2009 жылдың алғашқы тоқсанында 100 млн доллардан астам шығынға батқан «АрселорМитталТеміртау» компаниясы дағдарыстан шығудың бір жолы ретінде жұмысшылардың еңбек жағдайына өзгерістер енгізбекші. Алайда кеншілердің айлық табысын елеулі түрде қысқартуды көздейтін бұл шараға кәсіподақ қарсы. Келіссөздер жалғасуда.
Қазақстандағы 15 көмір шахтасы мен темір кеніштеріне иелік ететін «АрселорМитталТеміртау» акционерлік қоғамының жұмысы дағдарысқа байланысты тоқтауы мүмкін екендігі туралы ақпаратты сейсенбі күні аталған компанияның баспасөз қызметі таратты.
БІР ТОҚСАНДАҒЫ ШЫҒЫН – 100 МИЛЛИОН ДОЛЛАР
«Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты кәсіпорынның дайын өнімдеріне сұраныс азайып, өнімнің бағасы рекордтық деңгейге дейін құлдырады. Осыған байланысты «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы қаржылай қиыншылыққа тап болды, шұғыл шаралар қабылданбаған жағдайда мұның соңы жұмысшылардың қысқартылуына, кәсіпорын жұмысының жекелей немесе толықтай тоқтатылуына әкелуі мүмкін» делінген компанияның таратқан ақпараттық хабарламасында.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында кәсіпорын 100 млн 490 мың доллар шығынға ұшыраған. Биыл дайын өнімді жөнелту көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 120 мың тоннаға азайған. Былтыр өнімнің бір тоннасы 781,8 долларға сатылса, биыл оның құны 604,2 АҚШ долларына бағаланған.
«Осыған орай, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 48-ші бабына сәйкес, жұмысшылардың еңбек жағдайын өзгертуге, 2009 жылдың шілде айынан бастап үш ай көлемінде сыйақы мен басқа кейбір төлемдер түрін қысқарту туралы шешім қабылданды».
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Франк Паннир, кәсіпорын цехтары мен бөлім басшылары және бірқатар кәсіподақ өкілдері қатысқан жиында, қалыптасқан жағдайды былайша түсіндірген:
– Қазіргі таңда мүлдем жұмыс істемеуден гөрі, аз ақшаға болса да еңбек ету маңызды болып тұр. Мұның, әрине, түйіні қиын, бірақ мен қазіргі таңда басқа жолды көріп тұрғаным жоқ.
КЕНШІ ТАБЫСЫНЫҢ ҚЫСҚАРҒАНЫН КӘСІПОДАҚ ҚАЛАМАЙДЫ
Алайда компанияның дағдарысқа қарсы ұсыныстары қарсылықа кезікті. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір департаменті кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязовтың Азаттық радиосына хабарлауынша, компанияның мүмкіндігі мен жұмысшылардың талабын сәйкестендіруді көздейтін екіжақты келіссөздер бір аптадан бері жүріп жатыр.
– Компанияның ұсыныстарына жұмысшылар келіспейтіндігі айтпаса да түсінікті. Қазір қиыншылық заман екендігін бәрі біледі. Сондықтан біз мамырдың 14-і, яғни компания тарапынан осындай ұсыныс түскен күннен бастап, келіссөздер жүргізе бастадық. Біздің талабымыз біреу – қазіргі тәртіпті өзгеріссіз қалдыру. Келіссөздер бүгін де жалғасады, әлі бір аптаға созылады деп отырмыз, – деді кәсіподақ төрағасы.
Компаниядағылар болса сөз болып отырған ұсыныстардың уақытша ғана шара екендігін ерекше ескертіп отыр. Кәсіпорынның ақпараттық хабарламасында жұмысшылардың еңбек жағдайын өзгертуге арналған ұсыныстардың мерзімі 3 ай деп көрсетілген. Алайда компанияның баспасөз хатшысы Николай Кубраков көрсетілген мерзім ұзара түсуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
– Бұл, әрине, уақытша шара. Ал оның қаншалықты ұзаққа созылатындығы рынокта біздің өнімге деген сұраныстың көлеміне байланысты болмақ. Дәл бүгін біз ештемені жоққа шығара алмаймыз. Өйткені, қазір ертеңгі күні не болатындығын алдын ала болжап білу мүмкін емес болып отыр, – деді Николай Кубраков Азаттық радиосына.
«АрселорМиттал Теміртау» – әлемдегі ең бай адамдар қатарындағы миллиардер Лакшми Миттал қожалық ететін трансұлттық ArcelorMittal құрамындағы жылына 5,5 миллион тонна өнім өндіріп келген ірі компания. Кәсіпорында 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді.