Қайта құру Кәрішал Асанов тәрізді көптеген шындық іздеушілерге дем берді. Бірақ, жылымық өткен соң, Қазақстандағы санаулы диссиденттердің кейбірі неоавтократтарға қосылды, енді біреулер күресін ары қарай жалғастырды.
3-бөлім
КӘРІШАЛ АСАНОВ МИХАИЛ ГОРБАЧЕВТЫ ЖАН-ТӘНІМЕН ҚОЛДАДЫ
Сонымен, 1985 жылдың көктемінде Совет Одағында билік басына жас бас хатшы Михаил Горбачев келді. Оның келуі совет адамдарының желсіз тымықта қалғыған мамыражай өміріне күрт өзгеріс әкелді. Михаил Горбачев алғашқы күндерден-ақ қайта құру мен жариялылық жайында айтып, ескі партиялық аппараттың оралымсыздығы мен бюрократизмін сынай бастады. Халықты белсенділік көрсетіп, қағидатшылдық танытуға, өзінің бастамасын қолдауға шақырды.
Михаил Горбачевтың шақыруына алғашқы болып құлақ асқандар – билікпен қақтығыс көрген, қуғынға ұшыраған, еркін рухты жандар болды. Қазақстанда ондайлардың бірі Кәрішал Асанов еді. Ол советтік коммунистердің партиялық көсемін ынта-жігерімен қолдады. Тағдыр оған оралымсыздықпен күресуге, көшбасшылыққа ұмтылуға тағы бір кезек ұсынып тұрғандай еді.
Осы сәттен бастап қаһарманымыздың өміріндегі ең күрделі әрі ерлікке толы күндері басталды.
СОКП ОК-нің сәуірдегі пленумындағы Михаил Горбачевтың сөзінен кейін жасаған алғашқы қадамдары туралы Кәрішал Асанов былай еске алады:
«Горбачевтың сәуір пленумындағы баяндамасын оқып шығып, енді менің күрес бастайтын күнім туды деген ойға келдім. Әуелі ойыма оралғаны өзімнің пьесам болды. Ғабит Мүсіреповтың өзі жоғары бағалаған сол пьесамды көре алмаған күншілдер оның жолын байлап қана қоймай, сол үшін мені қудалады ғой. Бұл — республикалық партия бюрократтарына соққы берудің мықты көзірі емес пе?»
Ал, енді байқаңдар, бәлем! Екі күннен соң Кәрішал Асанов өз пьесасының төңірегінде болған оқиғаларды баяндап, Дінмұхамед Қонаевтың атына арыз жазды да, онысын Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежановқа апарып берді. Дүйсетай Кәрішалдың студенттік жылдардағы жолдасы болатын, бірақ, қалай Қонаевтың көмекшісі болды, сол мансабына малданып, Кәрішалмен араласуды доғарған еді. Оның үстіне шулы адаммен араласу да ол үшін қауіпті болды.
Әйткенмен, бұл жолы Дүйсетай Бекежанов оны жылы жүзбен, ескі досындай құшақ жая қарсы алды. Екеуі уайымсыз-қамсыз жастық шақты, өткен күндердің қызығын еске алды. Дүйсетай арызды Біріншіге жеткізуге сол жерде уәде берді.
«Бәрі жақсы болады!» – деп сендірді Дүйсетай Кәрішалдың иығынан қысып тұрып. Және де ол уәдесін орындады. Кәрішалды бұрын үзілді-кесілді қабылдамаған Дінмұхамед Қонаев бұл жолы жаймашуақ ықылас танытты. Арызына оң көзқарас білдірген Қонаев қолын қойып, пьесаға кең жол ашты.
Екі күн өтпей жатып, Қазақстан Компартиясы ОК мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мәркен Шайжүнісов К.Асановтың үйіне телефон соғып, өзіне шақырды. «Өмірім ертегідегідей өзгеріп сала берді» – деп еске алады Кәрішал Асанов.
«Шайжүнісов әңгімені менің шығармашылығыма Дінмұхамед Қонаевтың жақсы көзқарас білдіргенінен бастады. Әуелі пьесаны журналға шығарамыз, содан кейін театрда қойылуына тапсырма береміз деді ол. Түһ, бұл күнге де жеттім-ау, дедім іштей», - деп әңгімелейді Кәрішал Асанов.
Расымен-ақ, көп ұзамай, 1985 жылдың қазанында пьеса «Жұлдыз» әдеби журналында жарық көрді. Бұл – үлкен жеңістің алғашқы қадамдары болып көрінді.
Ендігі қалғаны – пьесаның театрда қойылуын күту еді. Алайда, пьеса қойылмаған күйі қалды. Баяғы сол болмашы себеппен: мәскеулік қайта құрудың әуресімен кадрларды ауыстыру науқаны киіп кеткендіктен, басшыларда Асановтың пьесасын ойлайтындай мұрша болмады. Шайжүнісов обком хатшысы болып Гурьевке кетті де Асановтың пьесасы қайтадан сандық түбіне түсті.
АСАНОВ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМЫНА ТАЛАСУДА
Михаил Горбачев қайта құру туралы айтқан сайын Кәрішал Асановтың саяси шайқасқа аңсары ауа берді. Үлкен өзгерісті аңсады. Барлық жұмыс істеген жерінде өзін өте сауатты, болашағы бар және қағидатшыл қызметкер ретінде танытқанын Кәрішал ұмытқан жоқ. Сол үшін де қуғынға көп ұшырады. Ал, одан қабілет-қарымы төмен, бірақ ұстанымы жоқ әріптестерінің биік қызметтерге көтерілгенін көрді. Жетеді енді, бәрін өзгерту керек: қателіктерді түзетіп, кедергілерден арылу қажет. Мұны шынайы коммунист Кәрішал Асанов істемегенде, кім істейді?
Көп толғанып жатпай-ақ, Кәрішал Асанов өмірдегі басты еңбегі – «Тәуелсіздік елесі» кітабын жазуға кіріседі. Кітаптың бастапқы атауы басқаша еді. Әртүрлі жағдайларға байланысты жұмыс созылып кетті, біресе кейінге қалдырылды, енді бірде қосымшалар қосылды, түзетілді және толықтырылды дегендей. Тек жарияланатын кезде түпкілікті атауына ие болды.
Бұл еңбекті Қазақстанның үш басшысы – Дінмұхамед Қонаев, Геннадий Колбин және Нұрсұлтан Назарбаев дәуірлерін Кәрішал Асановтың әшкерелегені туралы кітап деуге болады.
Әуелгіде еңбек кітап емес, бас хатшы Михаил Горбачевтың атына ашық хат ретінде жазылмақ еді. Кәрішал Асанов оны 1987 жылдың басына қарай аяқтауды жоспарлаған-ды. Бірақ, 1986 жылдың аяғында кенеттен Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы жоспардың тас-талқанын шығарды. Сондықтан хатты (көлемі жағынан тұтас бір брошюраға бара-бар) Мәскеуге 1988 жылдың желтоқсанында ғана жіберудің сәті түсті.
Хатта екі түрлі талап қойылған еді. Бірінші – Кәрішал Асанов Горбачевтан ССРО Конституциясының 72-бабына сәйкес Қазақстанға көптен күткен егемендігін беруді талап етті. Ол уақытта бұл өте батыл талап болатын және елдегі саяси процестердің дамуынан бір жыл ерте айтылған еді.
Екінші талапты да батылдыққа, тіпті батылдық емес, өңмеңдікке балаған дұрыс шығар. Қазақ мемлекеттік университетінің көпшілікке беймәлім доценті Кәрішал Асанов Михаил Горбачевтан Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы лауазымынан Геннадий Колбинді дереу босатып, оның орнына өзін қоюды талап етті.
Бірақ, СОКП ОК-нде Кәрішал Асановтың хаты бірінші жолғыдай әсер туғызбады. «Қазақстандағы саяси ахуал туралы» деп басталатын бірінші хатты СОКП ОК-нің кеңсесіне 1985 жылдың күзінде Кәрішал өз қолымен тапсырған еді. Және сол хат, Асановтың өзі айтқандай, СОКП ОК қызметкерлерінің үлкен қызығушылығын туғызған.
1986 жылдың жазында, Желтоқсан оқиғасынан жарты жыл бұрын, Асановты ойда жоқта Қазақстан Компартиясы ОК шақырып алып, қолына Мәскеуге баратын билет ұстатады.
Мәскеуде ол елдің ең маңызды адамдарының бірі, СОКП ОК кадр мәселесі жөніндегі хатшысы Георгий Разумовскиймен үш сағат сөйлеседі. Разумовский Кәрішал Асановтың хатымен СОКП ОК-нің барлық жауапты қызметкерлерінің, оған қоса Саяи бюро мүшелерінің танысып шыққанын айтты. Хат оларға ұнаған. Екеуара әңгіме тәп-тәуір басталған. Кәрішал Асанов Георгий Разумовскийге анық ұнады. Әңгіме барысында ол оған жауапты қызмет – СОКП ОК инспекторы болуды ұсынады. Кәрішал Асанов келіседі.
Бірақ, кенеттен, Георгий Разумовский Асановты бір қитұрқы сұрақ қойып, тексермек болады да: «Қазақстанда орыстардың құқығы неге шектеледі?» дейді. Бұл сұраққа Кәрішал Асанов анау күтпеген оқыс жауап береді.
«Георгий Петрович, сіз не деп отырсыз? Қазақстанда орысқа қысым жасалғанын қашан көріп едіңіз? Егер ол жақта құқығы шектелген жан бар болса, ол – қазақ қана. Жай ғана мысал: Қазақстан Компартиясы ОК-нің алты хатшысының төртеуі орыс», - деп салады Кәрішал.
Осылайша Кәрішал Асановтың әрең дегенде басталайын деп тұрған мансаптық жарқын болашағына тура сол жерде, СОКП ОК-нің хатшысы Георгий Разумовскийдің бөлмесінде нүкте қойылды.
Георгий Разумовский онымен сөз таластырып жатпады. Ол өз алдында отырған адам – нағыз ұлтшылдың өзі деген қорытынды жасап, әңгімені сол тұста доғарады.
Кәрішал Асанов егер сол сәтте өзінің ұлттық мәселе жөніндегі тұжырымдарын Георгий Разумовский мұқият тыңдаған болса, кейін Алматыда Желтоқсан оқиғасы болмас еді деген сенімде.
ГЕННАДИЙ КОЛБИННІҢ ДОСТЫҒЫ МЕН ҚАСТЫҒЫ
Желтоқсан оқиғасы басталғанда ел басына туған нәубет күндермен қатар өз басына да үлкен қауіп-қатер төнгенін Кәрішал түйсігімен сезді. Георгий Разумовскийдің өзіне әшкерелеуші көзқараспен қарағаны оның есінде жатталып қалған еді. Асанов батыл мінезділігі, еркін болмысымен әлдеқашан-ақ мәшһүр болғаны былай тұрсын, қорқыныштысы сол – Мәскеуде оны ұлтшыл деп санады.
Қазақстанның партиялық шенеуніктері бір-бірін сатып, кінәнің бәрін бір-ақ артып құтылу үшін айналадан, әсіресе жоғары оқу орындарынан ұлтшыл іздеп жатқан кезде Кәрішал Асанов нәубеттің алдын алмаққа көшеді.
Ол Қазақ мемлекеттік университетіндегі жиналыстардың бірінде Геннадий Колбинді қолдаған шулы мәлімдеме жасайды да іле-шала бұл турасында Михаил Горбачевқа жеделхат жолдайды. Кәрішал Асанов өзін партократтар мен мансапқорлардың қолына тапсырып қойып, қарап отырғысы келмеді. Бір жағынан қалыптасқан ахуалды қазақтың пайдасына жаратып қалғысы да келді.
«Қазақ халқына сеніммен және шындықпен қызмет етуге дайынмын деп Колбиннің өзі мәлімдеп тұрғанда, мұнысын пайдаға жарату керек», - деп шешді Кәрішал Асанов.
Өзін елдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнындағы бір доценттің қолдағанын естіген Геннадий Колбин оны өзіне жақындатуды ойлайды. Қазақстандық коммунистердің жаңа көсемі Геннадий Колбин бірінші рет Кәрішал Асановты 1987 жылғы қаңтардың 5-інде қабылдады және сол жерде өзіне көмекші болуды ұсынды (ғаламат мансапқа ие болудың кезекті мүмкіндігі!).
Бұл ұсыныстан Кәрішал бас тартпағанымен, әуелі бір тілегінің барын айтады: СОКП ОК-нің 1987 жылғы қаңтар пленумында сөз сөйлеп, бүкілодақтық аудиторияға 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын айтуға мүмкіндік беру. Оның бұл тілегі Геннадий Колбинге аса ұнай қоймады. Өте қауіпті тақырыпты қозғау кімге ұнасын!? Мұндай тілегі бар адамға жауапты қызмет ұсынудың да жөні жоқ.
Ахуалдың өз пайдасына қарай өзгермегенін байқаған Кәрішал Асанов қоштасар алдында: «Елдегі ахуал туралы шынайы ақпарат алып отырғыңыз келсе, сіздің шыншыл кеңесшіңіз болу керек», – деген сөз тастайды.
Кәрішал Асанов Геннадий Колбинмен бас-аяғы бес рет кездеседі. Асановты тереңірек таныған сайын Колбин оның өзіне керек адам емес екенін түсіне берді. Ол Асановтан «жасырын ұлтшылдықтың» табын көрді, оған қоса бағынбас, өжет мінезділігін байқады. Оның үстіне Асановты жек көретін Колбиннің маңайындағылар – қазағы да, орысы да қарап қалмады: бір ауыздан оны қаралаумен болды.
Бірте-бірте Геннадий Колбин Кәрішал Асановты жек көріп кетті. Көзқарасының нашарлағаны сондай, Колбин жоғары оқу орындарының жетекшілері қатысқан кеңейтілген мәжілісте Асановты күстаналауға дейін барды. Ол Асановты қайта құруды өзінің жеке басының қамына пайдаланғысы келеді деп айыптады. Кейіннен газеттердің бірінде Асановтың атына кір жағуға жол берді.
Сол мезеттен бастап Кәрішал Геннадий Колбинге ашықтан ашық қарсы шықты. Біразға созылған текетірестен кейін Асанов жеңіске жетіп, Колбин одан ресми түрде кешірім сұрады.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АСАНОВҚА НАЗАР АУДАРДЫ
1987 жылдан бастап Кәрішал Асановтың тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызығушылығын арттырды. Атқарушы билік атына жан-жақтан сын айтылып жатқан тұста Қазақстанның болашақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев диссидентпен достасқанды жөн көреді. Мұны түсінген Кәрішал Асанов оның қабылдауына баруға тырысады.
Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің 23-інде Кәрішал Асановты өз бөлмесінде қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаев әңгіме барысында Асановқа саяси ойынға түсіністікпен қарап, сенімді адамыма айналсаң қызметте көтерілуіңе септесемін деген ыңғай танытты. Тіпті, қандай қызмет беретінін де айтып қалды.
Кәрішал Асанов сол сәттер жайлы былай дейді: «Мені қызмет қызықтырған жоқ. Егер мені әділдік емес, қызмет қызықтырған болса, 1986 жылдың маусымында-ақ СОКП ОК-нің инспекторы болып кетер едім. Мен халықтың тағдырына алаңдадым. бейкүнә халыққа 1937 жылғыдай нәубет келмесе екен дедім. Кез келген жолмен оның алдын алу керек еді. Ондай іске жоғарыдан ықпал ететін адам қажет болды. Бірақ, Колбинді де, кейіннен Назарбаевты да әлдекімдер ақыры менімен байланыспауға азғырып тынды. Екеуі де берген уәделерінде тұрмады».
Нұрсұлтан Назарбаев Кәрішал Асановпен қоштасарда егер шұғыл кездесу керек болса, көмекшісі Владимир Нимен хабарласу керектігін айтты.
«Маған Колбин мен Камалиденов шүйліккен соң республика басшыларының атына ашық хат жазып, әлгі Ниге апарып бердім. Колбин мен Горбачевқа хаттың бір-бір көшірмесін жолдадым. Келесі күні Ниге телефон шалғанымда ол мені Назарбаевтың қабылдамайтынын айтты. Демек, Нұрсұлтан Колбиннен қорқады деп ойладым», – деп Кәрішал Асанов республиканың бірінші басшыларына қарсы шайқастың қалай басталғанын еске алады.
Ертесіне Қазақ мемлекеттік университетіндегі партиялық ұйымның пленумы өтті. Ол жиынға Кәрішал Асанов Колбиннің атына бағытталған сыни хатпен келді.
Елде қайта құру қарқын алып келе жатқан шақ, сол себепті төрағалық етуші: «Қазір заман жаңарды, сөз алдын ала даярланған тізім бойынша берілмейді. Қалаған жанның бәрі сөз сөйлей алады», – деді. Төрағалық етуші кім сөйлегісі келетінін сұрағанда Кәрішал Асанов бірінші болып сұранды.
Кәрішал Асанов өзіне тән салмақтылықпен аспай-саспай: «Қадірлі жолдастар, қайта құру жағдайында Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің атына жазылған ашық хатымнан үзінді оқуға рұқсат етіңіздер», – деп бастады.
Ол хатында Геннадий Колбиннің ауытқушылығы мен қызмет бабын пайдакүнемдік мақсаттарға пайдаланғаны аяусыз сыналған еді.
Сол сәттерді есіне түсірген Кәрішал Асановтың айтуынша, хат пленумға қатысушыларға (ОК бөлімінің меңгерушісі, обком, қалалық, аудандық комитет хатшылары отырған) жаман әсер етті. Кейбірінің бетінен қорқыныш аңғарылып, әбден азапқа түсті.
Бүлікшіні тоқтату үшін жиынға төрағалық етуші Кәрішал Асановтың сөзін бөліп: «Уақытыңыз бітті», – деді. Кәрішал бұған жайбарақат жауап берді: «Жарайды, мен болдым. Бірақ, жуырда ғана лениндік салтанатта сөйлеген Николай Рыжков [сол кезгі ССРО Министрлер кеңесінің төрағасы]: «Сынаушы мен сыналушының арасында теңдік болу керек», - деп еді. Қайда сол теңдік? Саяси бюро мүшесі Қонаевты кез келген жерде, қалаған уақытта сынауға болады екен де, ал ОК мүшесі Колбинді орыс болғаны үшін сынауға болмай ма?»
КӘРІШАЛ ТАҒЫ ДА БИЛІКТІҢ КӘРІНЕ ІЛІНДІ
Осыдан кейін Кәрішалдың нағыз ізіне түсу басталды. Жиын өткен күннің ертеңінде таңертеңнен факультетте оның жеке ісін қарау үшін бес адамнан комиссия құрылды. Не үшін оқыстан Колбин жолдасты сынағанын, оған кім рұқсат бергенін баяндап, шұғыл түрде түсініктеме жазуын талап етті.
Ал, Кәрішал Асанов түсініктеме жазудың орнына өзге бір хат жазуға кірісті. Жанжалдың мән-жайы баяндалған хатты Михаил Горбачевтың атына бағыттады. Геннадий Колбин Асановты өзіне қайта шақыруға мәжбүр болды.
Республиканың бірінші басшысы Геннадий Колбин мен қатардағы коммунист Кәрішал Асановтың арасында болған әңгіме мынадай еді.
Геннадий Колбин:
– Сізді ешкім қуғындамайды. Бәрі жақсы болады.
Кәрішал Асанов:
– Біз мұнда жалғызбыз, бізді ешкім естіп тұрған жоқ. Ал, мен сізге сенемін. Бірақ, осы бөлмеден тыс адамдар мені жау санайды. Себебі, сіз мені сынадыңыз. Ол газет бетінде де жарық көрді. Ал, енді менің жаман адам емес екенімді айтып, газетке жариялаңыз. Немесе телеарнаға сөйлеген сөздеріңіздің бірінде айтыңыз.
Геннадий Колбин:
– Жоқ, біз арнайы комиссия құрамыз, сол өзінің шешімін шығаратын болады.
Кәрішал Асанов:
– Олай болса, күрес те жалғаса береді. Өзіңіз біліңіз, мен мұнымен тоқтамаймын.
1988 жылдың басында Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков болды. Ол бірден Кәрішал Асановты шақырып алып, оның Геннадий Колбиннің атына бағытталған сыни хатына жауап беруді талап еткен СОКП ОК-нен хат келгенін жеткізді. Әңгіме төрт сағатқа дейін жалғасты. Асанов Колбиннен өзіне қатысты газетте жарияланған сыни сөздерді жоққа шығаруын сұрағанын, бірақ оның созып келе жатқанын айтты.
«Жақсы, онымен сөйлесейін», – деп уәде етті Өзбекәлі Жәнібеков сөз соңында.
Мамыражай мамыр күндерінің бірінде Өзбекәлі Жәнібеков Кәрішал Асановқа телефон шалып, СОКП ОК-іне берер жауаптың мәтінін оқып берді. Кәрішал мәтінмен келісті. Ондағы жазылғаны: «Михаил Горбачевтың атына жолданған хат иесімен әңгіме жүргізіліп, барлық даулы мәселелер өз шешімін тапты» деген сөздер еді.
Ал, кейінірек, 1988 жылдың маусымында өткен Қазақстан Компартиясы ОК-нің пленумында қорытынды сөз сөйлеген Геннадий Колбин айна-қатесіз былай деді:
«Қайта құру, қоғамдық өмірді демократияландыру идеясына сынды тұншықтыру, сыни көзқарасы үшін қуғындау оқиғалары елеулі нұқсан келтіруде... Мәселен, әртүрлі келеңсіз құбылыстармен шын жүрегімен күрескен, кемшіліктерге төзе алмаған Қазақ университетінің оқытушысы Кәрішал Асанов та осындай жағдайға душар болған. Адамға құлақ асып, ортаға салған мәселесін шешудің орнына оны жалақор, арызшыл, тіпті қайта құрудың қарсыласы етіп шығарған».
Сол күннен бастап Кәрішал Асанов Геннадий Колбинмен соғысуды тоқтатты. Оның ұраны: «Жығылғанды жұдырықтауға болмайды» деген мәтел еді.
Кәрішал Асановтың жүрегіне Өзбекәлі Жәнібековке деген терең сыйластық орнады. Ал, уәдені беріп-беріп, сын сағатта тастап кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа деген көзқарасы мүлдем бөтен еді.
Жалғасы бар.