Өткен аптада Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы қатаң режимдегі түрмеден қашқан 21 азаматтың барлығы ұсталды. Хабарларға қарағанда қашқандардың көбісі қарулы қақтығыс барысында қаза болған. Орын алған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, түрме басшылығы қамауға алынды.
СЕГІЗІ ӨЛТІРІЛДІ, БЕСЕУІ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Ақтау колониясынан қашқан 13 адам бес күннен кейін, қаладан 170 шақырым қашықтықтағы Қызылсай шатқалынан табылып, ұсталған.
– 27 маусымға қараған түні арнайы жауынгерлік операция жүргізілді. Қылмыскерлер қарулы қарсылық көрсетсе де, сотталған 5 адам ұсталып, сегіз қылмыскер қайтыс болды. Сондай-ақ қарулы қақтығыста сотталғандардың қашуына көмектескен 4 адам қаза тапты, - дейді радиомызға түсініктеме берген ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.
Естеріңізде болса, 22 маусым күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі колониясынан ауыр қылмыс жасап, сотталған 21 тұтқын қаруланып қашып кетті. Олардың сегізі сол күні-ақ ұсталған: жетеуі қақтығыста мерт болып, біреуі жараланып қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, сотталғандар қашу мақсатында колониядағы кіші трансформатор станциясын істен шығарған және алдын ала дайындаған бөгет тосқауылдарды кесетін құралдарды пайдалана отырып, тыйым салынған аймақты бұзып өткен.
Сотталғандар қашқан кезде күзетте тұрған сақшыға бағыттап бірнеше рет оқ атқан. Қарулы қақтығыс нәтижесінде, күзетте тұрған сақшы және оқиға орнынан дереу жеткен «Арлан» арнайы жасағының бір сарбазы жарақат алып ауруханаға түсті. Ал қашқындардың жетеуі мерт болды. Қуанышбек Жұмановтың сөзінше, сотталған азаматтар қашуға мұқият дайындалған болып шыққан.
– Полиция қызметкерлері анықтаған бастапқы деректер бойынша сотталғандар өздері жоспарлаған осы әрекетке жарты жыл бойы дайындалған. Оқиға орнынан атыс қаруы, ұялы байланыс құралдары, азық-түлік, компас және 3,5 млн. теңгеден астам ақша алынды, -дейді министрлік өкілі.
МЕКЕМЕ БАСШЫЛЫҒЫ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ
Ақтауда болған бұл істі өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бас прокурор Қайрат Мәмидің жеке бақылауына алуын тапсырған еді.
Бүгінде, Ақтауда болған оқиғаға қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалды. Түрмеден қашу, әскери қызметшінің өміріне қастандық жасау фактісі, сонымен бірге, түзеу мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабы (салақтық) бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Министрлік өкілінің сөзінше, соңғы іс бойынша бірқатар азаматтар қамауға алынған.
– Қылмыс жасады деген күдікпен мекеменің бастығы, жедел бөлімнің бастығы және мекеме бастығының кезекші-көмекшісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, - дейді Қуанышбек Жұманов.
Қазіргі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
ДІНБАСЫ МӘСЕЛЕНІ САЯСАТПЕН БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ
Айта кету керек, сотталушылардың қашқаны туралы алғашқы ақпарат тарағанда жергілікті «Лада» басылымы, олардың дені дәстүрлі емес дін өкілдері екендігін жазған болатын. Тіпті сотталушылардың қашқан сәті таңғы намаз уақытымен сәйкес келген.
Дегенмен, түрме мешітіне жиі барып, сотталушылармен үнемі байланысын үзбейтін Маңғыстау облысының бас имамы Төлепберген Жәкеев, қашқындардың түрме мешітіндегі намаз оқитын жамағатқа еш қатысы болмағандығын айтты.
– Ханафи мазхабын ұстанатын мешіт жамағатының бұл іске қатысы жоқ. Ал қашқан азаматтардың арасында мешітке келіп жүрген адамдар табылмады. Сотталушылардың қашуына діннің еш қатысы жоқ, бұл анықталды, - дейді имам.
Имам Ақтау түрмесінен қашқандардың дінмен еш қатысы жоқ болып шыққандығына қуанатындығын айтады. Өйткені, қазіргі таңда қандай да бір қылмыс, не болмаса жағымсыз әрекеттерді себепсіз дінмен байланыстыру белең алып барады дейді имам.
– Маңғыстау облысы - мұнай шығып жатқан жер. Республиканың үлкен жұмысы жүріп жатқан жері. Сондықтан мұндай жер шулы болмағанда қай жер шулы болады? Мұндай әртүрлі ақпарат біреулерге керек. Бір нәрсе болса, анық-қанығын білмей әйтеуір дінге қатысты етіп шешуге тырысады. Бұл саяси мәселе болуы мүмкін, - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Төлепберген Жәкеев.