Cәрсенбінің сәтті күні Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов бастаған археологтар көп жылғы зерттеу, қазба жұмыстарының нәтижесінде Орталық Қазақстан аймағынан табылған тұңғыш алтын адамға кездесті.
Ақын Қасым Аманжолов ауылының шетіндегі Талды қорымдарында 20 қорған болатын болса, оның сегізі – ежелгі сақтардың қорғаны. Бұл қорғандарға жәй қарапайым адамдар жерленбеген. Осы қазба жұмыстары жүргізілген қорғандардан тек қана ел билеуші адамдарға ғана тән бұйымдар табылуда.
Экспедиция жетекшісі Арман Бейсенов бұл Орталық Қазақстан аймағынан табылған алтын адам деп айтуға толық негіз бар дейді. Себебі қазба жұмыстары толық аяқталмаса да күні кешеге дейін 8 үлкен белдіктің әшекейі, одан кішірек 82 белдіктің әшекейі, 8 құйма арыстан белгісі, Астанадағы хан шатырының формасындай 20 құйма алтын, 6 алтын пружина, бұдан басқада 30 шақты түрлі формада құйылған алтын әшекейлер, өте жұқа алтын қаңылтыр деп айтуға болатын затқа ойылып жасаған айдаһар, секірейін деп тұрған қабан, осындай жұқа металға ойылған елтаңбада белгіленген пырақтардың көріністермен қатар өте ұсақ алтын моншақтар мыңдап саналады.
Әртүрлі дөңгелек көлемдегі киімге жапсырылып тігілетін алтын әшекейлер, қымбат тастардан істелінген әртүрлі бояудағы моншақтар, жиырма шақты садақ-жебелерінің қоладан құйылған ұштары кімді болсын таңғалдыратыны сөзсіз.
Бұдан басқа да таза алтыннан құйылған сақина мен әйелдерге тән киім әшекейлерінің табылуы бұл әйел адамның мүрдесі екендігіне еш дау туғызбайтындай. Сөйтіп Қарқаралы өңірінен “Алтын адам” табылды деп археологтар жар салуда.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұның барлығы біздің эрамызға дейінгі VII-VI ғасырдың дүниелері.
Бұл керемет байлық табылып жатқан қорған сол замандарда қатты тонауға ұшыраған екен. Бұдан да керемет құнды дүниелерді алып кеткенге ұқсайды.
Осыған қарап-ақ қорғанда тегін адам жерленбегеніне көзіміз жетіп отыр дейді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар.
Олардың айтуынша, бұл қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жер жәй ғана төбешік емес. Қазба кезінде анықталғандай ортадаға қабірдің айналасында 6 шұңқырдың орны анықталды. Бұл дінгектердің орны екен. Өйткені ағаш үгінділері табылып отыр.
Археолог Арман Бейсеновтің айтуынша қабірдің айналасына дінгектер орнатылып төбесі жабылған болуы керек. Кезінде тонауға ұшырағанда бәрін бұзып тастаған. Ал қазылған жердегі көрініске қарайтын болсақ қабірдің айналасы құйылған кірпіштермен қаланып, бір қабатқа ағаш салынған үстіне құм төселіп, құмның үстіне тас қаланып оның үстіде топырақпен көмкерілген. Конустың пирамида түрінде қаланғаны көрініп тұр. Сайып келгенде бұл жәй ғана топырақ үйіндісі емес үлкен архитектуралық ескерткіш. Яғни, Орталық Қазақстан аймағындағы ерте сақ дәуірі мәдениетінің бір көрінісі деп білеміз дейді қуанышты археологтар.
Келесі жылы туғанына 100 жыл толайын деп отырған ақын Қасым Аманжолов ауылының іргесінен табылып отырған осынау баға жетпес құнды дүниелерді қазақ тарихына қосылған олжа деген археологтар осы орында келесі жылы мұражай ашылады деген үмітте, ал құнды дүниелер облыстық өлкетану мұражайына табысталмақшы.
Рымбек Смағұлов, арнайы Азаттық үшін. Суреттер автордікі.