Әріптестері дәрігердің қазасына «Досқалиев ісінің қатысы жоқ» дейді

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев.

Сәрсенбі күні Астанада туыстары мен әріптестері марқұм Айгүл Жетімкаринованы ақтық сапарға шығарып салды. Осыған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев жатқан аурухананың жансақтау бөлімін басқарған дәрігер дүйсенбіде қайтыс болған.

«ІСІКТЕН ҚАЙТЫС БОЛДЫ»

Астанадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтың (ҰҒМО) директоры Абай Байгенжин осы мекеменің жансақтау бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Жетімкаринованың қазасына бұрыннан бар дерті себеп болғанын айтады.

– Айгүл Дәулетханқызы қазанның 18-і күні дүние салды. Ол кісіде қатерлі ісік болған. Сол ісік жүрегінің тоқтауына себеп болды. Бүгін біз әріптесімізді жерледік, – деді Абай Байгенжин сәрсенбі күні Азаттық радиосына.

Абай Байгенжин әріптесінің қазасын саясиландырмауды қалайды. Ол Айгүл Жетимкаринованың өлімі бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісіне байланысты емес деп отыр.

– Бұл оқиғаға қаржы полициясының түк те қатысы жоқ. Айгүл Дәулетханқызы бұрыннан бері ауырып келген. Ісік дегеннің не екенін білесіз... Әріптесіміздің қазасы соңғы жағдайлармен бір кезде болғаны – тек қана кездейсоқтық. Себебі, ісік пайда болған соң көп жағдайда оның соңы қазаға алып келетіні жасырын емес, – деді Абай Байгенжин.

Астанадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен, медицина ғылымдарының докторы, жоғары дәрежелі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Айгүл Жетімкаринова 25 жыл медицина саласында қызмет атқарған. Марқұм 48 жасында дүниеден өтті.

ДОСҚАЛИЕВ ІСІ

Әйткенмен бірқатар ақпарат құралдары марқұм дәрігердің қазасына «Досқалиев ісінің» әсері болуы мүмкін екендігін хабарлап отыр.

Мәселен, КазТАГ агенттігі қазанның 20-сы таратқан ақпаратта өз аты-жөнін атамаған дереккөзі Айгүл Жетімкаринованың қазасын бұрынғы министрге қатысты іспен байланыстырған.

«Орталықтың жансақтау бөлімінің меңгерушісі Айгүл Жетімкаринова жүрегі ұстап қайтыс болды. Ол созылмалы бауыр сырқатына шалдыққан болатын. Бұл оқиғалар [ҰҒМО дәрігерлерін Ж.Досқалиевке жалған диагноз қойды деп айыптау – ҚазТАГ] әсер етіп, ақыры қайғылы жағдайға алып келген сияқты», – деген агенттікке медициналық орталықтың қызметкері.

Ал «Стан» ақпараттық бейнепорталы, Жақсылық Досқалиевке «жалған диагноз қойған» деген күдікпен қаржы полициясы тергеуге алған дәрігерлердің арасында Айгүл Жетімкаринованың да болғанын хабарлады.

Қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап, Астанадағы ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жансақтау бөліміне жатқызылғаны, дәрігерлер оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен жемқорлық қылмысқа қатысты іс қозғап, қазанның 2-сі күні Астананың Сарыарқа аудандық соты Досқалиевті 10 күнге қамауға алу туралы шешім шығарған-ды.

Содан кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылғаны» туралы мәлімдеме жасап, ол жатқан аурухана дәрігерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қазанның 12-сі күні Жақсылық Досқалиев ауруханадан Астана қаласының тергеу абақтысына көшірілді. Сол күні Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрін қамауда ұстау мерзімін 10 тәуліктен 2 айға дейін ұзарту туралы қаржы полициясының өтінішін қанағаттандырған болатын.

Бейсенбі, қазанның 21-і күні Астана қалалық соты Жақсылық Досқалиевті абақтыдан үйқамаққа ауыстыру туралы экс-министрдің адвокаты берген өтінішін қарап, өз ұйғарымын жариялайды.