Балаларға вакцина салдырмаудың бір себебі – діни консерватизм

Дертке қарсы егу. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында ата-аналардың балаларын ауруға қарсы ектіруден бас тарту оқиғалары жиілеп кетті. Ата-аналар болса, вакциналардың сапасыздығын айтып, шағынады. Алайда мәселенің төркіні діни консерватизмде жатқаны байқалады.

ИСЛАМ ЕГУГЕ ТЫЙЫМ САЛМАЙДЫ

Бүгінде Қазақстанда көршілес Орталық Азия елдерінен келген мигранттарды да полиомиелитке қарсы тегін егеді. Оның ішінде шетелден келіп қайыр сұрап жүргендердің балалары да тегін егіледі. Қазақстан азаматтары инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын-алу мақсатында егілуге міндетті. Алайда соңғы кездері кейбір жергілікті тұрғындардың өз балаларын ауруға қарсы ектіруден бас тартуы Ақтөбе облысында кәдімгідей проблемаға айналды.

Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің бөлім бастығы Клара Омарова бұған исламның қатаң ережелері немесе
Ақтөбе қалалық емханасы. 3 маусым 2010 жыл.
кейбір ресейлік қоғам қайраткерлерінің ықпалы болып отыр деген пікірде.

– Діни наным негізінде адамдардың егуден бас тарту оқиғалары көбейді. Кейбіреулер Ресей ғалымдарының егуге қарсы таспаларын көріп алып та вакцина егуден үзілді-кесілді бас тартады. Біз болсақ, ешкімді де күштеп вакцина еге алмаймыз, – дейді Клара Омарова.

Сондада жергілікті билік қалыптасқан күдікті сейілту үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Өткен жылы облыс имамы тікелей эфирде сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап берді. Құран вакциналауға тыйым салмайды. Меккеге қажылыққа баратындар да менингитке, дифтерияға қарсы вакцина салдырғаны жөнінде емдеу мекемелерінен сертификат алулары керек, – дейді Клара Омарова.

Оның айтуынша, сертификатта кейбір сырқаттарға қарсы егілгендігі көрсетілмесе, онда әлемнің көптеген елдері виза бермейді және оқуға баруға да тыйым салады. Бірақ соған қарамастан, жергілікті тұрғындардың қайсыбірі мұндай сөздерге сенер емес. Бұл жерде мәселе халық арасында консервативті исламдық көзқарастың кең таралуында жатса керек.

Жергілікті шенеуніктердің айтуына қарағанда, Темір, Мұғалжар және Шалқар аудандарында мұсылмандардың шектеулі жамағаты балаларына вакцина салдырғысы келмейді.

Облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмаханның айтуынша, вакцина құрамында спирт бар деп есептейтіндер егуден бас тартады. Имамның айтуынша, шындап келгенде исламда вакцинаға тыйым салынбаған.

– Адамның өміріне қажетті болып жатса, ислам оған тыйым салмайды. Ислам ғалымдары вакцинаны қолдайды. Бірақ дүниеге жаңа келген балаларын тек мұсылмандар ғана емес, өзгелер де ектіргісі келмейтін көрінеді. Саясатшылар құс тұмауын, шошқа тұмауын ойлап тауып, сол арқылы ақша тауып жатыр, – дейді Бауыржан Есмахан.

ДӘРІГЕРЛЕР СОТҚА ШАҒЫМДАНДЫ

Ақтөбе облысы Темір ауданының бас санитарлық дәрігері Жексенбай Князов өз балаларына вакцина салдырудан бас тартқан үш ата-ананы Темір ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қызметі сотқа бергенін Азаттық радиосына хабарлады.

– Профилактикалық егулер жүргізілетін сырқаттар тізбесін, олардың салыну тәртібі мен мерзімін Қазақстан үкіметі белгілейді. Біз балаларына вакцина салдырудан бас тартқан ата-аналарға қатысты хаттама толтырып, оны әкімшілік істері жөніндегі сотқа бердік, – дейді ол.

Жексенбай Князовтың айтуынша, қазір шағымдарды қайтадан қарап, қосымша тағы он шағым даярлануда.

– Мен ата-аналардың әрқайсысымен тікелей сөйлестім. Негізінен балаларына вакцина салдырғысы келмейтіндер – әкелері. Алдымен 18 жасқа толсын, содан соң өздері біледі дейді олар. Бірақ содан соң кеш болып қалуы мүмкін ғой. Уақтысында вакцина салдырмауы себепті балалар бауыр циррозына ұшырап, ағзасының сал болып қалуы ықтимал. Осының барлығын айтып, ескерту – біздің міндетіміз. Әкімдікке , прокуратураға хат жаздық. Әзірге жауап алған жоқпыз, – дейді Ақтөбе облысы Темір ауданының бас санитарлық дәрігері Жексенбай Князов.

Сондай шағын мұсылман жамағатының мүшесі болып табылатын, тегін айтқысы келмеген 30 жасар Нәзиманың пікірінше, вакцинадан ағзаға келер пайдаға қарағанда зиян көп.

– Менің үш балам бар. Мен ресейлік дәрігер-ғалымдардың вакциналаудың зияны жөнінде айтқан таспаларын көрдім. Олар ислам дінінде емес қой. Бұл жерде діннің ешқандай қатысы жоқ. Менің үш жасар ұлыма БЦЖ вакцинасын салған соң қолында кішілеу түйін пайда болды. Ол үнемі қышиды. Дәрігерлердің барлығын таза жасайтындығына кім кепілдік береді? Мен өзімнің балаларыма инфекциялық ауруларға қарсы вакцина салдыруға үзілді-кесілді қарсылық білдіремін, – дейді Нәзима.

"ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЕНЖАРЛЫҒЫ ҮШІН ЕШКІМ ЖАУАП БЕРГЕН ЖОҚ"

Жергілікті дәрігерлердің енжарлығынан вакцина салу кезінде жаппай ауру жұқтыратын оқиғалар кездесіп жатады. Бұл да ата-аналардың балаларына вакцина салдырудан қорқуына себеп болып отыр. Мәселен, Гүлбадан Үмбеталиеваның айтуынша, химиотерапия алған соң оның ұлының сүт тістері ертерек түсіп қалып, жиі суық тиіп қала беретін көрінеді.

– Қырқынан шыққан соң баламның қолтығында бір түйін пайда болып, іріңдей бастады. Дәрігер-педиатр операция жасау керек деп ұзақ айналдырған соң біз келісуге мәжбүр болдық. Жарты жыл химиотерапия курсын алдық. Үш жасында баламның тістері қарайып, көп ұзамай түсіп қалды, – дейді ол.

Гүлбаданның айтуынша, ұлы тіс дәрігерінен қатты қорқады және оның суық тиіп ауырмаған кезі болған емес, демалу органдары да әлсіз.

– Мен осының бәрі жаңа туған балаға вакцина салып, химиотерапия алуымен байланысты деп ойлаймын. Бізде жаппай жұмыссыздық. Жұмыстан босап қалмау үшін баламның қасында отыра алмаймын. Балама үйде әжесі қарайды. Дәрігерлердің енжарлығы, вакцинаның сапасыздығы үшін ешкім жазаланған жоқ, – дейді Гүлбадан Үмбетәлиева.

Райгүл Тастенованың ұлы да туберкулезге қарсы вакцина салдырған кезде ауру жұқтырып, оған операция жасалды.

– Туберкулезге қарсы вакцина ектірген соң ұлымның лимфа түйіндері үлкейіп, абсцесс басталды. Операциядан соң химиотерапия курсынан өттік. Ұлым жиі суық тиіп ауырады, дәрігерлерден қатты қорқады. Жақында бір дәрігердің саусағын тістеп алды. Әділдікке қол жеткізе алмадық, кінәлілерді таппадық. Дәрілік препараттарының сапасына шығарушылар жауап берулері керек қой. Бақылаушы санитарлық органдар қайда қараған? – деп сауал тастайды Райгүл Тастенова.

Бір айта кететін жай, Гүлбадан Үмбетәлиева мен Райгүл Тастеновалардың егуге қарсы болуына діннің еш қатысы жоқ.

Еске сала кетсек, 2004 жылы Қазақстанның Ақтөбе және өзге де облыстарындағы отыздан аса сәби туберкулезге қарсы вакцина салдырып, химиотерапия курсынан өткен соң ауру жұқтырған. Осындай салғырттыққа жол бергендер болса, әлі күнге жазаланбады.