Төтенше оқиға кезінде болған атыста бірнеше кісі қаза болды деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары. Әділет министрлігінің өкілі түрмеден қашқандар туралы хабарды растағанымен, қаза болғандар туралы толық ақпарат бермей отыр.
Төтенше оқиға кезінде болған атыста бірнеше кісі қаза болды деп хабарлады жергілікті ақпарат құралдары. Әділет министрлігінің өкілі түрмеден қашқандар туралы хабарды растағанымен, қаза болғандар туралы толық ақпарат бермей отыр.
Маусымның 22-і күні таңертең Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі қамау мекемесінен бір топ сотталушы қашып шыққан. Бұл туралы алдымен жергілікті ақпарат құралдары таратқан хабарды Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ақпарат бөлімінің жетекшісі Ғалымжан Қасенов растады.
«Мен қазір жазасын өтеушілердің жаппай қашып кеткендігін растай аламын. Ал оның себебі мен өзге де мәліметтер әлі анықталған жоқ. Қазір қанша адам қашқанын да білмейміз, бірақ бір топ адам қашып кеткен», – деді министрлік өкілі сейсенбі күні Азаттық радиосына.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, таңғы сағат төрттен кете түрменің сырт жағына Газель маркалы автокөлікке мініп келгендер қарудан оқ атқан. Қамаудан қашқандардың саны 20 адам, олардың арасында дәстүрлі емес діни ұйымдардың өкілдері бар, атыс кезінде төрт кісі қаза тауып, түрме қоршауын күзетіп тұрғандардың бірі жараланған делініп отыр.
Бүгін таңертеңнен бері Ақтау қаласының көшелерінде қарулы сақшылар мен полиция қызметкерлері күдікті жүргіншілердің құжаттары мен автокөліктерді тексеріп жатқаны туралы хабар жетіп отыр.
Қазақстан Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті бұл төтенше оқиғаға байланысты сейсенбі күні Астанада арнайы брифинг өткізбек.