Азаттық радиосының қызметкері Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын жарыққа шығарды

Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағы. Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.

Алашорда үкіметінің төрағасы, ұлттық саяси көшбасшы Әлихан Бөкейханның жеті томдық толық шығармалар жинағының алғашқы үш томы жарық көрді. Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы құрастырған жинақтың қалған төрт томы жазға салым баспадан шықпақ.

АЛАШТЫҢ ӘЛИХАНЫНЫҢ ЕРЕН ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЖЕТТІ

Ақпан айының 22-күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақтың ұлттық саяси көсемі, ғалым, мемлекет қайраткері Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның жеті томдық толық шығармалар жинағының алғашқы үш томының жарық көруіне орай тұсаукесер рәсімі болып өтті. Тұсаукесерге Әлихан Бөкейханның бірге туған ағаларының немере, шөберелері, өзге де алаш зиялыларының ұрпақтары, тарихшылар мен алаштанушы ғалымдар қатысты.

Астанадағы «Сарыарқа» баспа үйінен 2 мың данамен жарық көрген жинақты құрастырушы әрі жинаққа енген, бұрын-соңды ешқайда жарияланбаған тың деректерді Орынбор, Мәскеу, Петербор қалаларының мұрағаттарынан тауып, оны ғылыми айналымға қосқан
Әлихантанушы, Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағының алғашқы үш томының тұсаукесер жиынында. Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.
әлихантанушы, Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы тұсаукесер жиынында Әлихан Бөкейханның ғылыми, саяси публицистикалық мұрасы туралы бірқатар деректерді көпшілікке жеткізді.

- Оның соңына қалдырған бай мұрасының тек библиографиясының өзі ғана отыз беттен тұрады. Әлиханның мыңға жуық мақаласы мен очерктері және тағы басқа публицистикалық дүниелері 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 1927 жылға дейін елуден аса қазақ және орыс газет-журналдарында, оның ішінде ақпан төңкерісіне дейін отызға жуық қазақ және орыс басылымдарында жарық көрді.

Әлиханның публицистикасын ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Ресейдегі тарихи құбылыстардың шежіресі деп батыл айта аламыз. Ол өзінің мақалаларын отызға жуық бүркеншік атпен жариялады.

Өзінің ғұмырында Алаштың Әлиханы төңкеріске дейін төрт газетті ұйымдастырып, шығарып отырған. Оның үшеуі орысша «Омич», «Иртыш», «Голос степей» газеттерінде өзі редактор болса, қазақ тілінде тұңғыш рет жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Ал, төңкерістен кейін «Темірқазық» журналын шығарды.

Әлихан осы күнге дейін табылған үш бірдей іргелі монографияның, жүзге жуық ғылыми зерттеу мен очерктің авторы, - деді Сұлтанхан Аққұлұлы.

Ал, тарихшы Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейханның алғашқы үш томы жарық көрген жеті томдық толық шығармалары жинағына «Бұл
Тарихшы Мәмбет Қойгелді (сол жақта) және архитектор Шота Уәлихан Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағының алғашқы үш томының тұсаукесер жиынында. Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.
қазақ руханияты мен тарихы үшін үлкен құбылыс» деп баға берді. Ол өз сөзінде бұған дейін де Әлихан Бөкейханның еңбектері жарық көргеніне тоқталып өтті.

- Алғаш рет 1994 жылы өз қолыммен Әлиханның шығармалар жинағын даярладым. Одан кейін 1995 жылы Сұлтанхан орыс және қазақ тілдерінде шығармалар жинағының бір томдығын жарыққа шығарды. Ол кітап халықтың Әлиханның кім екенін тануына үлкен қызмет еткен еңбек болатын. Ал енді, міне, Әлихан Бөкейханның көп томдығы жарық көріп жатыр. Бұл үлкен еңбек. Өйткені, Әлекеңнің орны ерекше болатын. Солай деп бүкіл орыс демократиясы мойындаған. Солай деп бүкіл Еуропа мойындаған болатын Әлихан Бөкейханды. Алайда, қазақ қоғамы ең артынан мойындаған сыңайлымыз, бірақ әлі толық мойындаған жоқпыз. Әлихан Бөкейхан ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, қазақ ұлттық мемлекеттілігін жаңғыртушы сондықтан да, кезінде үкіметке Әлихан Бөкейхан туралы арнайы құжат қабылдауы керек деп ұсыныс айтқанмын. Осы пікірімде әлі де қаламын, - деді Мәмбет Қойгелді.

Тұсаукесерге қатысқан өзге де ғалымдар Әлихан Бөкейханның алғашқы үш томы жарық көрген жеті томдық толық шығармалар жинағына оң баға беріп, жинаққа енген тың деректер алаштануды тағы бір кезеңге көтергенін айтысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ӨЗІНІҢ ТУҒАН ӨЛКЕСІНДЕ ӘЛІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛЫП КЕЛЕДІ

Тұсаукесерде Әлихан Бөкейханды есте қалдыру туралы және алаш мұрасын зерттеу ісінің бүгінгі жай-күйі де сөз болды. Жазушы әрі тарихшы Бейбіт Қойшыбай, Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасын қалаған Әлихан Бөкейхан және басқа да алаш зиялыларына тәуелсіз Қазақстанның үкіметі тарапынан әлі күнге белгілі дәрежеде мән берілмей келе жатқанын атап өтті.

Ал тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді алаш мұрасын зерттеуде үкіметке иек артып отырмау керек деп есептейді. Оның ойынша, қазіргі
Алаштың үш арысы (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.
қазақ зиялылары, оның ішінде тарихшылар, жазушылар, журналистер алаш зиялыларының мұрасын, олардың саяси қызметін зерттеу мен оны халыққа жеткізуде ешкімге жалтақтамай бірлесе еңбектенуі қажет.

- Мысалы, тек қана ұлттық саяси көшбасшы Әлихан Бөкейханға байланысты атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін құрмет әлі толық емес. Мәселен, Қарағанды Әлекеңнің туған өлкесі. Сол қаладан Әлекеңнің атына бір даңғыл беру жөнінде бастама көтеріліп еді, оны қалалық мәслихат шеше алмады. Себебі, оған белгілі бір күштер қарсы шықты. Ал, біз сол Қарағандыға барып, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып осы мәселенің шешілуіне атсалысуымыз керек.

Мәселен, Балқаштың әр жағында, қырық шақырым жерде Тоқырауын деген өзен бар. Әлекең сол жерде туып, өскен. Ал, Балқашта Әлихан Бөкейханды еске салатын бірде-бір белгі жоқ. Бұл өкінішті нәрсе ғой, - деді Мәмбет Қойгелді.

Алайда, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлының ойынша, Алашқа қазіргі Қазақстан үкіметінің енжарлық танытуына бүгінгі билікте отырғандар кешегі Алаш зиялыларының үстінен домалақ арыз жазып, итжеккенге айдатып, соңында «халық жауы» деп атқызып жіберген адамдардың ұрпағы болуы да себеп.

Десе де, оның пікірінше, алаш мұрасы кеңінен зерттеліп және халықтық деңгейде насихатталса, жаңа буын саясаткерлер алаш зиялылары сияқты тек қана ұлтына қызмет етуге тәрбиеленіп шығу мүмікін.

Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан қазақтың тұңғыш ұлттық саяси «Алашорда» партиясын құрушы, кейіннен «Алашорда» автономиялы үкіметінің төрағасы болған.

Қазақ арасындағы ерекше ықпалы мен беделіне орай оны алаш жұрты «Алаштың Әлиханы» деп атаған.

1937 совет өкіметі «халық жауы» деген айыппен қамауға алған Әлихан Бөкейхан «үштіктің» шығарған үкімі бойынша Мәскеуде атылған.