Интернет Түркіменстанды сырт әлеммен жалғайтын саңылауға айналды

Түркімен қызы интернет-кафеде отыр. Ашхабад, 14 наурыз 2007 жыл.

Билігін сынасаң темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарудан тайынбайтын елдің бірі Түркіменстан. «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қойылып отырған осынау Орталық Азиядағы елде интернет іштегі ойды сыртқа шығаратын жалғыз құралға айналып келеді.

Түркіменстанда сыни ой-пікір жазуға болатын танымал сайттардың бірі – негізінен студенттерге бағытталған түркімен тіліндегі talyplar.com сайты.

АҚШ-та тұсауы кесілген бұл сайт әзірге саны шағын түркімен тіліндегі өзге интернет парақшаларымен бірге ел ішінде де, сыртында да біртіндеп танымал бола бастады.

АЛҒАШҚЫ ИНТЕРНЕТ-КАФЕ

Бұл сайттардан Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов пен оның «Рухнама» кітабын «жерден алып, жерге салатын» сындарды жиі кездестіруге болады. Мұндай сайттар 2006 жылы желтоқсанда билікке келген Гурбанқұлы Бердімұхамедов тұсындағы Түркіменстанды сыртқы дүниемен байланыстыратын кішкентай саңылау іспеттес.

Сапармұрат Ниязов кезінде интернетті негізінен мемлекеттік шенеуніктер мен жоғарыда «көкелері» барлар ғана пайдаланды.

Гурбанқұлы Бердімұхамедов билікке келген соң алғашқыда интернетке қойылған шектеулердің біразын алып, бұранданы босатқандай
Ашхабадтағы интернет-кафеде Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың суреті ілініп тұр.
болды. Соның арқасында Ашхабад пен елдің басқа да өңірлерінде ондаған интернет-кафелер ашылды.

Мұндағы блогтар мен форумдарда ең көп талқыланатын тақырыптар – экономика, жемқорлық және мемлекеттік бюджет мәселесі. Ниязовқа қарағанда әлдеқайда «терісі кең» саналатын Бердімұхамедовтің де сын садағына ілінетін шақтары аз емес.

«Бердімұхамедов президенттікке келген алғашқы жылы Дашауыз облысына миллиардтаған доллар инвестиция салуға уәде берген еді. Онысы төрт миллиард шығар деп ойлаймын, – деп жазады Сират есімді адам. – 2009 жылы Дашауызда болғанымда өзгерген ештеңе көрмедім. Міне, мысал керек болса». Бұл teswirler.com сайтында Гурбанқұлы Бердімұхамедовке қатысты айтылған сөздер.

Тағы бір тұста жазған пікірінде осы Сират бар пәлені үкіметтен көреді: «Неліктен жер-дүниені жемқорлық жайлап алған? Егер әйел босануы керек пе – онда пара беруі керек. Жақсы мектепте оқығың келе ме – пара бер. Құжат алғың келсе, тағы да сол – пара. Парақорлық қанымызға сіңді. Неге? Өйткені жалақы төмен, баға қымбат. Көптеген шаңырақта бір адам ғана жұмыс істейді. Көп жұрт тек зейнетақымен ғана «шықпа жаным, шықпа» деп отыр».

Жемқорлық туралы пікірталасқа қатысушының тағы бірі бұл кеселге негізгі себеп – елде заң үстемдігі жоқ деп түсіндіріп, «советтік кезеңде сатушы бір тиын жесе де түрмеге қамалатын еді» деген мысал келтіреді.

ИНТЕРНЕТТІҢ ҚАС ДҰШПАНЫ

Сырт көз үшін жасалған өзгерістерге қарамастан Түркіменстанға ғаламторды либеризациялауға дейін әлі талай шаруа жасауға тура келеді. Бас кеңсесі Парижде орналасқан француздың «Шекарасыз репортерлер» ұйымы өз есебінде Түркіменстанды Солтүстік Корея, Бирма,
Facebook тәрізді әлеуметтік желілерге Түркіменстанда тосқауыл қойылған.
Қытай және Куба сияқты интернет десе аза бойы қаза тұратын елдер қатарына қосып қойды.

Бұл есепте интернетті өте қатаң бақылауға алған Түркіменстан үкіметі көптеген сайттарды міндетті түрде сүзгіден өткізіп, ұнамайтындарын жауып тастағаны айтылған.

Мәселен, жаңалықтар беретін шетелдік сайттармен қатар «Фэйсбук» немесе «Однокласник» секілді әлеуметтік сайттар жабылып қалған. «Ютуб» сайтына да тосқауыл қойылған.

Түркіменстанда интернет бағасы да қымбат, екінің бірінің қалтасы көтермейді. Интернет-кафеде ғаламторды шарлап бір сағат отырғыңыз келсе 2,1 доллар төлейсіз. Интернетті үйге қойғыңыз келсе сағатына 42 цент және оған қосымша айына 4,2 доллар төлеуге тура келеді.

Жер қойнауы табиғи энергоресурстарға бай бола тұра халқының 30 пайызы тақыр кедей, орташа еңбекақы мөлшері 200 долларға әзер жететін бұл елде әлгіндей баға тым қымбат саналады. Түркіменстанда интернеттің таралуына басты кедергілерді бірі де дәл осы қымбатшылық дейді көпшілік жұрт.

Pyramid Research телекоммуникациялық ұйымының зерттеулеріне қарағанда, Түркіменстанда үйіне интернет қостырғандардың саны 2009 жылдың соңында 13200 адамға жеткен. Интернетті пайдаланушылардың жалпы саны 127 мың шамасында. Елде бес миллиондай адам тұрады.

ЛАҚАП ЕСІМДІ ОҚЫРМАН

Түркіменстанда басылымдардың барлығын – жаңалықтар агенттіктерін де, радио мен телеарналарды да үкімет қатаң бақылайды.

talyplar.com сайтына Фейа есімді оқырман жазғандай, үкіметтің сойылын соғатын мемлекеттік ақпарат құралдары өзіне көрермен тарту үшін шөп басын сындыруға құлқы жоқ. «Олар тек Жаңа жылда ғана тәп-тәуір телебағдараламалар жасайды да, сонысын жыл бойы
Ашхабадтағы интернет-кафе, 12 мамыр 2008 жыл.
қайталап, жұртты мезі қылады», – деп жазады Фейа.

«Егер Түркіменстандағы ақпарат құралдарының бүгінгі жағдайын ескерсек, онда интернетті бұл елдегі балама көзқарастарға аз да болса жол беретін жалғыз орын деуге болады», – дейді «Шекарасыз репортерлер» ұйымының «Интернеттің дұшпандары» есебін дайындағандардың бірі Люси Морильйон.

Азаматтық қоғамның ұйысуына түрткі болуы мүмкін әлгіндей әлеуметтік сайттарға Түркіменстандағыдай автократиялық режимдер тыжырына қарайды деп санайды Люси Морильйон.

Сонымен бірге Морильйон ел келешегіне аз да болса үмітпен қарауға септігін тигізетін нышандар бар екендігін айтады.

«Кейбір блогшылардың елдегі өзекті мәселелерді ашық талқыға салуының өзі жақсылық. Бірақ бұл талқылаулар әрі қарай жалғаса ма, жоқ па? Әлде үкімет «бұлар бақылаусыз кетіп, саяси режимді шайқалтып жіберер» деген қауіппен интернетке қысымды күшейте ме?» – деген сауал тастайды.

Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан talyplar.com және teswirlar.com сайттары ұдайы ізденіс үстінде. Қазір оларды күніне жүздеген адам ашып қарайды, ал осыдан екі жыл бұрын бұларға тәулік бойында он-он бес адам ғана бас сұғатын еді.

«Фэйсбуктегі» сияқты бұл сайттарда да оны пайдаланатындар туралы ешқандай ақпарат жоқ. Пайдаланушылардың көпшілігі лақап атпен шығып, немен шұғылданатыны, қайда тұратыны туралы мүлде айтпайды.

СЫРТҚЫ ӘЛЕМГЕ САҢЫЛАУ

Алайда жазылған хабарларды қарай отырып, бұл сайттардың сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз саңылау екенін пайымдауға болады.

Шетелдерде оқып жүрген түркімен студенттері Түркіменстандағы отандастарынан елдегі жұмыс мүмкіндігі мен жалақы мөлшерін білгісі келеді.

Сол сияқты мектеп бітірушілерді де шетелдік оқу орындарының қабылдау емтихандары, оқу ақысы мен шетелде қанша ақшамен өмір сүруге болатыны қызықтырады. Түркіменстандық әлдекімнің: «Медицинаны қайда оқығаным дұрыс?» деген сауалына тағы біреуі: «Қырғызстан мен Беларуссияда немесе Украинада оқығаннан гөрі өз еліңде оқыған жақсырақ» деп жауап беріпті.

Мәселен, тағы сол Фейа жазады: «Қиын болып тұр. Оқу ақысына қоса пара да беруім керек екен. Бұл – бір емес, екі рет төлеймін деген сөз ғой. Оған қоса студенттер бюрократтардың бітпейтін жиналыстары мен митингілеріне қатысуға міндетті екен».

Владимир Торин деген оқырман talyplar.com сайтында: «Өз идеяңды жасырма. Егер басыңа идея келсе, дереу жүзеге асыр. Ал егер жүзеге асырғың келмесе, онда идеяның астына қолыңды қой да, жұртпен бөліс» деген маңызды кеңес жазыпты.