Кремль империяны қайта жаңғыртқысы келеді

Бұрынғы Совет Одағының гербі. Көрнекі сурет.

Әртүрлі бірлестіктерді құру арқылы Кремль бұрынғы Совет Одағын қайта тірілткісі келеді. Бірақ бұл оның қолынан келе қоймас деп есептейді Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне қатысушылар.



Кремль түрлі шаралар мен тәсілдерді қолдана отырып постсоветтік елдерге ықпалын арттыра түсті. Бірақ азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғау, сөз, жиын, шерулер өткізу бостандығы тұрғысынан келгенде өзінің де мақтана қоятындай жайы жоқ. Мысалы, жақында Еуропа Кеңесі Ресей билігін азаматтардың жиылыс өткізу жөніндегі конституциялық бостандығын сақтауға шақырды.

Осы тақырыпқа арналған Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне: Андрей Пионтковский, саясаттанушы (Ресей); Валерий Карбалевич, саяси шолушы «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы (Беларусь); Тоқтоғұл Какчекеев, саяси шолушы (Қырғызстан) және «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Тәжік редакциясының директоры Сожида Джафарова қатысты.

Дөңгелек үстелді Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы жүргізді.


ТАБЫСТАН БАС АЙНАЛУ

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Кремль постсоветтік кеңістіктегі рөлін қайтадан күшейтуге кірісті деген сөз жиі айтыла бастады. Сіздердің ойларыңызша, мұндай пікірлердің айтылуына не себеп?

Валерий Карбалевич:

– Кремль постсоветтік кеңістіктегі ықпалын арттыруға үнемі ұмтылумен келеді, мұнда тұрған ешқандай жаңалық жоқ. Ал енді оның қолынан бұл шаруаның үнемі келе бермегені екінші әңгіме. Мысалы, тоқсаныншы жылдары экономикалық және саяси әлсіреудің себебінен, ал енді қазір қуат көздерін сату мен АҚШ-тың сыртқы саясаттағы өзгерістеріне байланысты ол өзінің ықпалын нығайтып, тіпті
Саяси шолушы Валерий Карбалевич.
кеңейтіп алғысы бар.

Айтпақшы, соңғы фактордың айрықша алар орны бар. Өйткені, әлемде демократия идеясын жүргізген Буштың командасы қазір жоқ. Ал, Барак Обаманың әкімшілігі өзінің сыртқы саясаттағы ықпалын бәсеңсітіп, постсоветтік кеңістікте үстемдік құру құқығы үшін күресін тоқтатты. Өзіндік бір карт-бланш есепті бұл жағдайды Ресей пайдаланып отыр. Болып жатқан бұл оқиғаларды мен ресей-америка қарым-қатынасын қайта іске қосу деп атағым келеді.

Жағдайға экономикалық дағдарыс та ықпал етіп, сыртқы саясат тұрғысындағы Еуропа одағы тарапынан болар қысым жасау әрекетін күрт босаңсытты. Осыдан бір жыл бұрын ғана керемет жоба деп есептелген «Шығыс серіктестігі» бағдарламасы тоқтап қалды.

Постсоветтік кеңістікте болып жатқан соңғы оқиғаларды Ресей өз жеңісі деп қабылдайды. Грузияны жеңу, Украинада ресейшіл президенттің билікке келуі, Қырғызстанда Кремльге ұнамай қалған президентті төңкеріп тастау. Қысқасы, Мәскеудің табыстан басы айналып отырған жайы бар. Біз де бұны байқап отырмыз.

Андрей Пионтковский:

– Белорустық әрптесімнің айтқандарымен келісемін. Ресейдің үстемдікке ұмтылғанына 20 жыл болды. Сондықтан бұл бүгін ғана белгілі болып отырған жай емес, бұл Ресейдің сыртқы саясатындағы негізгі парадигмалардың бірі. Владимир Владимирович Одақтың ыдырауын аса ірі геосаяси апат деп бекерге айтқан жоқ қой. Мәскеу енді осы апаттың салдарын жойып, барлығын бұрынғы орнына қойғысы келеді.

Батыс қазір Ресейге толық еркіндік беріп қойды. Бірақ бұл оның барлық әрекеті табысты болып жатыр деген сөз емес. Мәскеудегілердің
Ресейлік саясаттанушы Андрей Пионтковский.
табысқа балап отырғандарын мен жеңіліс деп есептеймін. Мысал үшін Беларусты алсақ. Оның президенті Беларусь пен Ресей әне-міне қосылады деп 20 жыл бойы уәде берумен Ресейдің діңкесін құртты.

Көп ұзамай Белоруссия бүкіл субьектілерімен қоса Ресей Федерациясына сіңіп кетеді деп Кремльдегілердің үміттенгендігі шындық. Ал Лукашенко болса дәл осы кезде Белорустың ұлттық саясатын күшейтіп, Беларустың ұлттық егемендігін нығайта түсті. Ол өз билігі үшін әділ күресті. Және саяси кісі өлімдері үшін кінәлі деп айыпталып отырған бұл диктатор белорус тарихының оқулықтарына Белоруссия тәуелсіздігінің әкесі ретінде енері кәдік.

Жақында ғана Киевке көзі көгеріп келген Путинмен болған келіссөздерде байқалғанындай, ресейшіл Янукович та «екінші Лукашенко» болып келе жатыр.

Жүргізуші:

– Ресей, Қазақстан және Беларустың Кедендік одағының құрылуына байланысты Қазақстанда ел Ресейдің құрамына еніп, тәуелсіздігін жоғалтып алуы мүмкін деген қауіп бірнеше мәрте айтылды. Сіздердің пікірлеріңізше, Кремльдің түпкі мақсаты не?

Андрей Пионтковский:

– Егер Лукашенко бүгін-ертең әлдеқайда кіремін деп уәде беріп, Мәскеуге әлдебір қағаздарды алып келіп, қол қойып, тіпті арақ толы стақанды сындырып миллиардтаған ақшамен кетсе, Қазақстан президенті Назарбаев оған қарағанда шебер ойын өткізді. Ол жыл сайын әлдебір түсініксіз еуразиялық идеяны ұсынып отырды. «Еуразиялық» деген сөздің Ресей саясаткерлерінің құлағына майдай жағатыны белгілі. Ал, шындап келгенде, Назарбаев та Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін нығайта берді.

Сожида Джафарова:

– Ресейдің бұрынғы советтік республикаларда, әсіресе Орталық Азия елдерінде империяны қайта жандандыруға бар күшін салып
«Азат Еуропа/Азаттық» радиосы Тәжік редакциясының директоры Сожида Джафарова.
жатқандығы ешқандай құпия емес. Орталық Азия елдерінің Ресейді одақтасы ретінде танымай отыруы оған өз жоспарын толыққанды жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Кейбір тұстарда Кремль кішкентай ғана қорғансыз мемлекет Қырғызстанды, оған экономикалық және әскери жағынан тәуелді Тәжікстанды қорқытуы мүмкін. Бірақ бұл елдерді үнемі қорқынышта ұстап тұруға болмайды.

Тәжікстандағы 25 лаңкестің түрмеден қашуы мен елдің шығысында, Камароб шатқалында болған оқиғаларды кейбір үкімет шенеуніктері мен талдаушылар Ресеймен байланыстырады. Өйткені, Тәжікстан «Рогунның» акцияларын Ресейге бергісі келмегендіктен, соңғы кездері Тәжікстан мен Ресей арасы біршама салқындап қалды.

Тәжікстан әскери базасын бергісі келмегендіктен оның екі аймағында тұрақсыздық пайда болды деп есептейді көптеген сарапшылар. Мен де осындай пікірдемін.

Батыстың бұл аймақтарға азырақ көңіл бөлуі және Ресейдің империялық қылықтарына көз жұма қарауы себепті Ресей Орталық Азия елдерінде белсенді қимыл танытып отыр. Бұдан бөлек Қытай, Иран, Түркия бар. Бұл елдердің барлығы да өз үлестерінен құр қалғысы келмейді. Осының барлығы Ресейдің жүйкесіне тиюде.


ЕСЕПКЕ ҚҰРЫЛҒАН ДОСТЫҚ

Тоқтоғұл Какчекеев:

– Постсоветтік кеңістікте Ресейдің белсенділік танытуының заңдылығы бар. Ол барынша аяғына нық тұрған ел. Бірақ әлдебір экономикалық, саяси плацдарм жасау үшін ол бұрынғы Совет Одағындағы бауырлас елдермен қарым-қатынасты қалпына келтіру керектігін сезді.

Ресей осы елдермен – Кавказбен, Закавказьемен, Орталық Азиямен жаңа тепе-теңдік, жаңа қарым-қатынастар орнатқысы келеді. Мұнда
Саяси шолушы Тоқтоғұл Какчекеев.
тұрған оғаш ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Жаһандану мәселесінің өзі осыған алып келе жатыр. Оның үстіне минералдық, шикізаттық өзге де қорлардың азаюы да осындай қадамға баруға мәжбүрлейді.

Ал Лукашенкоға келсек, ол жақсы колхоз төрағасы сияқты Ресейден алуға мүмкіннің барлығын алып болды. Бұл славян мемлекеттерінің достық қарым-қатынасы емес, капиталистік мемлекеттер арасындағы сауда болды. Лукашенконың Ресеймен достығы есепке құрылды. Ол Ресей нарығына шыққысы және Ресей Федерациясының батыс бөлігіндегі форпост міндетін атқарғысы келді.

Менің ойымша, дәл қазір экономикалық жағынан дамыған, техникалық, технологиялық және қаржылық тұрғыда үлкен әлеуетке ие болып отырған Ресей Тәжікстан, Қырғызстан сияқты кішкентай елдерге қолдау көрсетуі керек. Қалай дегенмен де олар мықты одақтасқа зәру болып отыр.

Сонымен бірге, Ресей бүгінде құрамына Қазақстан, Ресей және Беларусь енетін Кедендік одақ тәрізді үлкен альянс құрып отыр. Не десек те дәл осы елдер сияқты бұрынғы ескі көршіңе, ескі досыңа үміт артып, барынша сенімді, бюрократтық емес, шынайы одақ құрғанның дұрыс екендігіне келісетін шығарсыздар.

Ортақ мәселелерді өз пайдасына шеше отырып Қытай да алдына осындай мақсат қойып отыр. Ресей мұны кештетіп қолға алды. Осының өзі өзгелердің жүйкесіне тиеді.

Жүргізуші:

– Осы үдерістегі Қазақстанның алар рөлі мен орыны қандай деп ойлайсыздар?

Тоқтоғұл Какчекеев:

– Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев – түркі әлеміндегі аса көрнекті саяси және мемлекет қайраткері екендігін мойындау керек.
Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары биліктің дәмін татып қалғандықтан бұрынғы әдетпен барлық елдерді біріктіру енді Ресейдің қолынан келмейді.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды, ал Назарбаев демократиялық қарым-қатынастардың принципті тұрғыдағы жаңа стандарттарын дамыта алды деп айтуға болады.

Қазақстанның қуаттылығы онда тұратын халықтың бірлігінде. Қарулы күштерді жарақтандыру жағынан да ол табысқа жетіп, Ресейден кейінгі екінші орында тұрған сияқты.


БИЛІКТІҢ ДӘМІ

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Кремльдің бұл әрекеттерінің барлығы кішкентай болса да жойылып кеткен ССРО-ны қайта жаңғыртудың әрекетіне ұқсамайды ма? Карбалевич мырза, постсоветтік елдердегі Кремль саясатының түпкі мақсаты не деп ойлайсыз?

Валерий Карбалевич:

– Ресей алдына кәдімгі геосаяси міндет қойып отыр деп ойлаймын. Бұлар – өз маңайындағы кеңістікке бақылау жасау, ол жаққа Ресей капиталының өтуіне жағдай туғызу, барлық постсоветтік елдерді Ресей тізгінін ұстайтын ТМД, ҰҚКҰ, Кедендік одақ, ЕурАзЭҚ сияқты әртүрлі интеграциялық бірлестіктерге біріктіру.

Совет Одағын қайта жаңғырту жөнінде мақсаттың қойылуы екіталай. Ресейге бұның қажеті жоқ. Көршілес мемлекеттердің жартылай серіктестігінің өзі оған жетіп жатыр.

Сожида Джафарова:

– Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары биліктің дәмін татып қалғандықтан бұрынғы әдетпен барлық елдерді біріктіру енді Ресейдің қолынан келмейді. Енді олар өздерінің үстінен әлдекімдердің қарап тұрғанын қаламайды. Ал Ресей оларды тақтан тайдырып, орнына өзге өз адамдарын қойса, әңгіме басқа.

Бірақ түрлі одақтардың, альянстардың көмегімен постсоветтік елдерді біріктіру бұрынғы империяға тиімсіз. Барлық елдерді біріктірудің әрекеті бұған дейін жасалды. Бірақ тәуелсіздікке үйреніп қалған олар енді Ресейге бағыну былай тұрсын, тіпті бірін-бірі тыңдағысы да келмейді.

Андрей Пионтковский:

– Кремльдің 20 жыл бойғы Беларусты жұтып қоймаққа жасаған әрекеті Совет Одағының тіпті кішкентай бөлігін қайтып алып келудің бекершілік екенін көрсетіп отыр. Тоқсаныншы жылдардың ортасында, Беларустың ұлттық, мемлекеттік сана-сезімі жеткіліксіз болып тұрған кезеңде, Ресейдің бұған мүмкіндігі бар болатын.

Оның ұлттық сана-сезімі кейінірек пайда болды. Қажет болып жатса, Мәскеу Лукашенконы ықыласпен-ақ құлата салатын еді. Бірақ бұл оның барлық мәселесін шешіп бермейді. Өйткені, өзге белорусь басшысы да Беларусты Ресейдің құрамына алып кірмейді.

Кремльдің проблемасының өзі сонда, ол постсоветтік кеңістікте неге қол жеткізгісі келетіндігін өзі де түсінбейді. Сондықтан, саясаттанушы емес, психоаналитик ретінде байқағаным, Кремльдің әрекетіне түрткі болып отырған геосаяси немесе әскери мүдде емес, кәдімгі менмендік ғана. Кремль өзінің ұлылығын, ықпал етер аймағы бар екендігін көрсеткісі келеді.

Шындап келгенде бұл жағдай қоқырайтып өзін-өзі көрсету ғана болды. Қайғылы оқиғалар болып жатқан кезде Қырғызстанға әскер енгізу
Кремльдің әрекетіне түрткі болып отырған геосаяси немесе әскери мүдде емес, кәдімгі менмендік ғана. Кремль өзінің ұлылығын, ықпал етер аймағы бар екендігін көрсеткісі келеді.
жөніндегі қырғыз үкіметінің өтінішіне Ресей құлақ аспады.

Бұл не деген сөз? Бұны Қырғызстандағы жағдайдың тұрақсыздануына мүдделілік деп айтуға болады ма, әлде бұл мәселе ұжымдық қауіпсіздікке келгенде осы бір үлкен одақтың шарасыздығын көрсетеді ме? Менің ойымша, бұл жерде осының екеуі де бар сияқты.

Мысал үшін Кедендік одақты алайық. Ресей бұны өзінің бастамасы қылып көрсеткісі, «міне, менің арқамда бірігіп жатыр» дегісі келеді. Бірақ, кешіріңіз, Кедендік одақ – бұл тауарлардың, қызметтердің, адамдардың, капиталдың еркін қозғалысы.

Ресейге өзін ұлы держава ретінде сезінгені жақсы шығар. Бірақ сонымен қатар, бір мезгілде мемлекет басшылары болып отырған олигархтардың экономикалық шығындарын Кремльдің байқағысы келмейді. Жалпы алғанда бұл бірлестіктердің барлығы шындығында бос дүние екендігін көрсетті.

Тоқтоғұл Какчекеев:

– ҰҚКҰ дегеніміздің кезекті бос әңгіме екендігі енді түсінікті болды. НАТО-ға балама деп ойлап тапқандары жай ғана сабынның көбігі болып шықты.

Бүгінгі таңда ынтымақтасу жолдарын ұйымдастыруға көмектесетін көптеген ұйымдарды қайта жандандыру мәселесі тұр. Нені алып қалып, қайсысын қалдырмайтынын қазір шешіп жатқан болар. Бірақ ҰҚКҰ жұмыс істей алмайтын ұйым екендігін көрсетіп берді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы осымен өзінің дөңгелек үстелін тәмамдайды. Қатысқандарыңыз үшін рақмет.