Сот тағайындаған адвокаттар мен судья Мұхтар Жәкішевтің сотына ұрланып кіріп-шығады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева (сол жақта) күйеуінің ісі бойынша сот процесі өтіп жатқан Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында. 22 қаңтар 2010 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің сотына келген айыпкерлердің туыстары мен журналистер сотта қандай мәселенің қаралғанын біле алмады. Сот тағайындаған адвокат Жәкішевтің туыстарымен сөйлесуден бас тартты. Жәкішевтің құқығын қорғау туралы үндеуге қол жинау жалғасып жатыр.

СОТТЫҢ ҚОСАЛҚЫ ЕСІГІ

Жұма күні Астана қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты сот отырысы жабық есік жағдайында жалғасты. Алайда, бұл жолы сотта қандай мәселе тыңдалғанын сот ғимараты есігінің алдына келген айыпкерлердің туыстары мен журналистер біле алмады.

Айыпталушылардың адвокаттары Болат Исатаев пен Ахат Байқановтар журналистер тұрмақ, өздерінің қорғауындағы азаматтардың отбасымен сөйлесуден қашса, судья Нұржан Жолдасбековтің хатшы қызы Махаббат Аманжолова да Жәмила Жәкішеваның телефон
Болат Исатаев, Мұхтар Жәкішевке биліктен тағайындалған адвокат, Астана, 19 қаңтар 2010 жыл.
қоңырауларына жауап бермеді.

Мұхтар Жәкішевтің отбасының наразылығына қарамастан, жұма күні айыпкердің жаңадан тағайындалған адвокаты Болат Исатаев сот залында «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысының қорғаушысы ретінде іске кірісті. Алайда, ол бұдан былай Жәкішевтің зайыбы Жәмиламен сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартатындығын журналистерге мәлімдеді.

Ал Мұхтар Жәкішевтың ісіне куәгер ретінде тартылғандарды сот залына журналистердің көзінен таса, қосалқы есіктен кірігізіп-шығарып жатты. Ол есікке бөтен адамдарды кіргізбеді. Есіктің аузына күзет қойып қойған.

Судья Нұржан Жолдасбеков те сол есіктен кіріп-шығатын болуы керек. Себебі, Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша процесс басталғалы бері сот ғимараттың бас есігінен судья қара көрсетпеді.

Айтпақшы, осыдан бір жарым жылдай бұрын дәл осы ғимаратта Жақсыбек Күлекеевтің ісі сотта қаралған кезде, қосалқы есік те күзетсіз
Жәмила Жәкішева жұбайының ісі бойынша сот процесі өтіп жатқан №2 Сарыарқа аудандық сотында. Астана, 22 қаңтар 2010 жыл.
ашық тұратын. Ол істі қараған судья Нұржан Жолдасбековтің өзі, қазіргідей журналистерден жасырынбай, бас есіктен кіріп-шығып жүретін.

Ал бұл жолы сот ісін жүргізушілердің осындай әрекеттерінен кейін, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де 30 градус аязға қарамастан, екіге бөлініп, қосалқы есікті де далада тұрып, күзетуге көшті.

Ақыры одан нәтиже де шықты. Бір уақытта журналистердің көзіне қосалқы есіктен сытылып шығып, жылдам басып кетіп бара жатқан адвокат Болат Исатаев шалынды. Бұл жолы ол тілшілерге сот ісінің немен аяқталғанын айтуға да талпынбады. Тек енді Жәмила Жәкішевамен мүлдем сөйлестпейтінін айтты.

- Оның маған қарсы әрекетінен кейін, мен онымен сөйлескім келмейді, - деді адвокат Болат Исатаев.

Осыдан кейін адвокат Исатаев журналистердің қойған сұрақтарына жауап бермей қойды, жұмған аузын мүлдем ашпады.

ҚОЛ ЖИНАУ ЖАЛҒАСУДА

Ал Жәмила Жәкішева бұл кезде судья Нұржан Жолдасбековтің хатшы қызы Махаббат Аманжоловадан отырыстың барысы жайында
Мұхтар Жәкішевтің немере қарындасы Әсел Жәкішева №2 Сарыарқа аудандық сотында. Астана, 22 қаңтар 2010 жыл.
сұрамақ болып онымен байланысқа шығуға талпынып жатқан еді. Бірақ Жәкішева қанша әрекеттенгенімен сот хатшысы телефон тұтқасын көтермеді.

Сондай-ақ, Жәмила Жәкішева өзіне адвокат Болат Исатаевтың да жауап бермей жатқанын айтты.

- Мұхтарға адвокат етіп тағайындаған Болат Исатаевқа міне осымен сегіз рет қоңырау соқтым. Бірақ, ол жауап бермеуде. Мен оның сотта Мұхтарды қалай қорғап жатқанына миым жетпейді. Себебі, ол іспен мүлдем таныс емес. Ол өткенде «Маған іспен танысу үшін екі күн де жетеді. Мен ерекше жаратылған адаммын ғой» деді ғой. Мен оны тіпті адвокат деп айтуға да аузым бармайды, - деді Жәмила.

Жәмила Жәкішева енді Болат Исатаевқа қатысты Астанадағы адвокаттар алқасына арыз түсіретіндігін жеткізді.
Мұхтар Жәкішевтің құқығын аяқасты етпеуді биліктен талап еткен үндеу-хатқа қол жинау. №2 Сарыарқа аудандық соты, Астана, 22 қаңтар 2010 жыл.
Ал сот ғимаратында Мұхтар Жәкішевтің немере қарындасы Әсел Жәкішева сот ісіндегі әділетсіздікке қарсы билік орындарына жазылған үндеуге қол жинауға кірісті.

- Мен құқығы бұзылып жатқан өз елінің азаматтарының тағдырына бей-жай қарай алмайтын Қазақстан азаматтарының қолын жинап жатырмын. Себебі, мұндай заңсыздық әр адамның алдынан шығуы мүмкін. Сондықтан біз бұған жол бермеуіміз керек, - деді Әсел Жәкішева.

Мұхтар Жәкішевтің құқының қорғалуын талап етіп, Қазақстан азаматтарының атынан ел президентіне, парламентке, бас прокуратураға және ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына бағытталған үндеу-хатта «Біз тапсырмамен әрекет ететін соттарға қарсымыз және Жәкішевтің ісінің шынайы және Қазақстан халқының көз алдында өткендігін қалаймыз» делінген. Сонымен бірге, жолдау авторлары «сатқын адвокаттарды қолдану тәжірибесін» тоқтатуды талап еткен.