24 қараша күні Киевтің аймақтық әкімшілік соты Украина Бас прокуратурасының Қазақстанның төрт азаматына, олардың арасында Есентай және Жұмабай Байсақовтар бар, босқын мәртебесінің берілуі туралы шешімнің заңсыздығына қатысты талап-арызын қарап, қанағаттандырмай тастады.
Адвокат Петр Бойконың айтуынша, сот Украина Бас прокуратурасының Украина көші-қон мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қазақстан азаматтарына босқын мәртебесін беру туралы шешіміне қатысты наразылығын талқылады. Бас прокуратура ағайынды Байсақовтарға босқын мәртебесі тиісті құжаттарсыз, негізсіз берілген деп есептейді.
-Ұлт және көші-қон мәселелері жөніндегі Украина мемлекеттік комитеті бұл ұсынысты қабылдамай тастағанымен, Бас прокуратура Есентай және Жұмабай Байсақовтарға босқын мәртебесін беру туралы шешімнің заңсыздығын дәлелдемек болып, сотқа арыз берген,- дейді адвокат Петр Бойко.
Киевтің аймақтық соты 4 ай бойы материалдарды терең зерттей келе, 24 қарашада Бас прокуратураның арызын қанағаттандырмау турасында шешім қабылдады. Сөйтіп сот Байсақовтар әлі де саяси қуғында қалып отырғандықтан, олардың Украина заңына сай барлық құқықтары сақталады, әрі Ұлт және көші-қон жөніндегі мемлекеттік комитеттің шығарған шешімдері өз күшінде қалады деп шешті.
Сондай-ақ, адвокат Петр Бойко Азаттық радиосына Байсақовтың немере інісі Асанәлі Жекебаевтың ұсталуы жөнінде де нақты мағлұматтар берді.
— Ол қазір Венада ұсталып отыр. Жекебаевтың ісімен веналық адвокаттар айналысуда. Менің ойымша, қалай болғанда да оны кепілдікпен бостандыққа шығаруы мүмкін.
Егер істің шынтуайтына көшсек, мен үшін де, Украина адвокаттары үшін де бұл түсініксіз іс. Қалайша адамды (Асанәлі Жекебаевты. Азаттық) мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан шешімді сотталушысыз, кассациялық жолмен, сырттай, бұзуға болады?! Ал, олай болмауы тиіс, бұл бір барып тұрған жабайылық. Сондықтан мұндай жабайылық өркениетті Еуропада да болмақшы. Кез келген үкімді сырттай болдырмай тастау дегенді олар тіпті де түсінбейді.
Сот болды, сотқа қатысқан прокурордың өзі адамды денсаулығының нашарлауына байланысты мерзімінен бұрын босату керектігімен келісті.
Екі жыл өткеннен кейін әлдекімнің есіне әлдене түседі де, соттың шешімін кейінге қалдырып, адамды ұстап отырады?! Мен мұндай құқықтық ақымақшылықты өмірімде көрмеппін де, естімеппін де!-дейді Бойко.
Бұдан бұрынырақ Еуропа соты мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі басқармасы Асанәлі Жекебаев пен Есентай Байсақовты Қазақстанға экстрадациялауға уақытша тиым салуға шешім шығарғанын еске сала кетейік. Бұл туралы адвокат Сәлімжан Мусин мәлім етті.
Оның айтуынша, 13 қарашада Еуропа соты қазақстандық босқындар ісінің материалдарын қарап, Байсақовтың құқығын қорғау мен оны экстрадация жасамауға уақытша қолданатын шаралар туралы шешім шығарған. Ал Жекебаевқа қатысты толық тергеу жасалып, барлық дәлелдер зерттеледі, содан кейін ғана оны экстарадациялау туралы ақырғы шешім шығарылады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, А.Жекебаев 8 қараша күні Австрия астанасының әуежайында павлодардық кәсіпкердің өліміне қатысты күдікті ретінде Интерполдың тұтқынына түскен еді.
Адвокат Сәлімжан Мусиннің айтуынша, А.Жекебаевты «бір қылмысы үшін екі рет соттағысы келіп отыр».
Ол А.Жекебаевтың «осы қылмысы үшін 11 жылға сотталып қойғандығын» айтады. «Мерзімінің жартысын түрмеде өткізген ол денсаулық жағдайына байланысты бостандыққа жіберілді. Ал Венада ұсталғанда ол толық заңдық негізбен жүр еді. Ол жаққа емделуге барған», — деп атап өтті адвокат.
С. Мусиннің сөзіне қарағанда, А.Жекебаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім «түсініксіз себептерге байланысты» кейінге қалдырылғанын оның өзі де, қорғаушысы да білмеген.
Сондай-ақ Жекебаевтың анасы «ұлын жасамаған қылмысы үшін заңсыз соттады» деп есептейді және Қазақстан президентіне ұлының айыпталуына байланысты дәйекті зерттеу жасалуын сұрап, өтініш жасады.