ЖӘКІШЕВТІҢ ЖАҢА АДВОКАТЫ
Белгісіз уақытқа кейінге шегерілген «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша сот процесі Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында сейсенбі күні аяқ астынан қайта жалғасты. Белгілі болғандай, сот отырысына Мұхтар Жәкішевтің жаңа адвокаты Болат Исатаев қатысқан. Азаттық радиосы осыған дейін, Нұрлан Бейсекеевтің денсаулығына байланысты әзірге Мұхтар Жәкішевті қорғай алмайтындығын жазған болатын.
Ал Мұхтардың зайыбы Жәмила Жәкішева жұбайына жаңа адвокат тағайындалғанын судья Нұржан Жолдасбековтің хатшы қызынан естігенін айтады.
– Мен сот отырысы өтеді дегенді естіп, қаңтардың 19-күні ертеңгісін адвокаттар Данияр Қанафинді және Александр Розенцвайгті ертіп, сот ғимаратының алдына келдім. Судья ең болмаса біреуіне рұқсат береді ғой деп үміттендім. Алайда, судьяның хатшы қызына телефон соғып едім, ол сот отырысының өткенін, үзіліс жарияланғанын айтты. Мен «Адвокатсыз қалайша сот отырысы өтті?» деп сұрасам, ол: «Жоқ, Жәкішевтің адвокаты болды. Ол – Болат Исатаев» деп жауап берді де, телефон тұтқасын тастай салды, – деді Жәмила Жәкішева.
АЙЫПКЕРДІҢ ЗАЙЫБЫ МЕН АДВОКАТТЫҢ КЕЗДЕСУІ
Осыдан кейін, сот ғимаратында Жәмила Жәкішева жұбайына жаңадан тағайындалған адвокатпен танысуының соңы төбелеспен аяқталды. Аяқ астынан пайда болған Болат Исатаев Жәкішевтің адвокаты ретінде айыпкердің зайыбымен тіл табысудың орнына оған қол көтеруге дейін барды.
– Исатаев сот залынан шыққан кезде, мен оның құжатын сұрап, өзін таныстыруын өтіндім. Ол жеке куәлігін берді. Осыдан кейін мен оған «Мемлекеттік құпияға рұқсатыңыз бар ма?» деп сұрағанымда ол «иә» деп жауап берді. «Мұхтар сізді адвокат етуге келісімін берді ме?»
Жәмила Жәкішеваға күш көрсетпек болған Адвокат Болат Исатаевтың (сол жақта) іс-әрекетіне оқиғаға куәгер болғандар араласып, әйелді қорғап қалды. Астана, 199 қаңтар 2010 жыл.
дегенімде, «оның келісімінің қажеті шамалы» деді. Сосын мен «Неге менен сұрамадыңыздар?» дегенімде, ол: «Сіздің де келісіміңіз ешқандай рөл ойнамайды» деп жауап берді. ҰҚК-нің маған жазған ресми хатында Астанада тек қана екі адвокатта – Бейсекеев пен Байқановта ғана мемлекеттік құпияға рұқсаты бар деп жазған. Ал қалған адвокаттардың барлығымен 2009 жылы келісім-шартты бұзғандықтарын атап өткен. Осыдан кейін мен қағаз, қалам алып, жеке куәлігіндегі мәліметтерді жазып алуға бұрыла беріп едім, ол менің қолымды қайырып, құжатымды бер деп дөрекілік танытты, – дейді Жәмила Жәкішева.Осы кезде Жәмиланың жүргізушісі араға түспегенде, адвокат Болат Исатаев оған қол жұмсауға шақ қалған-ды. Осылайша, сот залындағы адамдар мен адвокат арасындағы төбелес, сот көмекшілерінің араларына түсуімен аяқталды.
МҰХТАР ЖӘКІШЕВКЕ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРЫЛДЫ
Үзілістен кейін сот отырысы қайта жалғасуы керек болатын. Алайда, Мұхтар Жәкішевке аяқ астынан жедел жәрдем шақырылды.
Жәмила Жәкішеваның адвокат Болат Исатаевқа: «Дәрігермен бірге барып, Мұхтарға көмектес» дегеніне, жаңа адвокат: «Мен сонда қолыма апельсин ұстап, Жәкішевтің жанында жүгіріп жүруім керек пе? Менің ешқандай қатысым жоқ» деп жауап қайтарды.
Сонымен бірге Жәмила адвокаттың «Іспен танысуыма екі күн жетіп жатыр» деген сөздері өзіне күдік туғызғанын айтып отыр.
Астана қаласының адвокаты Болат Исатаев 1977 жылы туған. Оның есімі осыған дейін де жұртшылықтың назарына іліккен еді.
Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті, таяуда ғана «Мұнай және газ» институтының атқарушы директоры қызметіне келген Жақсыбек Күлекеевтің ісін тергеген қаржы полициясы оның адвокаты Сәлімжан Мусинді шеттетіп, оның орнына осы Болат Исатаевты Күлекеевтің адвокаты етуге әрекеттенген болатын. Бірақ адвокат Сәлімжан Мусин табандылық танытып, Жақсыбек Күлекеевті соңына дейін сотта қорғап шыққан еді.
Енді Мұхтар Жәкішевтің ісіне қатысты келесі сот отырысы 22 қаңтарда жалғасатын болады.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке 2003 жылы компанияның Венадағы өкілдігін заңсыз ашқан, өкілдіктің басшылары және жұмысшылары ретінде ұлттық компанияға ешқандай қатысы жоқ, Қазақстанның Аустриядағы елшілік қызметкерлерін формалды түрде тіркеп, оларға жалақы беріп отырған деген айыптаулар тағылып отыр.
Қазақстандық баспасөз ол адамдар Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қазірде шетелде бассауғалап жүрген Рахат Әлиевке жақын кісілер деп жазады.
Сонымен бірге, Мұхтар Жәкішев мердігер кәсіпорындардың басшыларынан мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстарда оларды жеңімпаз деп тану үшін бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған деп айыпталып отыр.