Алматы қаласындағы Төле би мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан «Қамқорлық» дағдарыс орталығына күн сайын зорлық-зомбылық көрген көптеген әйел көмек сұрап келеді. Түрлі әлеуметтік ортадан шыққан әйелдердің басындағы жағдайлар бір-біріне ұқсас дейді орталықтың заңгері Тұрғынбаева Қарашаш.
- Күйеуі әйелін, бала-шағасын үнемі ұрып-соғады. Оларды асырамайды. Ал әйелі болса, баламен үйде отырады, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. Сөйтіп, ол күйеуіне толықтай тәуелді болып қалған. Олар бізге келіп, өздерінің құқықтары туралы кеңес сұрайды. Келген әйелдердің жағдайын естіп отырып, біздің жүрегіміз ауырады. Тіпті күйеуі мас күйінде әйелін ауыр аяқ кезінде ішінен тепкен жағдайлар кездеседі. Ажырасқан ер адамдардың 80 пайызы алимент төлемейді.
Ал Алматыдағы «Құрбылар» дағдарыс орталығына 11 жыл аралығында 15 мыңнан астам әйел көмек сұрап барған. Бұл өз бойындағы қорқынышты жеңген әйелдердің саны ғана. Ал күйеуінен көрген әлімжеттікті жасырып, оны айтуға батылы жетпейтін әйелдер саны әлдеқайды көп екеніне орталық жетекшісі Надежда Владырь сенімді.
Мамандардың айтуынша, мұндай қасірет көрген әйелдерді заң қорғауы қажет. Қабылданатын «Тұрмыстық зорлық зомбылыққа қарсы іс-қимылдар» туралы заңда мұнымен қоса төмендегідей жайттар да ескерілуі керек дейді Надежда Владырь.
- Біз көмек сұрап келген әйелдердің барлығына толықтай қол ұшын беруге шамамыз жетпейді. Бізге мемлекет тарапынан көмек керек. Қабылданатын заңға күш көрсетуші адаммен де жұмыс жасау мүмкіндігін енгізгенін қалаймыз. Егер бір жақпен яғни, жәбірленушімен ғана жұмыс жасайтын болсақ, онда нәтиже де аз болады.
Республика бойынша әйелдерге заңдық-психологиялық тұрғыда көмек беретін 20 дағдарыс орталығы бар көрінеді. Оның 2-і Алматыда орналасқан. Десек те, бұл шашыраңқы орналасқан халық үшін аз дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының жетекшісі Ұлжан Лұқпанова.
- Әсіресе, қаладан шалғай жерлерде аудандарда, ауылдарда мұндай жағдайға ұшыраған әйелдер не істерін білмей шарасыз күйге түседі. Ең өкініштісі, зорлық-зомбылықтың көбісі осындай жерлерде кездеседі. Бізге Қаскелеңнен, Есіктің тұрғындары телефон шалады. Олар қашан да осындай орталықтар туралы естіген. Ал одан да алыс мысалы, Кеген, Нарынқол сияқты аудандар бар. Олар мұндай орталықтар туралы мүлде білмейді. Сондықтан мұндай орталықтарды сөзсіз көбейту керек.
Үстіміздегі жылдың қаңтар мен қыркүйек айы аралығында «Құрбылар» орталығына 1200-ге жуық адам келіп, көмек сұраған. Ал оның жартысына жуығы – зорлық-зомбылық салдарынан дене жарақатын алса, 343 әйел психологиялық зардапқа ұшыраған. Ал 22-сі экономикалық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, 15 әйел жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен.