Ресей шетелдік еңбек мигранттарын азайтады

Ресей бас министрі Владимир Путин.

Ресей премьер министрі Владимир Путин елге жұмыс іздеп келген шетелдік жұмысшылардың санын азайтуға бағытталған қаулыға қол қойды. Ол бұл қадамдар елдегі күшейе түскен қаржы дағдарысын жеңілдетуге көмектеседі деді.
Бүгінде Шарифбек Кавказ бен басқа да Орта Азия елдерінен келген мигранттар сияқты Мәскеудегі құрылыстарда ауыр жұмыстар атқарып жүр. Жұмысы ауыр болса да айына бар табатыны шамамен 600 доллардай ғана, оның көбін елінде қалған отбасына жіберіп отырады. Енді Шарифбек өткен аптада Ресей премьер министрі Влдаимир Путин елдегі шетелдік еңбек мигранттарының санын тең жартысына қысқарту туралы қаулыға қол қойған соң, тіпті тіршілік көзіне айналған осы жұмысынан да айрылайын деп отыр. Оның айтуынша:

“Бұл өте қиын жағдай болайын деп тұр, өйткені елімде еш жұмыс жоқ. Мен қаңтар айынан кейін қалай болатынын білмеймін. Мұның бәрі немен аяқталады, адамдар қалай тіршілік етуді жалғастырады”.

Соңғы он жылдықтағы қарқынды экономикалық өсімінен кейін Ресей ғаламдық қаржы дағдарысына тап болып отыр. Компаниялар жұмысшылар санын қысқарта бастады, қаржының жоқтығынан көптеген құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.

Соңғы бірнеше аптада елде шетелдік мигранттарға қарсы бірқатар шерулер өтті.


Биліктің “Единая Россия” партиясының жастар қанатындағы белсенділер шеру өткізіп, елдегі әрбір еңбек мигрантын Ресейден шығаруға шақырды. Шетелдік еңбек мигранттарына қарсы наразылық шеруіне шыққандар қолдарына “Біз Ресейліктерді қорғаймыз”, “Біздің ел, біздің жұмыс” деген ұрандар алып шыққан.

Сонымен қатар бұл топ құрылыс нысандарында заңсыз жұмыс істеп жатқандарды табу үшін тексеру қажеттігін ұсынды.

Орталық Азия елдерінің азаматтарына Ресейге кіруге виза қажет емес, бірақ олардың көбі елде заңды түрде жұмыс орнын таба алмайды, өйткені олар көбінесе салық төлегісі келмейді.

Тәжікстандық мигрант Шарифбек Саддридиннің айтуынша, үкіметтің шетелдік еңбек мигранттарының санын азайту шешімі Мәскеудегі мигранттар қауымдастығы ішінде әділетсіздікті күшейтті.

Мигранттар мәселесімен айналысып жүрген құқық қорғаушы Светлана Ганушкина Шарифбек Саддридиннің ол айтқандырмен келісіп отыр:

“Ресейліктер осындай жағдайда мұндай ақшаға жұмыс жасауға дайын емес. Мұнда білімі жоқ мигранттар келеді, олар аз ғана ақшаға жұмыс істейді. Бұл өте тиімді жұмыс күші, егер олар жұмысқа заңсыз жолмен алынса жұмыс берушіге ол тіпті тиімді”, - дейді мигранттар құқын қорғаушы Ганушкина.

Мигрант мәселесі бойынша сарапшылар жоспарланған мигранттар санын жартысына дейін қысқарту Ресейдің экономикалық дағдарысын аздап қана жеңілдетеді дейді. Екінші жағынан мұндай шаралар еңбек мигранттарын заңсыз жолмен жүруге апарады.

Бұл тұрғыда Мәскеудегі Тәжік мәдени орталығының басшысы Боғшохи Лашкарбек Азаттықтың тәжік қызметіне былай дейді:

“Көптеген компаниялар ол шешімге қарамастан бұрынғыдай мигранттарды жұмысқа ала береді. Бұл мигранттар санын қысқарту салық төлегісі келмейтін жұмыс берушілерге тиімді емес. Және бұл шешім Мәскеуде заңсыз мигранттар санын өсіріп жібереді. Тәжіктер бұрынғыдан бетер зардап шегеді. Оларға мүмкіндігінше әрбір жерде айыппұл салынып, жұмыс берушілер жауапкершіліктен бұрынғыдай қаша береді”.

Мигранттар санын көп көлемде қысқарту сонымен қатар бүгінде экономикалық дағдарысқа байланысты мигранттарға наразы қоғамда бұрыннан бар нәсілшілдікке жол беріп отыр.

Нәсілшілдік пен жеккөрушілік жағдайларын бақылайтын “Сова” ұйымының сарапшысы Галина Кожевникованың айтуынша:

“Қазіргі уақытта мигранттарға қарсы науқан жүріп жатыр. Онда жұмыссыз адамдар елдеріне қайтудың орнына топтасып алып қорғаусыз ресейліктерді өлтіріп жатыр деген әңгімелер шығуда. Мұндай қорқыныш сезімдерін Ресей Думасы қатты қолдап отырған соң, ол күшейіп барады. Мұның бәрі қақтығысты күшейтуге бастап тұр”.

“Сова” тобының мәліметтеріне қарағанда, нәсілшілдік себептермен болған шабуылдан осы жылы Ресейде 84 адам өлтіріліп, 360-тан аса адам жарақат алды.