болып тұр. Жобада аталған комиссиялардың сандық құрамын кешендеу тәртібінде ешқандай өзгеріс жоқ. Ал енді адамдар партияға ұйымдасамыз десе, оған 50 мың дауыс жинау деген әлемде жоқ тәжірибе, - деді Маржан Аспандиярова.


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да заң жобаларын демократиялық қағидаларға қайшы деп тауып отыр. Аталған партия төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов осы жобаларды дайындау арқылы үкімет демократиялық реформаларға қатысты берген уәделерінен тайқыды деп есептейді.

Әміржан Қосанов: Заң жобалары барлық саяси күштердің талқысынан өтуі тиіс.
- Елдегі демократияны жасау үкіметтің ғана жұмысы емес. Сондықтан Парламент қарауына ұсынар алдында заң жобаларын барлық саяси күштер талқыға салып, оған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері бақылаушы ретінде қатысуы керек. Сонда ғана біз Қазақстанның даму жағдайына лайықты заңды дүниеге әкелеміз, - деді Әміржан Қосанов.

Сонымен қатар, оппозициялық партиялар Қазақстандағы барлық саяси күштерді сөз болып отырған заң жобаларын Парламентке дейін жеткізбеуге жан-жақты күш салуға шақырды, сондай-ақ осы бағытта әрқилы наразылық шараларын өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.