Арал тұрғындарын жұқпалы және онкологиялық дерттің көбеюі алаңдатады

Суы тартылған Арал теңізіндегі кемені балалар ойын алаңына айналдырған. Маусым, 2008 жыл.

Қызылорда облысы Арал ауданының дәрігер мамандары экология салдарынан аурушаң жастардың көбейіп бара жатқанын айтады. Қант диабеті, ісік ауруларына шалдыққандар жиі кездеседі. Азаттық тілшісі аймаққа сапарында елдің жағдайымен танысып қайтқан еді.


Қызылорда облысы Арал аудандық кеңес беру диагностикалық емханасындағы бас дәрігердің орынбасары Нағашыбай Қалқұлов Арал ауданы экологиясы нашар аудан болып саналғандықтан, қант диабетінен бөлек жүрек және ісік ауруларының да көбеюі адамдардың мезгілсіз өмірден өтуіне себепкер болып отырғанын баяндап берді.

Нағашыбай Қалқұлов дәрігердің тіркеуінде тұрған адамдарға тегін берілетін дәрі-дәрмектің уақытында жеткізіліп тұратынын, әйткенмен жыл аяғында дәрі жетіспей қалып жататын жағдайлар кездесетінін айтты. Жергілікті маман мұның себебін жыл аяғында жаңадан тіркеуге алынған адамдар санының көбеюімен түсіндірді.

Дәрігер өткен жылмен салыстырғанда қант диабетіне шалдыққандар саны биылғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға өскенін айтты. Қазір Арал ауданында қант диабетіне шалдыққан 328 адам тіркеуде тұр.