Үздік елу елдің қатарына ұмтылған Қазақстан тағы екі қадам артқа шегінді

Степногорск тұрғындары техногендік апат кезінде су кезегінде тұр. Жергілікті "Престиж" газетінің сайтындағы сурет. http://press.ucoz.kz

Дүниежүзілік экономикалық форумы (ДЭФ) әлемнің бірқатар елдерінде ақпараттық технологиялар және инфрақұрылымдардың дамуының кезекті - 2008-2009 жылдарға арналған рейтингін жариялады. 134 мемлекетті қамтыған рейтингте Қазақстан 73-ші орында тұр.

The Global Information Technology Report 2008-2009 рейтингінде Қазақстан өткен жылғымен салыстырғанда екі сатыға төмендеген. Сөз болып отырған зерттеуде Қазақстан постсоветтік мемлекеттердің арасында бесінші орында тұр. Эстония (18-ші орын), Литва (35-ші), Латвия (48-ші) және Әзірбайжан (60-шы) алғашқы алпыстыққа жайғасыпты.

Ал, Қазақстаннан төмен орналасқан мемлекеттердің зерттеудегі көрсеткіштері мынадай: Ресей 74-ші, Грузия – 88-ші, Молдова – 99-шы, Тәжікстан – 104-ші, Армения – 114-ші, Қырғызстан – 115-ші орында. Тізімді Дания, Швеция, АҚШ және Сингапур елдері бастап келеді. Швейцария, Финляндия, Ирландия, Норвегия, Нидерланды және Канада мемлекеттері де алғашқы ондықта тұр.

Жыл сайын жарияланып тұратын бұл рейтингті дайындау барысында Дүниежүзілік экономикалық форумының (ДЭФ) сарапшылары мемлекеттерді бағалағанда техникалық инновацияларды игеруіне, мемлекеттік сектор және бизнеске жоғарғы технологиялардың тартылу деңгейіне, жүйелі инфрақұрылымның деңгейіне, соның ішінде жеке және коммерциялық тұтынушылар ұсынатын IT сервистердің сапасы мен санына назар аударады.

ДЭФ мамандарының пікірінше, бұған дейінгі көрсеткіштерін жақсарта алған мемлекеттердің басым бөлігі жүйелі инфрақұрылымның, сондай-ақ болашағы бар байланыс құралдарының есебінен жоғарғы нәтижеге жеткен. Сондай-ақ, ұйымның баяндамасында көптеген мемлекеттер, соңғы екі жылдың көлемінде, ақпараттық технологияларды енгізу арқылы білім сапасы мен деңгейін елеулі түрде көтергендігі атап көрсетілген.

Қазақстан билігі үшін әлем елдерінің халықаралық рейтингтерінде республиканың алғашқы елуліктің қатарынан жыл өткен сайын алшақтай беруі «бәсекелестікке қабілетті елу елдің санатына ену» стратегиялық жоспарына ауыр соққы саналады. Қазақстандық сарапшылар да үздік елулікті көздейтін стратегияның бұрыстығын айтуда.

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ТҰРПАЙЫ КАПИТАЛИЗМ

«Азат» партиясының бас хатшысы Төлеген Жүкеев қазіргі басқару әдістері өзгеріссіз қала беретін болса, Қазақстан бәсекелестікке қабілетті елу ел тұрмақ, жақын арада алғашқы жүздіктен тыс қалуы мүмкін деп есептейді. Оның пікірінше, қазір республика шын мәнінде бәсекелестікке қабілетті елдердің қатарына емес, керісінше, сыбайласқан жемқорлыққа негізделген тұрпайы мемлекеттік капитализм орнату бағытына қарай дамып бара жатыр.

– Жыл өткен сайын біз үздік елу елдің қатарынан алыстап барамыз. Бұл, белгілі бір тұрғыда, дағдарыстың салдары да болар. Бірақ, басқа мемлекеттер де дағдарысты басынан кешіріп жатыр емес пе, - деді Төлеген Жүкеев. – Сондықтан, Қазақстан экономикасының даму бағыты бізді ілгері мемлекеттердің қатарына қоса алмайды. Бізге бәрін өзгерту керек. Экономикалық жүйенің өзі басқаша түзілуі қажет. Ал, экономикалық негізді түбірімен өзгерту үшін елдегі саяси институттарды өзгерту керек. Бәсекеге қабілетті авторитаризмнің уақыты баяғыда өтіп кеткен. Қазіргі таңда, жаңа экономика жағдайында, авторитарлық елдердің бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары мемлекеттер санатына енуіне мүмкіндігі аз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның мүмкіндігі жоққа саяды.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттердің бәсекелестікке қабілеттілігін анықтауда елдің инфрақұрылымының даму деңгейін ескеру өте маңызды екендігін айтады. Оның пікірінше, қазіргі таңда республиканың инфрақұрылымы елу елдің қатарына тартпайтындығы анық, бірақ соған жақындау жолында билік адасып жүр.

– Инфрақұрылым – бұл жолдар, энергетика, байланыс, басқа да қызметтерге еркін қосылу. Бизнес осы ортаға өзі-ақ келеді, өйткені, ол инфрақұрылым үшін тиын шығындамайтын болады. Мысалы, бізде ұялы байланыс алға дамымай тұр. Барак Обаманың жаңа бағдарламасының өзінде интернет қызметін арзандатуға арналған тармақ бар. Бұл, онсыз да біздің республикамен салыстырғанда, ондаған есе арзан байланыс қызметі бар АҚШ-қа арналған. Ал, байланыс қызметін арзандату былай тұрсын, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясында мүдделер қақтығысы бар – жарты акциясы мемлекеттің қолында, қалғаны – жеке меншікте. Бір бөлігі байланыстың арзан болғанын қаласа, екіншісі – көбірек пайда табуды көздейді. Индустриялық нысандарды салып не қажеті бар? Бірнеше жылдан соң олар да жеке меншікке өтетіндігі айтпаса да түсінікті. Бірақ, сол нысандардың өніміне сұраныс бола ма, сондай-ақ жекешелендіру сол ғимараттарды басып қалу үшін жүргізілмей ме, осы жағы бізге түсініксіз, – деді Әлихан Бәйменов.

ҚАРАҢҒЫ БӨЛМЕДЕГІ КӨЛЕҢКЕ

«Патриоттар» партиясының төрағасы, сенатор Ғани Қасымов болса әлемді дағдарыс қысып жатқан кезеңде мемлекеттердің рейтингін анықтаудың өзі қараңғы бөлмеде көлеңке қуумен пара-пар деп есептейді:

– Дәл қазіргі жағдайда барлық мемлекеттерге дағдарыстан шығу жағы маңызды болып тұр. Сіз қазір 73-ші орындасыз ба, немесе 48-ші орындасыз ба, ол жағын бағалап жатудың пайдасы шамалы. Өйткені, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда көрсеткіштердің барлығы да жүйесіз секіріп тұр. Осы тұрғыдан алғанда, сарапшылар пәлендей болжам жасаудан қашады. Ал, осы дағдарыстан мемлекеттер қалай шығады? Осы сұрақ маңызды. Яғни, Қазақстан дағдарыстан шыққанда 73-ші емес 23-ші орында тұрса не дейсіз? Сондықтан, кішкене күте тұрайық.

Қазақстанның даму деңгейіне қатысты экономист Қанат Берентаевтың өз есебі бар. Оның пікірінше, Дүниежүзілік экономикалық форумының сарапшылары Қазақстанды тым артық бағалап жіберген сияқты:

– Қазақстан үшін 73-ші орынның өзі өте жоғары сияқты. Өйткені, біздің қарқынды жобаларды, нанотехнологияны қолға алғанымызға он жылға жуық уақыт болып қалды. Ал, мемлекет басшысының өзі жақында осы айтылғандардың бәрі қағаз жүзінде қалғандығын, үкіметтің түк тындырмағандығын мәлімдеді. Қазақстанның экономикасы жаңа технологияларды игеруге әзір еместігін көрсетті. Одан қалды, білім саласында жүргізілген реформаларды есепке алатын болсақ, соның ішінде тестілеу жүйесі адамдарды терең ойлау қабілетінен айырып, қазіргі күні республикада адам капиталы озық технологияларды игеруге қабілетсіз дәрежеге жетіп отыр.

Сонымен қатар, Қанат Берентаев бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарына қосылу стратегиясының көздеген мақсатының өзі дұрыс емес деп есептейді.

– Алғашқы елуліктің немесе алғашқы ондықтың қатарына кіру деген секілді мақсаттар әдетте спорт саласында қолданылады, бірақ, мемлекет үшін осындай міндеттерді айқындаудың өзі дұрыс емес. Барша жұртшылықтың тұрмысын жақсартуды ғана біз кез келген экономиканың мақсаты ретінде анықтай аламыз. Дәл осы мақсатты шешетін экономиканы құрғанда ғана республика әлемдік деңгейде мемлекеттердің кез келген тобына еркін қосыла алады.

ҚР президенті Н.Назарбаевтың Қазақстанның «әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын» жариялағанына биыл үш жыл толды.