Қазақ киелі аң деп санайтын ақбөкендерге тағы да нәубет төнді. Қазақстанның батысындағы 12 мың киіктің жаппай қырылуына жұқпалы ауру – пастереллез себеп болған деген ресми тұжырыммен биолог мамандар келіспей отыр.
ҒАЛЫМНЫҢ КҮДІГІ
Батыс Қазақстанда қырылған киіктер саны 12 мыңға жетті деп хабарлайды ресми орындар. Оның себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия киіктердің қырылуына пастереллез жұқпалы ауруы болған деген тұжырым жасап отыр. Әйткенмен биолог мамандар бұл қортындыға күмән келтіреді.
– Себебі, біріншіден, киіктердің жаппай қырылған аймағында мамырдың 17-і күні тұман болып, одан кейін сұр бұлт пайда болған. Оған жергілікті тұрғындар куә. Екіншіден, қырылған киіктер - Ресейдің Капустин Яр әскери полигонына жақын жерді мекендеген оралдық популяциясы. Үшіншіден, мамырдың 15-16-сы күндері Атырау зауытында апат болған-мыс. Нәтижесінде ауаға улы заттар тараған деген ақпарат бар. Осындай жайттарды назарға ала отырып, мен осы саладағы ғалым ретінде, киіктердің бұлай қырылуына пастереллез себеп болған деген ресми комиссияның қортындысына сенбеймін, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Аманқұл Бекенов.
Одан өзге, сол аймақтағы үй малдарының да қырылғаны жайлы ақпарат бар. Бұл жайтты Қазақстанның ауылшаруашылық министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев та растайды.
– Жасыбай мен Борсы ауылдарында алты бас қара мал өлді деген ақпарат бар. Зертханалық жұмыстар – олардың да пастереллезден өлгендігін растап отыр. Қазір Жәнібек ауданындағы барлық үй малдары арнайы егілді, – дейді комитет өкілі.
АПАТ
Биыл Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының территориясында киіктердің жаппай қырыла бастағаны туралы алғашқы ақпарат мамырдың 17-сі күні пайда болды.
Орман және аң шаруашылығы инспекторлары ақбөкен шоғырланған Жасыбай ауылдық округының Айдарлы, Жұмаш қосындарын, сондай-ақ Борсы ауыл округының Вышка, Қайдар, Шалаш қосындарын аралап 200 бас ақбөкеннің өлгенін анықтаған. Соңғы ақпарат бойынша, қырылған киіктердің саны 12 мыңға жеткен. Биолог ғалым Аманқұл Бекеновтың сөзінше, бұл – киіктердің ең көп мекендейтін жері болып табылатын Қазақстан үшін үлкен апат.
– Өткен ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда киіктерді өсіру кәсіби жолға қойылып, жыл сайын олардың саны 120-150 мыңға дейін жетіп отырды. Киіктерден алынған шикізат Орталық Азия мен Еуропа елдеріне жіберіліп, жыл сайын 3,5 - 4 миллион АҚШ доллары көлемінде пайда түсетін. 2003 жылы киіктердің саны 21 мың ғана болып күрт кеміп кетті. Сол жылдан бері бұл - осымен екінші апат, – дейді профессор.
Ғалымның айтуынша, өлген киіктердің 70 пайызы - аналық. Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаевтың сөзінше, киіктердің аурудан өзге «жауы» көп.
– Шығыс медицинасында дәрілік шикізат ретінде пайдаланылатын бөкен мүйізі үлкен сұраныс тудырып, соның нәтижесінде жануарлар барлық маусым бойына ауланып келеді. Мәселен, киік мүйізінің киләсі өзіміздің ішкі нарықта 35-40 мың теңге тұрса, Қытайда бұл 4 мың долларға дейін бағаланады екен. Ақбөкендер санының күрт түсіп кетуінің негізгі себебі - осы, – дейді Қайырбек Мұсабаев.
КИІКТЕР КЕМІП БАРАДЫ
Қазақстанда киіктердің жаппай қырылуы соңғы отыз жылдың ішінде бірнеше рет тіркелген.
– Мәселен, Орал облысында 1984 жылы 250 мыңға жуық киік қырылды. 1981 жылы Торғай облысында – 180 мың, ал 1988 жылдың мамыр айында кем дегенде 500 мың киік жаппай қырылып қалды. Барлығында да пастереллез деген диагноз қойылды. Соңғысында оншақты ветеринарлық және ғылыми-зерттеу институттары мамандары бас қосып, зерттеп, нәтижесін жариялаймыз деген еді, әлі күнге дейін анығы белгісіз. Бұл жолы да еліміздің батысындағы киіктердің қырылуының нақты себебі айтылмай қалмаса болғаны, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Аманқұл Бекенов.
Киіктердің қырылуы халықаралық ұйымдарды да алаңдатып отыр. Қазақстанның биологиялық әртүрлілік ассоциациясы директорының қызметін атқарушы Сергей Скляренко бұл іске қол ұшын беруге әзір екендігін айтады.
– Қазір барлығымыз – мемлекеттік органдар, ғалымдар істің ақиқатын білуге мүдделіміз. Бұл тек не болғанын білу үшін ғана емес, болашақта осындай оқиғаны болдырмас үшін де қажет, – дейді маман.
Қазақстан территориясында ақбөкендердің негізгі таралу аймағына Орал, Бетпақдала және Үстірт енеді. Өткен жылдың мәліметі бойынша, Қазақстандағы 81 мың киіктің 45,2 мыңы – Бетпақдала, 9,2 мыңы – Үстірт және 26,6 мыңы – Орал популяциясына жатқызылған.
Қазақстанда бұл жануардың Бетпақдала, Үстірт және Орал ақбөкені деген үш түрі бар. 1998 жылы елде 470 мың ақбөкен тіркелсе, 2003-жылы олардың саны 21 мыңға дейін кеміген.