Алматыда оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің қастандық құрбаны болғанына төрт жыл толуына орай дөңгелек үстел жиыны өтті. Онда саясаткердің еліне сіңірген еңбегі мен жұмбақ өлімінің себебі, сондай-ақ бүгінгі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер туралы ой-пікірлер айтылды.
Дөңгелек үстелдің аудиожазбасын осы арадан тыңдай аласыздар.
АЛТЫНБЕКТІҢ ІСІ ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Жазушы Қабдеш Жұмаділов марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы бүкіл қазақ қоғамына ауыр соққы болғандығын айтады. Соған қарамастан, бүгінде оның ісін жалғастырушылар бірігіп, бой көтеріп келе жатқандығы қуантарлық жайт дейді қаламгер.
– Кейінгі кездегі күрестің үдей түскендігі – демократиялық ұрандар мен ұлттық ұрандар тізе қосып, басы бірікті. Бұл солай болуы тиіс те еді. Біздің қазақ халқы әдетте төзімді, шыдамды, көнбіс болғанымен, жанды жеріне тигенде, пышақ кеңірдекке таянғанда атып тұрып бір-ақ оянады.
1986 жылғы секілді сын сағаттарда өзі солай болады. Сондай сын сағат өткен жылы қазақстандық ұлт деген мәселе көтерілгенде соқты. Барша жұрт болып, зиялы қауым болып өре түрегелді. Нәтижесінде, өткен жылға дейін бет қаратпай келген билік шегінді, ұлттан қорықты, сескенді.
Биліктің өз халқымен санасу керектігі туралы Алтынбек өз кезінде көп айтқан болатын. Ол көзі тірісінде билікті халық түзей алатындығын, ол үшін тек бірігу керектігін айтқан. Бүгін орын алып жатқан жайттарға қарап оның болжамдары орындалып және оның ісі әрі қарай жалғасын тауып жатыр деуге болады, – дейді жазушы Қабдеш Жұмаділов.
Өткен жылға қортынды жасап, алдағы жылдың барысында қолға алатын жайттарға тоқталуды әдетке айналдырған бұл басқосуда, өткен жылдың Қазақстан үшін өте ауыр болғандығы айтылды. Оның ішінде түрлі тұтқындаулар мен соттар, баспасөз құралдарына қатысты қабылданған заңдар мен адам құқы саласындағы олқылықтар аталды.
«Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам, былтырғы жыл республика тұрғындары үшін ес жию кезеңі болғандығын айтады.
– Өткен жылдың барысында үкімет наразылық білдірген кез келген ойға тосқауыл қоюға тырысты. Дегенмен, қазір қоғамда ұғынудың күрделі кезеңі өтуде. Республика тұрғындары билікке қатысты елестен айырылды. Олар енді билік бізге көмектеседі немесе биліктен әділдік күтеміз дегеннен аулақ.
Мүмкін сондықтан да болар, бүгінде халық бірігіп, өз наразалығын білдіре бастады. Мәселен, өткен жылы болған тұтқындаулар мен сот процестеріне қатысты қоғамдық штабтар құрылып, билікпен келіспейтіндер өз ойын білдіре бастады. Оппозицияның бірігуі де қуантарлық жайт деп айта аламын. Әрине, әркімнің жұмыс істеу ерекшелігі бар.
Дегенмен, бірігіп бір командада жұмыс істеу арқылы олар ортақ істі аяғына дейін жеткізеді деп ойлаймын. Аяғында осындай бірігулердің болатындығын Алтынбекте білген. Ол өзі кезінде бірігіп, ортақ мүдде үшін жұмыс атқару жайлы талай рет сөз еткен болатын. Сондықтан енді біз үшін ең маңыздысы – сол бірлігімізді сақтап қалуымыз керек, себебі, бірлік болмаса ешнәрсе өзгермейтіндігі тарихтан да белгілі, – деді Сейдахмет Құттықадам.
ҰЛТТЫҚ КӨШБАСШЫ ҚАЖЕТ
Ал режиссер Болат Атабаев халықтың рухани көшбасшысы болмай, жай ғана бірігуден ешқандай нәтиже шықпайды деген пікір білдірді:
– Алтынбектің қазасы – рухани көшбасшының қазасы, оның орны қазір бос қалды. Сондықтан, оның орнын толтыратын бізге рухани
Режиссер Болат Атабаев (оң жақта) пен тәуелсіз журналист Сергей Дуванов марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынында. Алматы, 10 ақпан 2010 жыл.
көшбасшы қажет. Қазір әр партия әр жақта жүріп, осындай басқосулар ұйымдастырып, бір-бірімізге ренішіміз бен кемшіліктеріміз айтқанмен ешнәрсе өнбейді. Сондықтан, қазіргі мықты саясаткерлердің арасынан рухани көшбасшы таңдап, соның артынан еруіміз қажет деп санаймын.Алматыдағы «Алтернатива» зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев, уақыт өте келе Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына аянбай еңбек еткен азаматтар ұмытылып бара жатқандығын айтады.
– Обьективті тұрғыда алғанда президенттің Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуында айтарлық еңбек сіңіргендігі жасырын емес. Дегенмен ол тек жалғыз өзі ғана болған жоқ қой, оның жанында басқа да азаматтар болды. Алайда, олар бүгінде ұмыт болып барады.
Бір ғана мысал, Алтынбек Сәрсенбайұлы кезінде билікте болып, мемлекет үшін жасаған еңбектерін елей отырып, бүгінгі дөңгелек үстелді мемлекеттік деңгейде өткізуге болар еді. Бірақ, жағдай мүлдем басқа, бізде президенттен басқа ұлықтайтын адам жоқ болып тұр.
Мен білетін танымал тұлғалардың арасында тек Марат Оспановқа ғана Алматы қаласында көше аты берілді, ал Заманбек Нұрқаділов немесе Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі неге мемлекеттік маңызды нысандарға берілмей отыр? – дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.
Ал бұл айтылғанға қатысты марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай өз пікірін білдірген еді.
– Алтекеңнің есімін мектепке не болмаса көшеге беру туралы мәселе неге шешілмей жатыр деген сұраққа мен таяуда ғана жауап алдым. Ол жауапты төменгі – орта деңгейлі шенеуніктердің өзі айтты. «Алтекеңнің қазасына тікелей кінәлі тапсырыс берушілер билік басында отырғанда біз олардан қорқамыз» деп айтты олар, – деді Рысбек Сәрсенбай.
БІР АЙДАН АСА МЕРЗІМДЕ 40 БАСЫЛЫМДЫ ТІРКЕДІ
«Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева, өз кезегінде саясаткердің, әсіресе соңғы рет мәдениет және ақпарат министрі болып билікте қызмет еткен қысқа кезеңін ерекше атап өтті.
– Алтынбек екінші рет ақпарат министрі болып көп отырған жоқ. Бірақ ол бір айдан сәл асатын уақыт ішінде бірнеше жылдан бері тіркеле алмай жүрген 40-тан астам тәуелсіз басылымдардың тіркелуіне септігін тигізді. Одан өзге ол ең алғашқы болып сөз бостандығы туралы заңды көпшіліктің талқысына салды.
Әрине, оның биліктен кетуі өзінің азаматтық еркі еді, дегенмен ол біз үшін – журналистер үшін өте ауыр соққы болғандығы анық. Бүгінгі күні, өздеріңіз көріп отырғандай, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына түрлі жақтан қысым жасалынып жатыр, ал ең сорақысы, ол қысымдар заңдастырылып жатыр.
Соған қарамастан, біз Алтынбек Сәрсенбайұлы ұсынып кеткен сөз бостандығына қатысты құжатты негізге ала отырып, елдегі сөз бостандығына қатысты заң қабылданады деп үміттенеміз, – деді Тамара Калеева.
ҚОҒАМ БҰЛ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ АШЫЛУЫН КҮТУДЕ
2006 жылдың 11 ақпанында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісі – жүргізушісі Василий Журавлев пен оққағары Бауыржан Байбосын Алматыда кісі қолынан қаза тапқан еді.
Ішкі істер министрлігі жүргізген ресми тергеу-тексеру қортындысында, одан кейін болған сот үкімінде Алтынбек пен оның екі көмекшісін
Алтынбек пен Заманбек. Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу мақсатында ұйымдастырылған көрмедегі сурет. Алматы, 10 ақпан 2010 жыл.
ұрлауды, елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің көмегімен бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов ұйымдастырды делінді.Сот оппозиция жетекшісін ұрлап, өлтіруге тапсырысты, қылмыс жасалған кезде Қазақстан парламенті сенатының аппараты жетекшісі болған Ержан Өтембаев берген деп таныды.
Құрбан болғандардың туыстары да, Алтынбек Сәрсенбайұлының серіктері мен бұл кісі өліміне қатысы болғандар да, тергеу жұмысының қорытындысына да, сот шешіміне де қанағаттанған жоқ.
Керісінше, тергеу де, сот процесі де көптеген сұрақтардың тууына себепкер болды. Арада төрт жыл өтсе де бұл сұрақтардың дені азаяр емес.
– Бұл тақырып біздің күн тәртібімізден түскен емес, түспейді де. Зәкең мен Алтекеңе жасалған қылмыстар ашылмайынша, біз тыныш таппаймыз, біз оны ашқызбай қоймаймыз. Ел-жұртты мен осыған шақырамын, енжар болмай, осыны қаузай беру керектігін еске саламын, – деді Рысбек Сәрсенбай.