1998 жылдан бастап бірнеше жыл бойы маусымның 10-ы Қазақстанның жаңа астанасы – «Астана күні» ретінде тойланып келді. Кейін біртіндеп «Астана күні» ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен байланыстырылып, бүкіл ел оны шілденің 6-сы күні тойлайтын болды. Ал қазақ тарихында тағы бір астана - Алаш қаласы болғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді.
Осыдан 93 жыл бұрын, 1917 жылдың маусым айында жергілікті тұрғындар жиыны Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» «Алаш» қаласы деп атау туралы шешім қабылдады.
Ал 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтай жиынында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы етіп «Алаш» қаласын белгілеу туралы шешім қабылданып, автономияның басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты.
Іс жүзінде 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы болды.
Тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 18-21 маусымында Алашорда, Қоқан немесе «Түркістан мұхтариаты» және Башқұрт автономияларының бүлікшіл Совет өкіметіне қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келіссөзі Алаш қаласында өтті. Бұл сол кезде Қазақ автономиясы ресми астанасының қандай тарихи рөл атқарғанын аңғартатын тағы бір айғақ болады.
Бірақ, бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы астаналары тізімінде Алаш қаласы аталмайды. Ол астананы қазіргі кезде тарихшылар да, ел басшылары да мүлде елемей, ескермей келеді. Бұның сыры неде?
Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі міне осы тарихи тақырыпқа арналады. Оған: қоғам қайраткері, тәуелсіз саясаттанушы Жасарал Қуанышәлі, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің жанындағы Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай және Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мәмбет Қойгелді қатысты.
Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.
Бұл хабардың толық аудионұсқасын мына жерден тыңдаңыз.