Полициядан соққы жегендерін айтқан балықшылар енді өздерін діни сенімсіздер ретінде қуғындай ма деп қорқады

Асхат Орынбасаров денесіндегі соққы тиген жерлерін көрсетіп тұр. Атырыау, 7 мамыр, 2009 жыл.

Атырау құқық органдарының Жайық-Каспий бассейнінде бекіре тұқымдас балықтарды қорғау үшін өткізетін дәстүрлі «Бекіре» операциясында биыл 3 балықшы еш жазықсыз соққыға жығылғанын айтып отыр. Бірақ полиция қызметкерлері оны жоққа шығарып, балықшыларды діни ағым өкілдері ретінде сипаттайды.
«ЖАСАМАҒАН ҚЫЛМЫСТЫ МОЙНЫМЫЗҒА ҚОЙМАҚ БОЛЫП, БІЗДІ ҰРЫП-СОҚТЫ»

Балықшылардың айтуынша, сәуірдің 22-сінде Дамбы поселкесіндегі «Абылайхан» ЖШС жұмысшылары Асхат Орынбасаров пен Темірхан Есқалиевтер әдеттегідей балық аулауға Жайық сағасына аттанған. Бірақ, теңізге жетпей астыларындағы «Казанка-5» қайығының моторы істен шығып қалған.

Балалары келетін уақытынан кешіккеніне мазаланған Асхат Орынбасаровтың кәрі анасы Нәзира апа оларды іздеп келуге арттарынан Нұрлан Таумановты жібереді. Бұзылған қайықты қамысқа байлап, Н.Таумановтың қайығына отырып ауылға беттеген үшеуіне қарсы шыққан қайықтағылар оларға тоқтауға бұйрық береді.

Бұл «су полициясы» (балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімі) қызметкерлері екенін түсінген үш балықшы қайықтарын тоқтатып, рұқсат қағаздарын дайындай бастайды.

Алайда полиция қызметкерлері балықшылардың «біздің рұқсат қағазымыз бар» дегендерін тыңдамастан оларды Балықшы поселкесіндегі «су полициясы» мекемесіне алып келіпті.

Содан кейінгі болған жайтты оқиға куәгерлерінің бірі Темірхан Есқалиев Азаттық тілшісіне былай деп баяндап берді:

«Бұл кезде шамамен түн ортасы болған еді. Бізді бөлімшеге алып келген соң «мойындарыңа балық жазамыз» деді. «Қайдағы балық, біз ешнәрсе аулаған жоқпыз, моторымыз бұзылып тұрдық» деп жағдайымызды айта бастап едік, бас салып сабай бастады.

Серік Жанұзақов деген полиция қызметкері мені екі құлағымнан соққанда көзім қарауытып, ешнәрсе естімей қалдым. Құлағымнан қан аға бастады. Көрші бөлмеде Асхат пен Нұрланның айқайлаған дауыстары естілді. Оларды да соққыға жығып жатқандарын білдім.

Бізді ұрғандардың бірі «су полициясы» бастығы Қайрат Шонаевтың өзі болды. Полицияның үзбей соққылап жатқандарына 5-6 сағат болды. Ең бастысы олар денемізді көгертпес үшін басымыздан, арқамыздан, бүйірімізден соқты. Әсіресе Нұрлан Таумановтың жағдайы нашарлай бастады.

Бет ауызы-қан жоса болып, екі бүктетіліп жатқан оған қарап біз өлтіреді екен деп қорықтық. Содан соң полиция қызметкері Серік Жанұзақов «егер біреуің мойындарыңа алсаңдар 70-80 мың теңге айып төлеп, құтылып кетесіңдер, топ болып отырсаңдар қиын болады, әрі ол бәлен мыңға шығады» деп үгіттей бастады».

Полиция мекемесінде болған тағы бір балықшы Асхат Орынбасаров не де болса ауланбаған балықты мойынға алмақшы болғанын айтады:

«Мен мойыныма алсам, мына жігіттерді босатасыңдар ма?» деп сұрадым «Босатамыз» деген соң мойындау жазуға келістім. Олар бірден тергеуші шақырды. «Балық аулауға шыққанда ауымызға түсіп қалған өлі балықты тастап кетуге қимай, әкеле жатқанымда су полициясы қызметкерлеріне ұсталып қалдым» деп жаздым.

Ертесінде менің мойындау қағазымды көріп риза болмаған «су полициясының» бастығы Қайрат Шонаев мені балағаттап: «мойындауыңа сулы тор, снасть, Сarmin аппараты болды және ана бұрыштағы қапшық уылдырықты көріп тұрсың ғой, соны қоса жаз. Салмағын біз өзіміз көрсетеміз» деп бұйырды.

Мен «оны қалай жазамын? Бұл заттар менде болған жоқ қой?» деп едім, «сен әлі түсінбеген екенсің» деп полиция тобын телефонмен шақыра бастады. Тағы жабылып соғады екен деп қорыққанымнан «жақсы, жазайын, бірақ сотталып кетпеймін бе?» дегенімде, «жоқ, бәрін қосқанда 200 мың теңге айып төлеп шығып кетесің. Үшеуіңе бөлгенде бұл көп ақша емес қой» деді Қайрат Шонаев.

Мен «онда жарайды, тек сыртқа шықсам бола ма, темекі тартқым келеді, жүрегім айнып бара жатыр» дедім. «Есік алдына шығып кел, сосын жазып бер» деді. Сыртқа шықсам есік алдында туысқандарымыз келіп тұр екен. Нұрлан мен Темірханды мені мойындап жатыр деп ойлап босатқан екен. Олардың машинаға отырып кетіп бара жатқанын көріп мен де солармен ілесіп қашып кеттім».

Жапа шегушілердің айтуынша, басынан қатты соққы алған Нұрлан Тауманов есін жия алмай, құсуын тоқтатпаған соң туыстары жедел жәрдем шақырған көрінеді. Екі күннен астам ауруханада жатқан оларға дәрігер басы, дене мүшелерінде сандаған жарақаттар болғанын растаған қағаз жазып беріпті. Ал Нұрлан Тауманов сол соққылардан миы шайқалғандықтан нейрохирургия бөліміне ем алуға жіберілген.

ПОЛИЦИЯ БАЛЫҚШЫЛАРДЫ ҰРЫП-СОҚПАҒАНЫН АЙТЫП, ОЛАРДЫ ДІНИ АҒЫМ ӨКІЛДЕРІ ДЕП СИПАТТАДЫ

Ал, ішкі істер департаментінің Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес жөніндегі бөлім бастығы Азаттық радиосына мынадай түсіндірме айтты:

«22-ші сәуірде құрамында Астанадан келген ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері бар полицияның рейдтік тобы қамыс арасында тығылып отырған уақытта үш адам мінген қайықтың өтіп бара жатқанын байқаған.

Олар қайықтың арттарынан ұзақ қуып барып қамысқа тығып ұстады. Ұсталған кезінде белгілі болғандай, балықшылар ислам ағымдарының біріне жататындықтан, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен.

Қайықтан спутниктік навигациялық Сarmin құралын, бекіре балықтары бар қапшықтар мен салмағы 5 кг екі пакет уылдырық тәркіленген».
Темірхан Есқалиев үйінен шықпай отыруға мәжбүр. Атырау, 7 мамыр, 2009 жыл.


Балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің бастығы Қайрат Шонаев балықшыларға ешкім саусағының ұшын да тигізбеген деп отыр:

«Түнгі екілерде оларды босатып жібердік. Ал ары қарай олардың қайда барғандарын, не істегендерін біз білмейміз. Қазір олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 287-бабына сай «су жануарларын заңсыз аулағаны» жөнінде іс қозғалуда».

Ал балықшылар болса, полиция енді өздері діни тұрғыда сенімсіз адам ретінде қудалай бастай ма деп қауіптенеді. Олар өздерін ұстаған кезде «су полициясы» бастығы Қайрат Шонаевтың балағаттап, оларды «уаххаби» деп атағанын айтып берді.

«Оның себебі, менің өсіп кеткен сақалым болды. Ал табиғатымнан сақалым сондай - өсімтал. Ал мұсылман ретінде намаз оқитындығымыз рас, оны ешкімнен жасырғанымыз жоқ», – дейді Асхат Орынбасаров.

Олардың айтуынша, енді үйілеріне ІІД-нің экстремизм және сепартизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері келіп олардан сұрау-жауап алып жүрген көрінеді. Қазір балықшылар үйлерінен аттап шықпай отырғандарын айтады.

«Көшеге немесе Жайық жағалауына барсақ, ұстап алып кете ме деп қорқамыз. Күнімізді осы балықпен көретін едік. Енді оған берілген рұқсат қағазының да мерзімі аяқталды. Бәріміздің отбасымыз бар, олар бізге қарап отыр. Ал біз істің қанша уақытқа созыларын білмейіміз», – дейді Темірхан Есқалиев.

ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ІСІН ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ҚАРАП ЖАТЫР

Балықшылардың айтуынша, олар осы мәселеге орай ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданыпты. Бірақ ҰҚК-дегілер ондай арыздың болғанын растағанымен, «тергеу жүргізілуде» деп ақпарат беруден бас тартты.

– Мен полицияға әдейі шағым жазғаным жоқ, Өйткені, сенбеймін. Олар «шағымдарыңды қараймыз»деп мені қайта алып кетіп, ұрып-соғуы мүмкін, – деп түсіндіреді Нұрлан Тауманов.

Жәбір көрген балықшылар полиция қызметкерлері өздерін ұрып-соғып, жазалу арқылы жалған айыпты мойындатып, дәрежелерін көтермек деп есептеп отыр.

– Бұл тек біз қашып құтылып кеткендіктен, ашылып отырған мәселе. Ал жазықсыз жаза тартып жүрген балықшылар қаншама? Полиция қызметкерлерінің әділетсіз әрекеттерінің лайықты жазаланғанын қалаймыз, – деп мәлімдеді олар.

Атырау тұрғындарының негізгі күн көріс көзінің бірі - балық. Бірақ соңғы кездері бұл қатерлі кәсіпке айналды. Бұған дейін Каспий теңізінде балық аулауға шығып, шекарашылар қолынан қаза тапқан екі балықшының өліміне әлі күнге дейін ешкім нақты жауап берген жоқ.