ЖӘКІШЕВТІҢ ІСІНДЕ «ҚАЗАТОМПРОМНЫҢ» ВЕНАДАҒЫ ӨКІЛДІГІ АТАЛДЫ
«Қазатомпром» акционерлік қоғамы ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев пен оның оққағары Талғат Қыстаубаевтың ісі Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотына берілді. Бұл жөнінде желтоқсанның 10-күні Астанада Қазақстан Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеді.
Жәкішевке ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке ірі көлемде материалдық залал келтірді және мердігер кәсіпорын басшыларынан ірі көлемде пара алды деген айып тағылып отыр.
Сонымен бірге Бас прокуратура Алматы қаласының Қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеев атқарып отырған лауазымды қызметіне лайық емес деп мәлімдеді.
«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке Қылмыстық Кодекстің 176-бабы 3-бөлігінің «а, б, г» тармақшалары бойынша және 311-баптың 5-бөлігі бойынша айыптаулар тағылып отыр.
Атап айтқанда, 2003 жылы Жәкішев «Қазатомпром» компаниясының Венадағы өкілдігін ашқан. Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, өкілдіктің басшылары және жұмысшылары ретінде ұлттық компанияға ешқандай қатысы жоқ Қазақстанның Австриядағы Елшілік қызметкерлерін формалды түрде тіркеп, оларға жалақы беріп отырған.
- Мысалы, әртүрлі кезеңде өкілдіктің директоры қызметіне елшілік қызметкері Эльнара Шоразованың анасы және Қазақстанның Аустриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің жанында болған Вадим Кошляктың зайыбы қағаз жүзінде тағайындалған. Осылайша, Венадағы өкілдіктің ғимарат жалдау, жалақы төлеу, мүлік сатып алу сияқты түрлі шығындарына қаражат бөлу арқылы 2003 жылдың шілдесінен 2007 жылдың қыркүйегіне дейін «Қазатомпром» ұлттық компаниясының 99 млн. 763 мың 961 теңгесі ұрланған, - деді Бас прокуратураның ресми өкілі.
Сонымен бірге, Жәкішевке мердігер кәсіпорындардың басшыларынан мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстарда оларды жеңімпаз деп тану үшін бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған деген айып тағылып отыр.
БАС ПРОКУРАТУРА ЖӘКІШЕВТІҢ ІСІН АШЫҚ СОТТА ҚАРАУДЫ ҰСЫНБАҚ
Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевқа да «Қазатомпром» компаниясының мүлігін өз өкілеттігін теріс пайдалану арқылы талан-таражға салды деген айып тағылып отыр екен.
Ал осыған дейін адвокат Нұрлан Бейсекеев пен Жәмила Жәкішеваның «Мұхтар Жәкішевтің Конституциялық құқығы бұзылуда» деген мәлімдемелеріне қатысты Бас прокуратура төмендегідей түсініктеме берді.
- Жәкішевтің адвокаты Бейсекеев БАҚ арқылы оған қылмыстық іс материалдарымен танысуға небәрі 3-ақ күн берілгенін жария етті. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қылмыстық іс материалдарын тергеу органдары Жәкішев пен оның адвокатына осы жылдың 13 қарашасында берілген. 19 қарашада айыпкер мен оның қорғаушысының іспен танысуды қасақана созуына байланысты тергеу қылмыстық іс жүргізу заңдарының нормаларын сақтай отырып, танысу мерзімін 30 қарашаға дейін деп белгілеген болатын. Бейсекеевтің өтініші ескеріліп, бұл мерзім де прокуратураның нұсқауы бойынша ұзартылған. Яғни, Жәкішев пен оның адвокатына іспен танысу үшін жеткілікті уақыт берілді, - дейді Нұрдәулет Сүйіндіков.
Ал Жәкішевке «Уран кеніштерінің үлестерін талан-таражға салды» деген айыптауларға қатысты, Бас прокуратура бұл іске қатысты тергеу амалдары жалғастырылуда деп қысқа қайырды.
Бас прокуратура Жәкішевтің ісіндегі құпия материалдарды зерделеу кездерінен басқа кезеңде сот отырысын ашық режимде қарауды ұсынатын болады деп мәлімдеді.
ЖӘНТЕЛЕЕВКЕ ҚАТЫСТЫ БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАЙЛАМЫ
Осылайша, Жәкішев ісін толық айыптаған Бас прокуратура, керісінше Алматы қаласының Қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеев ісіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы қабылдайтынын атап өтті.
- Жантелеевті ұстау барысында ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерімен ол жерде кездейсоқ болып қалған 4 адамға қатысты қандай да бір заңды негізсіз ұстау, кісен салу, медициналық бақылаудан өту сияқты мәжбірлеу шаралары заңсыз қолданылғандығын атап өту қажет. Мұнымен шектелмей, аталған 4 адам ҰКК департаментінің ғимаратына жеткізіліп, ол жерде келесі күннің таңына дейін заңсыз ұсталған, - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.
Сонымен бірге заңды қадағалау мекемесі Айдын Жантелеевтің есірткіні заңсыз сақтаған деген дәйекті жоққа шығарып, бірақ оның адамдармен қарым-қатынаста талғамсыздыққа жол беретінін айыптап отыр.
Бас прокуратураның мәліметі бойынша, Жантелеев есірткі заттарын заңсыз айналымда ұстайтын адамдармен байланысы бар. Осы үшін, бақылау органы Қаржы полициясы басшысына Жантелеевті лауазымды қызметінен босату жөнінде ұсыныс жібергенін айтты.
ЖӘМИЛА ЖӘКІШЕВА СОТТЫҢ ӘДІЛ ӨТЕТІНДІГІНЕ СЕНБЕЙДІ
Солдан оңға: Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бисекеев және Жәмила Жәкішева. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
Бас прокуратура ғимаратында өткен брифингке Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев пен Жәмила Жәкішева да келді.БАҚ өкілдері брифингтен кейін, бірден Бейсекеев пен Жәкішевадан да түсініктеме алмақ болған еді. Бірақ Бас прокуратура қызметкерлері журналистерден және Жәмиладан тез арада залды босатуларын сұрады. Осыдан кейін 25 градус аязда Бейсекеев пен Жәкішева далада тұрып журналистердің сұрағына жауап берді.
Олар қадағалау органының Жәкішевке қазірден бастап мемлекеттік айыптаулар тағып жатқанына қарағанда, соттың да әділ өтпейтіндігін кесіп айтып отыр.
- Бас прокуратураның бүгінгі мәлімдемесінен кейін құқық қорғау органдары арасындағы былықтың бола беретінін, әрі қарай жалғаса беретініне көзім жетті. Соттың да әділ өтетініне сенбеймін, - дейді Жәкішевтің зайыбы Жәмила.
Ол сонымен бірге журналистерге мына жағдайға назар аударуын сұрады.
- Бас прокуратура брифингте «Біз барлық азаматтарға тең қараймыз» деді. Мысалы, прокуратура айтқан екі жағдайды алып қарайықшы. Мұхтардың ісінде де дәл Жантелеевке қатысты айтылып отырған заң бұзушылықтар орын алып отыр. Жасырын пәтерлер, куәгерлерді мәжбүрлеу секілді оқиғалар. Айтпақшы, Жәкішевтің бұрынғы орынбасарлары әлі күнге дейін жасырын пәтерлерде отыр. Олар бүгінгі күнге дейін жақын туыстарымен байланыса алмауда. Бастапқыда «олардың өмірлеріне қауіп төнбес үшін ұстап отырмыз» деді. Бірақ олардың отбасылары ешқандай күзетсіз Алматыда жүріп жатыр. Оларға бүгінгі күнге дейін қауіп төнген жоқ. Демек, оларды әлі күнге дейін қарсы куә айту үшін мәжбүрлеп қамап отыр. Бұл да өрескел заң бұзушылық, - дейді Жәмила Жәкішева.
Ал Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің барлық айыптаулар бойынша өзінің қорғауындағы Мұхтардың құқығы сақталмағандығын айтады.
- Ол тергеу ісінде өзінің кінәсіздығын толық дәлелдеуге мүмкіндік ала алмады. Менен бөлек Жәкішевтің жеке өзі Бас прокуратураға бес өтініш жазды. Бірақ соның бірін де қадағалау мекемесі қараған жоқ. Прокуратураның айыптау құжаттарымен толық танысуға жеткілікті уақыттары болды дегеніне байланысты мынаны айтқым келеді. Мен 16 қарашада дене қызуымның өте жоғары болғанына байланысты еңбекке жарамсыз деп табылып, ауырып жаттым. Тек іске 25 қарашада кірістім. Ал осы уақыт аралығында тергеу органдары мені құжаттармен танысты деп қаулы қабылдап қойған. Ал істермен танысу уақытын математикалық есеппен келтіретін болсам, маған бір бетіне 23 секунд ғана уақыт берген. Осы заңдылыққа жата ма? - дейді Нұрлан Бейсекеев.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев мамыр айында қызметінен алынып, тұтқындалды. ҰҚК оны мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыптады. Тұтқындалғаннан бері Мұхтар Жәкішев ҰҚК-інің Астанадағы тергеу абақтысында отыр. Мұхтар Жәкішевпен бірге тұтқынға алынған оның оққағары, полиция майоры Талғат Қыстаубаев та мамыр айынан бері қамауда жатыр.
Мұхтар Жәкішевтың әйелі Жәмила желтоқсанның 2-күні Алматыда жасаған мәлімдемесінде, Астанада ҰҚК-нің абақтысында қамауда отырған жұбайының әлдекімге өзінің істеген жұмысы туралы баяндап отырған сәті жазылған бейнежазбаны өзіне қыркүйектің 10-ында ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың өз қолымен бергенін мәлімдеген болатын. Алайда сол күні-ақ ҰҚК бұл ақпаратты теріске шығарған еді.
Жәмила әлгі бейнежазба қарашаның басында интернетте жарияланған Мұхтар Жәкішевтің бейнежазбасымен өте ұқсас екенін айтқан-тын.
Ал ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті тұтқындаған Алматы қалалық Қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің үстінен қозғалған істі Бас прокуратура тоқтатып, керісінше, оны тұтқындаған қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Бұл істі өз қадағалауына алған Бас прокуратураның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кызметкерлері тергеу тәртібін бұзған.
Ал желтоқсанның 7-күні Қазақстан президенті ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың қызметтен кету туралы өтінішін қабылдап, оны өзінің кеңесшісі етіп тағайындағаны хабарланды.
Алайда биліктегілер Шабдарбаевтың қызметтен кетуі Жәкішевтің ісімен байланысты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығаруда.