Шығыс Қазақстанда су тасқынынан жүздеген отбасы үйсіз қалып, ондаған мың мал қырылды

Қызылсу басқан Көкжыра ауылы, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.

Су тасқыны әсіресе Тарбағатай ауданына қатты тиді. Су басып қалған ондаған елдімекендегі бірнеше мың адам үйлерін тастап бас сауғалауға мәжбүр болды. Ауданда қазірдің өзінде 11 мыңнан астам мал басы шығын болған.

ЖЕТІ ЖҰТТЫҢ БІРІ

Ресми мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратын, сондай-ақ 42 қыстақты су басып қалды. Солардың жарымынан астамын қайта жөндеуге келмейді деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті.

Мекеме таратқан мәлімет бойынша, табиғат апатынан Көкжыра, Сұлутал, Жантікей, Көктүбек, Қызылкесік, Қызылжұлдыз ауылдары
Тасқын су Көкжыра ауылына кіретін жолдың үстін тұтас алып кетті. Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.
оразан зиян шеккен. Бұл ауылдардың тұрғындары Сәтпаев, Ақсуат және Қарғыба ауылдарындағы мектептерге көшірілген.

Аймақта барлығы 3077 адам эвакуацияланды деп хабарланды. Олардың көбі су басқан ауылдарын өз күштерімен тастап шыққан.

Көкжыра ауылының тұрғыны Гүлзия Омарова, бейсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, эвакуацияланған тұрғындарды орналастыратын ғимараттар тапшы екендігін айтты.

- Сәрсенбі күні бізді Қарғыба ауылындағы мектепке алып келді. Бұған дейін Сәтпаев ауылында сегіз күн жатқан едік. Мұнда Көкжыра мен Сұлутал ауылдарының 150 тұрғыны бар. Қалғандары Ақсуат және басқа да ауылдардағы мектептерге бөлініп кетті, - деді Гүлзия Омарова.

Оның айтуынша, 17-ші наурызда эвакуацияланған тұрғындар бұл ауылды да ұзақ тұрақтамайтын сыңайлы.

Қызылсу басқан Көкжыра ауылының биіктен көрінісі. Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің суреті.
- Сәуірдің 4-і күні мектептерде сабақ басталады. Тағы бір жерге көшіреміз дейді. Бірақ қайда көшетініміз әзірге белгісіз. Біз қазір мектепте тұрып жатырмыз ғой. Сабақ басталғанға дейін мына жерді босатып беруіміз керек, - деді Гүлзия Омарова.

Көшірілген тұрғындардың арасында мүгедектер, қарттар мен бала-шаға көп екендігі хабарланып отыр.

Гүлзия Омарованың айтуынша, тұрғындар ендігі тағдыры үшін алаңдайды.

- Су тасыған кезде дүние-мүлікті алып шығуға мүмкіншілік болмады. Өзіміздің қалтамызда ақша да жоқ. Ауыл тұрғындарының табысы да көп емес. Үй-жай, қорадағы малдың бәрі суға кетті. Содан бала-шағамызға киім-кешек ала алмай отырмыз, - дейді Гүлзия Омарова.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК

Алматыда «Шығыс Қазақстанға көмек» гуманитарлық акциясы жарияланды. Мұрат Әуезов, Қабдеш Жұмаділов, Бекболат Тілеухан және
Оңнан солға: Ерлан Сайыр, Қабдеш Жұмаділов және Дидахмет Әшімхан "Шығыс Қазақстанға көмек" гуманитарлық акциясының басталғаны туралы баспасөз-мәслихатында. Алматы 25 наурыз 2010 жыл.
басқа да қоғам қайраткерлері су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек жинаумен айналысып жатқандарын айтты.

Бірақ көмек қорына бөлінетін қаржы аймақта зардап шеккендерге жетпей, жарты жолда мақсатсыз жұмсалып кетпесе екен деп алаңдап отырғандар да бар.

- Жақында Алматы облысындағы Қызылағаш ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 1 миллиардтан астам теңге бөлінген екен. Бірақ оның кімнің қолында, қандай мақсатпен ұсталғаны әзірге белгісіз, – деді “Ел – шежіре” қоғамдық қорының президенті Дидахмет Әшімхан.

Бұл уақытта ауа райын болжайтын «Қазгидромет» мекемесі 26-29 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан облысында күннің жылынуы мен жауын-шашынға байланысты су деңгейі көтеріле беретіндігін ескертіп, соған байланысты аймақ тұрғындарын аса сақ болуға шақырып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметінің деректері бойынша, биылғы су тасқыны салдарынан Шығыс Қазақстан облысында жалпы саны 7,3 мың адам эвакуацияланған.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін Алматы облысындағы тасқын сумен күреске жұмылдырылған күштер енді елдің шығысына жіберілген. Олар Шығыс Қазақстан облысында тасқын судан төнетін қатердің алдын алу және тасқын зардаптарын жою шараларымен айналысатын болады.