«Қазақтелеком» Орталық Азия аумағындағы бүкіләлемдік LiveJournal – «Тірі журнал» (Живой журнал) блог-порталының ашылуына қойылған тосқауылға ешқандай қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Бұл туралы : «Біз республика аумағындағы ешқандай интернет-ресурстарды жаба алмаймыз және жоғарыда аталған порталға да қатысымыз жоқ»,— деп хабарлады «Интерфакс-Қазақстан агенттігіне «Қазақтелекомның» қоғаммен байланыс қызметінің бастығы Балжан Ілбісінова.
«Бізге белгілі болғандай, Қырғызстан мен Өзбекстанның тұтынушылары да бұл порталды аша алмай отырған көрінеді, соған қарағанда, LiveJournal". порталының өзінде техникалық ақаулар болуы мүмкін»,— деп атап көрсетті Балжан Ілбісінова.
Жақын арада Париждегі «Шекарасыз репортерлар» (Репортеры без границ) бүкіләлемдік баспасөзді қорғау ұйымы «Қазақтелеком» мен Қазақстандағы «Нұрсат» интернет провайдерін LiveJournal блог-порталын Қазақстан президенті мен оның айналасындағыларға қарсы Рахат Әлиевтің блогындағы материалдарды жариялағаны үшін жапты деп сынға алған болатын.
«Қазақстандағы веб-сайттардың жабылуы посткеңестік байланыс құралдарына тәуелді Қырғызстан сайттарына да кіруді шектейді», — деп жазады «Шекарасыз репортерлар».
«Шекарасыз репортерлар» ұйымы «Тірі журнал» блог-порталының жабылуын Қазақстандағы интернет-цензураның бір көрінісі ретінде бағалайды. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстан билігін сөз бостандығы мен адам құқығын аяқ асты етеді деп жиі сынайды. Бірақ, Қазақтелеком LiveJournal блог-порталының жабылуына қатысы жоқтығын айтудан танбай отыр.