Азаттық радиосына берген сұхбатында «Атамекен» партиясының қуғындағы жетекшісі Ержан Досмұхамедов Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабы жайында пікір білдіреді. Сондай-ақ, Р.Әлиевтің Ә.Қажыгелдинмен одақтасуы туралы да айтылады.
«КІТАП НАЗАРБАЕВ ЖҮЙЕСІНІҢ ІШКІ ҚАТПАРЛАРЫН АШЫП БЕРДІ»
– Ержан мырза, Батыстың, атап айтқанда Батыстағы саясат айналасындағылардың Рахат Әлиевтің кітабына деген реакциясы сізге белгілі ме? Батыс баспасөзі бұл кітаптың шығуына қалай қарады?
– Олардың реакциясын Қазақстанның бүгінгі билеуші режиміне барынша сын көзбен қарайды деп сипаттауға болады. Мен кеше ғана (27 мамырда) «Шпигельдегі» сұхбатты оқыдым. Сонымен бірге, «Файнэншл таймс» газетіндегі және батыстың бірқатар ірі басылымдарындағы мақалаларды оқыдым.
Сөз жоқ, кітап Батыстың саяси ортасы мен баспасөзінің назарын аударды. Меніңше, кітапқа деген Батыстың назары біртіндеп арта бермек.
– «Өкіл қайын ата» кітабы жарыққа шыққаннан кейін Ақорданың қазіргі қожасына деген Батыс саясаткерлерінің көзқарасы немесе қарым-қатынасы өзгере ме?
– Сөзсіз! Өйткені, кітап негізінен деректі сипатта жазылған. Бұл кітапты жарыққа шығарған баспа да батыстыкі. Және еуропалық құқықтық заңнаманың аясында болғандықтан, аутормен қатар кітапта баяндалған фактілердің құжаттарға негізделгенін атап көрсеткен.
Мемлекеттік құпияға қатысы бар, жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметкерлердің бірі болған Қазақстан азаматының кітабының шығуы мемлекет тарапынан Қазақстанның барлық азаматтарының, сонымен бірге Қазақстан Республикасының аумағында тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін бұзатын әрекеттің іске асырылуына алып келді.
Атап айтқанда, әңгіме ақпаратты еркін алу мәселесі туралы болып отыр. Елдің ішінде іске асырылған заңдық сипаттағы шаралар, тиісінше, Қазақстанның адам құқын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерін бұзуға алып келеді.
Кітап ауторы мен баспа құжаттарға негізделген материалдарды жарияладық деп мәлімдеп отырғандықтан, бірқатар мәселелер туындайды. Бұған, міндетті түрде, халықаралық үкіметтік ұйымдардың, еуропалық және халықаралық құқыққорғау органдарының реакциясы болуы керек.
Мысалы, әңгіме мыналар туралы болып отыр:
а) Еуропалық Одақ аумағында іске асырылған кісі өлтіруге тапсырыс мүмкіндігі туралы;
б) Испания аумағында азаматты өлтіру, содан соң оны жасыру. Атап айтқанда, күдіктіге дипломатиялық паспорт берген Тоқаевтың оны жасыруы;
в) Сайлау қорытындыларын бұрмалау. Бұдан соң, автоматты түрде, Қазақстанның билеуші режимінің заңдылығы туралы мәселе қоюға тура келеді;
г) Мемлекеттік жоғары қызметкердің Түркия азаматының паспортын алуы да мемлекетке сатқындық жасалу мүмкіндігі туралы мәселені қозғауға негіз болады.
д) Сот үкімінсіз Қазақстан азаматтарын өлім жазасына кесу – көпе-көрнеу қылмыс.
Бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Мысалы, мәселенің тағы бір, саяси тұсы бар. Демократиялық елдерде режимнің заңдық жағынан өзін-өзі әшкерелеуінен соң саяси салдарлары орын алады.
Атап айтқанда, әңгіме көптен созылып келе жатқан қылмыс туралы – билікті басып алу мақсатында жасалған мемлекеттік төңкеріс жайында болып отыр.
Кітапта келтірілген фактілерге қарасақ, Қазақстанда мұндай айла-шарғылар болған. Бұған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен республиканың екі жас азаматын биліктің атқарушы тармағының жоғарыдағы өкілдерінің өлім жазасына кесу фактісі айғақ болады.
Кітап, сонымен бірге, назарбаевтық мемлекеттік жүйенің адамзатқа, демократияға қарсы генетикалық бет-бейнесін деректі түрде ашып берді. Кітап оның статикасын да, динамикасын да көрсеткен.
Жекелеген қылмыстық эпизодтарды талдай отырып, ол мемлекеттік билеуші элитаның Қазақстан қоғамын тұңғиыққа қарай тартып бара жатқанын көрсетіп берген.
Сондықтан да, мен «Өкіл қайын ата» кітабының шығуы жетекші демократиялық елдердің Қазақстанға қатысты пікірі мен бұдан былайғы саясатының, атап айтқанда, сыртқы саясат бағдарының қалыптасуына барынша ықпал етеді деп есептеймін.
«БҰЛ ҚАСАПХАНАДАҒЫ БЕЙШАРА ТОҚТЫЛАРДЫҢ МАҢЫРАҒАНЫНА ҰҚСАЙДЫ»
– Мұхтар Жәкішев пен «Қазатомпром» компаниясындағы оның орынбасарларының тұтқындалуы жайында сіз не айта аласыз? Оның тұтқындалуы, сіздің ойыңызша, елдің, сол ұлттық компанияның жұмыс барысындағы беделіне ықпал ете ме? М.Жәкішевті тұтқындаудың артында кімнің мүддесі тұруы мүмкін?
– Қазақстанның саяси шыңында билікті қайта бөліске салу процесінің жүріп жатқаны түсінікті. Тиісінше, Қазақстандағы билік дегеніміз – ресурстарға қол жеткізу. Бұл – экономикалық ойындарды қалыптастыруға қол жеткізу. Тиісінше, басшыға жақындау орналасқан өрмекшілердің белгілі бір тобы басқа өрмекшілерді жеуде. Жәкішев те осы әңгіменің ауылынан.
Мен тағы бір нәрсені айтқым келеді. Біздегі белгілі 25 кәсіпкердің үндеуі күлкілі көрінеді. Бұл қасапханада бауыздалайын деп тұрған тоқтылардың бейшаралықпен маңырағанына ұқсайды.
Мына бір жағдайды еске салғым келеді. 2007 жылы біздің тізерлеп тұрған жерімізден тұрып, орта таптың партиясын құруға мүмкіндігіміз болған еді.
Сонда осы тоқтылардың барлығы жабыла маңырап, бизнесмендерге саясатқа араласудың қажеті жоқ деген болатын. Айтпақшы, «Өкіл қайын атаның» басындағы Әлиев пен Назарбаевтың әңгімесінен бүгінде Жәкішевті бостандыққа шығаруды жалбарына сұрап жатқандар үшін дәл осындай рөл белгіленген.
Кітапта айтылғандай, Назарбаевтың өзі солардың барлығы оның «қармағында» тұрғаны туралы мәлімдеген.
Мен оларға гольфи киіп, қолдарына сары шарлар ұстап, соңғы сайлауда президентке қолдау ретінде түсірген клипке ұқсас, Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне арналған ән айтып клип түсірулеріне кеңес беремін.
Олар өз әндерінде Қазақстан кәсіпкерлігінің бақытты балалық шағы үшін президентке алғыс айтуларына болады. Клиптің соңында бүкіл халықтың алдында көсемнің портретін сүйсе, тіпті қатып кетеді. Дәл сол кезде олардың тізерлеп тұруларына кеңес берер едім.
Жәкішевтің тұтқындалуы Тимур Құлыбаев туралы бұған дейін айтылып келген ойды, оның біртіндеп билікке жақындап келе жатқандығын растап отырғанын айта кеткім келеді.
Тасмағамбетов, Шабдарбаев, Мұхамеджановтар – билікке келудің үлкендеу тетіктері. Яғни, олардың жеке амбициялары Тимурдың тасадан берілген қаржылай көмегінсіз жүзеге аспайды. Оның Назарбаевқа жақын болуы да маңызды.
Қайын атасының темпераментін, психико-психологиялық ерекшеліктерін жақсылап зерттеп алып, бұл білімді өз әкесі Асқар Құлыбаевтың баяғыдан келе жатқан, бірақ жүзеге аспаған амбицияларымен толықтырып, ол Шабдарбаевтың да, Тасмағамбетовтің де, Мұхамеджановтың да кіші жоспарларын өзінің бас жоспарына біріктіре алды.
Квятковская мен Сағадиевтер – Тимурдың қолынан бұрыннан бері жем жеп жүрген кішкентай ғана қуыршақтар. Бір кездері солардың қатысуымен болған сценарийлердің куәсі болғандығымнан бұны жақсы білемін.
Ең қызықтысы, Тимур өзінің жоспарына мемлекет басшысын шеберлікпен енгізе білді. Әлиевтің қолымен ол президенттің ел ішіндегі заңдылығының қалдығын жойды. Ал, кітап шыққан соң, оның халықаралық беделін де түбіріне дейін қиратып тастады.
Сөйтіп, «Руслан мен Людмила» ертегісіндегідей Черномор-қайын атаның сиқырлы сақалы кесіліп қалды. Тимур оның басына сайқымазақтың қалпағын кигізіп қойды. Енді Тимурға бұдан былайғы плацдармына апарар жолды тазалауға қажеттінің бәрі бар.
Қайын атасын батпаққа шеберлікпен батырған Тимур бүгінде сенімнен шықты және сасқалақтаған шалдан керегінің бәрін арсыздықпен алып болды.
ҚАЗАҚ ОППОЗИЦИЯСЫНЫҢ 1 МАМЫРЫ
– Әкежан Қажыгелдиннің оппозицияны біріктіру туралы әрекетіне және 1 мамырда азаматтық наразылық шарасын өткізу туралы бастамасы туралы не айтасыз?
– Қажыгелдиннің және басқа да жалған оппозиционерлердің ұраны мен Ертісбаевтың «бәрібір біріге алмайсыңдар» деген арандатушы сөзінің бір мезетте болуы таң қалдырады.
Бүгінде билеуші режим барлық жағынан, саяси да, экономикалық та жағынан қақырап жатқанда оған қарғыны оңай тағуға болатын «оппозициялық» деп есептелетін бір мойын керек.
Осындай «біртұтас оппозициялық» партияның көмегімен билікке халықтың аузын жабу әрқашан оңай болады. Әкімшіліктің көлеңкедегі парламентті, енді міне, біріккен оппозициялық партия құруға құмарлығының мағынасы осында.
Менің жауабым мынау. ҰҚК-нің, президент әкімшілігінің қолынан жасырын түрде жем жеп тұратын «оппозиционерлерге» мен ешқашан да сенбеймін.
Яғни, Қажыгелдин және ко.-ның аузынан шыққан президент әкімшілігінің кезекті сайқымазағына қатысу туралы қандай да бір әңгіменің болуы мүмкін емес. Саяси процесс эволюциялық сипатта болуы керек. Сондықтан, бақытты оппозициялық болашаққа ешкімді сүйрелеудің қажеті жоқ.
Тоталитарлық мемлекет жағдайында азаматтық қоғамда туындайтын ең әлсіз деген тәуелсіз дауыстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. «Сен бізбен бірге болмасаң – бізге қарсысың» деген принциппен ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ.
Ертеде аюды бекерден-бекер кішкентай иттермен аулаған жоқ. Олар жан-жақтан шәуілдей жүріп ашулы аңды инфарктке дейін жеткізген. Әкімшілік азаматтық қарсыласудың қалдықтарын бір жерге топтап алып, бір ғана соққымен оны ұрып алмақ. Бірақ, олай болмайды.
– Сіздің өзіңіздің көзіңіз жеткеніндей, «Өкіл қайын ата» атты кітабында Рахат Әлиев премьер-министр Кәрім Мәсімовті сонау СССР-дың кезінде-ақ КГБ-ға қызмет етті деп жазады. Және бұған әлдебір құжаттық дәлелдерін келтіреді. Ал, кейбір оппозиция жетекшілеріне қатысты сіздің таққан айыптарыңыз жалаң сөзден ғана тұрады. Егер осындай айыптар сізге де тағылса сіз тиімді жауап бере алар ма едіңіз?
– Ол жалаң сөздер емес. Ақпарат баспасөзге Қазақстанның арнаулы қызметтерін басқарған екі генералдан – Әлиев пен Мұсаевтан түскен. Маған белгілісі, бұл ақпараттар қарсы бағытталған адамдар тарапынан заң жүзінде ешқашан жоққа шығарылған емес.
Атап айтқанда, Қажыгелдин туралы ақпаратты Еуропадағы жетекші үкіметтік емес ұйымның директоры Михаел Лабушпен болған кездесуде Әлнұр Мұсаев айтты. Бұл кездесуге мен тікелей қатыстым.
Біздің барлығымыз Еуропалық Одақтың заңнамасының аясындамыз. Бұл үшін сот-құқықтық механизмдер бар. Бұған қарсылық білдіріп немесе өзінің адалдығын сақтап қалғысы келгендер үшін Еуропа соттарының есігі қашанда ашық. Егер қандай да бір ақпарат шындыққа сай келмесе, бірінші болып өзім кешірім сұраймын.
– Баспасөзде виртуалды болса да, Ә.Қажыгелдиннің, М.Әблязовтың және Р.Әлиевтің мықты «үштікке» бірігуі туралы әңгіме талқыланды. Сіздің ойыңызша, мұндай одақтың пайда болу мүмкіндігі қандай?
– Бұл бірігу ендігі болып қойды деп айтса да болады. Бұл адамдардың барлығы Еуропалық Одақтың аумағында тұрады. Менің білуімше, олардың арасында белсенді түрде келіссөздер жүруде. Және олар ортақ пікірге де келген сияқты.
Бұл ақпаратты тексеріп көруге болады деп ойлаймын. Оның үстіне, сіздерде бұл үш адамның үшеуімен де байланыстың барлығына сенімдімін. Тимур Құлыбаевтың командасына қарсы тұру үшін олардың қаржылық және интеллектуалдық ресурстарын біріктіру тұрғысынан қарағанда мұндай одақ логикаға сәйкес келетін сияқты деп ойлаймын. Олардың күштерін біріктіруге себеп бар. Демек, бұл мүмкін.
– Егер олар бір одаққа біріге қалған жағдайда, «Атамекен» партиясының қуғындағы жетекшісі Ержан Досмұхамедовтің бұл үштікке қосылу ойы бар ма?
– Мен бұндай сұраққа талай мәрте жауап бергенмін. Егер әңгіме Қазақстандағы орын алып отырған зұлымдықты принципті түрде түбірімен жою туралы болып отырса, егер барлық күш біреудің эгоистік жеке амбициясына емес, біздің еліміздің қозғалыс бағытын дамыған демократиялық қоғам жағына қарай бұруға бағытталған болса, онда мұндай одаққа мен шын ықыласыммен қосыламын.
Мен күшті біріктіруге болмайтын негізді көріп тұрған жоқпын. Мұндай жұмысты жүргізу керек. Оның үстіне, дәл қазір батыста жүргізу керек.
Өйткені, Қазақстанның аса бай билеуші режимі өзінің күңгірт тартқан имиджін жақсарту және батыстың саяси ортасының көзін байлау үшін ондаған, тіпті жүздеген миллион долларды жұмсауда.
Бұндай ағарту жұмыстарын, батыстың демократиялық құралы арқылы билеуші режимге ықпал ету үшін жүргізу керек. Ал, батыс құралы дәл қазір Қазақстандағы оқиғалар барысына ықпал етуге болар бірден бір механизм.
Қазақстанның ішінде азаматтық қоғамның өркендері толықтай бейтараптандырылған. Баспасөздің тілі толықтай жұлынған. Халықты барынша қорқытып тастаған. Қараңызшы, тіпті 1 мамырда адамдар (Әкежан Қажыгелдиннің шақыруымен) жай ғана көшеге шығуға қорықты...
«САХАН АПА - ҚАЗАҚТЫҢ БАС АПАСЫ БОЛҒАН ЕДІ»
– Ержан мырза, біздің сұхбатымыз туралы алдын ала телефонмен болған әңгімеде сіз 130 жас ғұмыр кешкен Сахан Досова жайында айтқым келеді деген едіңіз. Бұл біздің сұхбаттың тақырыбына кірмесе де бір ауыз сөз айтсаңыз.
– Біздің еліміздегі баспасөздің қасаңданып, қатып қалғаны соншалық, бұл тақырыпқа назар аудармағаны таң қалдырады. Сахан апаның қайтыс болғандығы туралы ақпарат мені қатты қапаландырды.
Кішкентай ғана әлсіз аяққа жабайылықпен салынған гипс пен марқұмның кереуетінде жетімсіреп жатқан таяқ бейнеленген фотосурет менің есімде мәңгілік қалады. Өзінің «Ақиқаттың ақ жолы» атты кітабында біздің «күн сәулелі» бірінші президентіміз әр отбасының өзінің апасы болса бақытты болар еді деп дәл айтқан.
Иә, біздің қоғамымыздағы қариялар халық даналығының қайнар көздері. Отбасы жылуының, бірліктің және дәстүрдің күзетшілері. Сахан апа қазақтың ең басты апасы болды. 130 жасқа келген осы бір кішкентай ғана, бірақ ерік-жігері мықты адам Қазақстанның атын шығаруға өзінің үлесін қосты.
Планетадағы ең көп жасаған адам туралы британ баспасөзіндегі мақаланы мақтанышпен оқығаным есімде. Патшалық және Сталиндік режимнен аман өткен ол кісінің шамасы Назарбаевтың режиміне келмеді. Қарағанды әкімшілігінің сұрап алғандай бергені – екінші сортты жаман пәтердегі алғашқы кеште-ақ өлімші болып мертікті.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет, Ержан мырза.